- Advertisement -

«Тараз» волейболшылары қарсылас шыдатпады

39

- Advertisement -

Волейболдан арулар арасындағы жоғары лига ойындары Тараз төрінде түйінделді. Біріншілік барысында қарсылас шыдатпаған «Тараз» волейболшылары шешуші турда да шын мықты екендіктерін әйгіледі. Екінші орында орналасқан команданың өзінен тым қатты ұзап кеткен жерлестеріміз кезекті ойындарында жақсы көңіл-күйде жүрді. Бірінші күні Батыс Қазақстан облысының «Грация» командасымен ойнаған біздің қыздар қарсыластарын бұйым құрлы көрген жоқ. 3:0 есебімен тас-талқанын шығарды. Волейболшыларымыз асып-саспай, шабуылда да, қорғаныста да өздерінің шеберліктерін байқатты. Әсіресе тосқауыл қою кезіндегі сауаттылықтары жанкүйерлерді желпінтіп тастағанын айта кеткен жөн. Бұдан соң шымкенттік «Қазығұрттың» аруларымен бақ сынасқан біздің қыздар тағы да басымдылық танытып, көрермендердің ризашылығына бөленді. Теміртаудың «Металлург» волейбол клубы да «Тараз» командасының алдында дәрменсіздік танытты.
Жарыстың соңғы күнінде жергілікті волейболшылар Қостанайдың «Қостанай» волейбол клубына қарсы алаңға шықты. Аламанның аутсайдерлері саналған қостанайлықтар біріншілікте топ жарып қойған «Таразға» қарсы бірінші кезеңде тәуір ойын көрсетіп, 26:24 есебімен жеңіске жетті. Біздің арулар бұдан соң қаһарына мінді. Екінші сетте 25:22 есебімен басым түскен «Тараз» волейболшылары үшінші және төртінші сетте «Қостанайдың» қорғанысының сау-тамтығын қалдырмады. 25:11, 25:9 есебімен ұтып, біріншілікті сәтті аяқтады. Шешуші сетте «Тараздың» бапкері жастарға сенім артты. Желпінген жас қыздарымыз қостанайлықтарға еш мүмкіндік қалдырмағанын көріп, біз кәдімгідей қуанып қалдық.
Сонымен жоғары лигада бақ сынаған «Тараз» арулары біріншілік барысында бірде-бір мәрте жеңілмей топ жарса, екінші орын Батыс Қазақстан облысының «Грация» командасына, үшінші орын Шымкенттің «Қазығұртына» бұйырды. Осылайша «Тараз» волейболшылары ұлттық лига жолдамасын қалтаға салды.
Енді «Тараз» волейбол клубы жоғары лигада ойнауы тиіс. Өйткені жолдама қолда. Дегенмен жоғары лиганың да өз ережесі бар екенін қаперден шығаруға болмайды. Ережеге сенсек, команданың 23 жасқа дейінгі екінші құрамы (дубль) болуы керек. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар осы мәселеге назар аударғандары дұрыс деп есептейміз. Олай болмаған жағдайда мәселе ушығуы да ықтимал көрінеді.
24 ойында 24 мәрте жеңіс тойын тойлаған «Тараздың» волейболшы аруларының шеберлігіне сүйсінбегендер кем. Жоғары лигада жоғары орыннан көрінген аруларымыз алдағы уақытта ұлттық лигада да жарқын жеңістерімен қуантса дейміз. Сол күнге бірге жетейік!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support