- Advertisement -

Түлектеріміз туған жерді ұмытпайды

52

- Advertisement -

Халықтың әдет-ғұрпы – оның мәдениетінің ерекшеліктері. Ел әдептілік пен мәдениеттілікті қалыптастыру жолында имандылық пен инабаттылықты, ізеттілікті ұрпағына үйретіп отырған. Әдет-ғұрып негіздері: ырымдар, тыйымдар, әдеп, салт-дәстүрлер.
Ырым – жақсылықтан өнеге алып, оған жету үшін жасалатын әрекет. Ұлы адамдардың қолтаңбасын алу, олар отырған орынға отыру, сол адамдарға ұқсау, «жолын берсін» деп ниет ету де ырымға жатады. «Аластау», «ұшықтау», көктен жауын тілеп тасаттық беру, жаңа түскен келіннің жолы ақ, бақытты өмір сүруі үшін отқа май тамызу сияқты ырымдар да бар.
Қорағаты ауылының 1973-2001 жылдар аралығында дүниеге келген жастары Жастар жылы аясында ауыл мешітінде іс-шара өткізді. Оған ауданның бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев шақырылды. Қорағатының Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе (бұрынғы 1, 2, 3 бөлімшелері) ауылдарының тұрғындары, ауыл қариялары мен жастар бұл шарадан сырт қалған жоқ.
Шара барысында ауданның бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев: «Отанды сүю иманнан» дегендей, патриот болу, отбасын қадірлеу үшін қызмет ету керек. Жастар – біздің болашағымыз. Ендеше білімді, білікті, иманды болыңыздар», – деп ізгі тілегін білдірді. Өмірден өткен ата-бабалар рухына құран бағышталды. Сондай-ақ ауыл тұрғыны Талғат Шопалов осы жиында ұлының атын азан шақырып «Тәуекел» деп қойды. Оған ауданның бас имамы батасын берді. Ардагер аналар Шуақ Оспанова мен Бәтен Нұрмағамбетова Алмат Кенжебекұлын бесікке салып, дәстүрді жаңғыртты. Ауыл азаматы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жорабек Әнуарбекұлы Олжабай Дастанның тұсауын кесті. «Дастархан» әнін алтын алқа иегері Алпыскүл Боранбаева бастаған Гүлназ Пірімқұлова, Күлипа Керімбаева сынды қыз-келіншектер нақышына келтіре айтып, Ғалия Жанғазиева «жеті күнге жақсы тілек» атты өлең шумақтарын оқыды.
Осы күні әлеуметтік жағдайы төмен үш отбасыға азық-түлік үлестірілгенін және өзге де ізгі істерді сөз еткен ауыл имамы Нұрдәулет Байхожаев қуанышымен бөлісті. Өткен жылы Жақсылық Медеров, Мақсат Таңатов бастаған 1971 жылы дүниеге келген 20 түлек ауылымызға арка қойған еді. 1972 жылы дүниеге келген түлектер Қорағаты ауылының мешітінде ауыл тұрғындарына ауызашар бергені де есте. Қуат Мұсабеков пен Айгүл Ақторпақова бастаған олар биыл мешіттің жаңа асханасына 100 адамға есептелген ыдыс-аяқ тарту етті. Біз оларға разымыз.

Доқтыркүл ЕСІРКЕПҚЫЗЫ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support