Әуелгі Әулиеата өңірінің әлеуеті қандай еді?

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Тарихшы болғандықтан, қашанда өткенге көз жүгіртіп, елдің бүгінгі жеткен биігін бағалау, саралау әдетке айналған. Содан айтулы мерейтой қарсаңында орталық және өңірлік мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттар мен кітапханалардағы тарихи әдебиеттерді және күнделікті баспасөздегі материалдарды қайта оқып шықтым. Сондағы түйген ойым – өңір тарихын бүгінгі күн сұранысына сәйкес қарастыру мәселесі өзекті екен. Атап айтқанда, облыста 1939-2019 жылдары қалыптасқан жалпы әлеуметтік-саяси жағдайларды Отанымыздың кеңестік және тәуелсіздік кезеңдеріндегі тарихына үйлестіріп және ішкі оқиғаларды елдегі тарихи құбылыстармен байланыстыра отырып, қайта қорыту қажет.Әулиеата өңірі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қараған. Қазан төңкерісінен кейін осы аттас облыс құрамында болып, алғашында РКФСР-ға кірген Түркістан АКСР-інің, кейіннен КСРО құрамындағы Қазақ АКСР-інің, ең соңында КСРО құрамындағы Қазақ КСР-інің қарамағында болған. Тиісінше әкімшілік-территориялық қатынаста да атаулар кезегімен өзгеріп отырды. Мәселен, Сырдария облысы, осы аттас губерния, округ (губерниялық, округтік бөлініс кезінде), ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, одан жеке бірліктер ретінде 1938 жылы Қызылорда облысы және 1939 жылы Жамбыл облысы бөлінеді.
Құрамына Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлінген – Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Свердлов, Талас; Алматы облысынан бөлінген Красногор, Қордай, Шу және Шу ауданынан бөлінген Көктерек, барлығы 10 аудан кірген облысымызда 1939 жылдың желтоқсанында алғашқы шақырылған «Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі» сайланып, оның алғашқы сессиясы 1940 жылдың 8-9 қаңтарында өтеді.
Облыстық кеңестің атқарушы және билікті жүзеге асырушы органы облыстық атқару комитеті болды. Алғашқы шақырылған облыстық кеңестің І сессиясында атқару комитетінің – жер, қаржы, сауда, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, жол, өнер ісі жөніндегі басқарма, автомобиль транспорты басқармасы, тамақ өнеркәсібі басқармасы, юстиция халкоматының басқармасы секілді мекемелер бекітілді. Мән беріп қарасаңыз, облысымыздың құрылған кездегі әлеуеті соншалықты салмақты емес екендігі бірден байқалып тұр.
Әрине, 1918 жылғы аштық пен 1928 жылғы кәмпескелеудің, 1931 жылғы күштеп ұжымдастыру мен 1932-33 жылдардағы алапат аштықтың кесапатты зардабын көріп, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қасіретін қудаланған «халық жауларымен» бірге тартқан өңірдің бірден еңсесін тіктеп кете алмасы бегілі. Мәселен, өз алдымызға облыс болған кезде Жамбыл қаласындағы коммуналдық шаруашылық органдарына тиесілі үйлердің саны 395- тен аспаған, ал аудандар бойынша олардың саны 625-ке әрең жеткен. Ал орталықтағы көптеген ғимараттарды облыстық мекемелер алып отырғандығын ескерсек, сол кездегі тұрғын үй мәселесінің өте күрделі екеніне көз жеткізесіз. Себебі 1939 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәліметтерге сүйенсек шаһарда 62723 адам тұрған.
Сол кезеңдегі инфрақұрылым жүйесі мәселесіне келсек, қала мен аудандардағы 3 электр стансасы мен бірнеше жергілікті жерде құрастырылған кішігірім электростансалар негізінен өнеркәсіп орындарының қажеттілігін өтеуден аса алмады. Жеке үйлерге Ильич шамы жетпеді. Сондықтан көшелерді жарықтандыру туралы сөз де қозғалмағаны белгілі. Ал облыстағы жалғыз қала – Жамбылымызда жол мәселесі қаперге де алынған жоқ. Осылайша қала көшелеріндегі 150 шақырым жолдың тек 11 шақырымы ғана тегістеліп жөнделсе, тротуарлардың жөнделген бөлігі 1 шақырымға да жетпеді. Ал жаңадан құрылған өңірдің жол жөндейтін стансасында бар болғаны 10 автомашина, 7 трактор, 1 мотокаток, 8 металлприцепті каток, 13 грейдер, 1 металл үтік, 9 механикалық күрек, 14 ат күрек, 4 арыққазғыш ғана болды.
Сумен қамтамасыз ету іс-шаралары жүргізілмегендіктен, тұрғындардың көпшілігі суды арықтан алып ішті. Дегенмен жамбылдықтар қол қусырып қарап отырған жоқ. Соның арқасында Кеңес одағының І (1928-1932) және ІІ (1933-1937) бесжылдықтарында Әулиеата өңірі кішігірім жетістіктерге қол жеткізген еді. Мәселен 1936 жылы қалада ірі «Металлист» артелі құрылды, ол кейін «Коммунмаш» машина құрастыру зауытына айналды. Сол жылы кірпіш зауыты іске қосылса, 1938 жылы жөндеу- механикалық зауыты өз жұмысын бастады. Бұдан сәл бұрынырақ Жамбылда Кеңестер одағындағы ең ірі қант зауыты ашылып, ол күндігіне 12 мың центнер өнімді өңдеп отырды.
Жалпы облысымыз құрылған кезеңде өңірімізде 20 өнеркәсіп орны жұмыс істеп, онда 3,4 мың адам еңбек етті. Ал 1940 жылы Жамбылда темір жол торабы, 2 автобаза, почтампт, телефон стансасы және 4 құрылыс ұйымы жұмыс атқарды. 18 мектепте 10 мың оқушы оқыса, 3 орта оқу орнында 1000 адам білім алды. Қаладағы 252 төсектік емханада 27 дәрігер жұмыс істесе, осы кезеңде облыс бойынша ауылдық медициналық пункттердің саны 88-ге жеткен. Дегенмен 70 фельдшерлік пункттің тек 62-сі ғана тұрғындарға қызмет көрсетті. Қалғаны меджұмысшылардың жоқтығынан қаңтарылып тұруға мәжбүр болды. Облыс бойынша барлығы 141 төсектік 4 перзентхана болса, орталықтағысы – 33 төсектік 1 перзентхана, Красногорда 14 төсектік 2 перзентхана, колхоздарда 24 перзентхана еді. Соның тек 38 төсектік 11-і ғана жұмыс істейтін. Қаладағы 4 бөбекжайда 140 бүлдіршін тәрбиеленсе, ауылдардағы 4 балабақшада – 118, аудан орталықтары мен совхоздардағы 16 мекемеде – 446 бала, барлығы 704 балғынның денсаулықтары мен тәрбиесі қадағаланып отырды.
Ауылдарда медициналық кадр өте қат болды. Өңіріміздегі дәрігерлік участоктарда тек 11 дәрігер жұмыс істесе, жоғарыда айтылған 62 фельдшерлік пункттің тек 52-сі фельдшерлермен қамтылып, қалған 10-ында олардың орнын медбикелер толықтырды. Жалпы, сол кездегі облыстағы 20 дәрігерлік пункттің біреуінің ғана жағдайына тоқталсақ. Мысалы, Свердлов ауданының орталығы Михайловка селосындағы дәрігерлік пункт сабанмен жабылған ескі үйшікте орналасқан еді. Осы мекемеде 1938 жылы Харьков мединститутын бітірген Каган Софья Наумовна дәрігер болып жұмыс істеді. Дәрігерлік пунктке ат арба берілгенімен, стационарда не жұмсақ, не қатты инвентар болған жоқ. Төсеніш және жамылғы мәселесі 50 пайызға ғана шешілді. Ауданның денсаулық сақтау саласын Нехорошко, жұқпалы аурулар стансасын В.Г.Кириченко басқарды. Байқасаңыз, емдеу мекемелеріндегі қызметкерлердің барлығын дерлік депортацияланған басқа ұлт өкілдері құраған. Бұл үрдіс Ұлы Отан соғысы жылдарындағы эвакуация кезінде одан әрі үдей түскендігі белгілі.
Сол жылдарда халықтың тіршілігі мен денсаулығын сауықтыруға нақты қандай іс-әрекеттер жасалынғандығы облыстық мемлекеттік мұрағаттың 399 қорындағы мәліметтерде көрсетілген. Деректердің бірінде Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің 1941 жылдың 7 маусымында өткен мәжілісінде облыстағы денсаулық сақтау саласының ахуалы қаралғаны жазылған. Осы жиында көптеген мәселелер көтеріліп, облыстық медициналық қызметтің жақсармай тұрғандығы, соның ішінде балалардың арасында әртүрлі аурулардың ауыздықталмай отырғандығы, колхоздардағы акушерлік және фельдшерлік пункттерді мамандармен қамтамасыз ету жайы шешімін таппай келгені құжатта көрсетілген. Осыған орай, депутаттар облыстық кеңесінің атқару комитеті арнайы шешім қабылдап, кемшіліктерден қорытынды шығарып, оны орындауды облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Мамед-Багир Алиұлы Ибрагимовке жүктеген екен. Ал жергілікті жерлердегі көріктендіру мен санитарлық жағдайды түзету үшін әрбір колхоз, совхоз кемінде 1 монша салуды қолға алып, мұны 1941 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орындауды тапсырған. Аудандық кеңестердің атқару комитеттеріне, ауылдық кеңестерге, ұжымшар төрағаларына шаштараз ашу міндеттелген.
Сондай-ақ халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында барлық колхоздарда құдықтарды іске қосып, ескісін жөндеп, бұлақ көздерін тазалау, қажетті жерлерге қоқыс қалдықтарын төгетін жәшіктер қою секілді мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Көгеріштендіру жұмыстарын жүргізіп, мүмкін болған жағдайда мәдениет және демалыс саябақтарын салу мәселесі де осы шешімде көрініс тапқан. Колхоз көшелерін, аулаларды таза ұстау үшін тұрғылықты жерден 200 метр қашықтықта тезекті отын ретінде пайдалануға тыйым салу қажеттігі де айтылған. Колхозшылардың гигиенаны сақтауын қадағалап, жұқпалы ауруларды тарататын паразиттерге, шыбын-шіркейлерге, тышқандарға қарсы күрес жүргізу міндеттелген. Колхоз клубында, қызыл бұрыштарға, мектептерге көрнекі құралдарды пайдалану жүктелген.
Осының бәрі азаматтардың білім деңгейін көтеруді талап еткендігі анық. Сондықтан 1936 жылы медбикелер дайындайтын курстың базасында (негізінде) медициналық училище ашылғанда, бұл жаңалық өңірдегі ең үлкен әлеуметтік оқиғаға баланған еді. Сонымен қатар 1929 жылы Әулиеатаға Шымкенттен көшіріліп әкелінген Қазақ педагогикалық техникумының да өңіріміздегі ұстаздар дайындау ісіне үлкен үлес қосқандығын айтуға болады.
Жалпы, мұрағаттан табылған құжаттарда жергілікті атқарушы билік тарапынан халықтың денсаулығын нығайту мақсатында ауқымды шаралардың қолға алынғандығы көрініп тұр. Ал ол іс-шаралардың неліктен жүзеге аспағандығының бір парасын қарастырылып отырған дереккөзге қоса тіркелген атқару комитетінің мына шешімінен көруге болады: «Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Ибрагимовтің өзі басқарып отырған салада жіберілген кемшіліктерді мойындамауына байланысты Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары Молотова бастаған (мүшелері Қиянов, Әбдікерімов) арнайы комиссияға 1941 жылдың 15 шілдесіне дейінгі аралықта облыстық денсаулық сақтау саласындағы қаржы қымқыру, дебиторлық қарыз, көптеген емдеу мекемелеріндегі жиһаз бен төсек-орындардың жетіспеушілігі, тамақтың нашарлығы және осы мақсатқа бөлінген қаржының толық жұмсалмауы және осындай басқа да кемшіліктердің бетін ашу тапсырылады».
Бірақ көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, осындай игі істер жүзеге асырылмай, кешеуілдеп қалған еді. Халқымыз бұл сынаққа да төзді. Қиындыққа төтеп берді. Оған тарих куә.

Сейдехан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

микро займ на карту