- Advertisement -

Меже – айқын, міндет – ауқымды

38

- Advertisement -

Елбасының «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жүктеген міндеттер аясында ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылу үстінде. Байзақтықтар барлық салада да еңбек өнімділігі арттырылуына қол жеткізуде. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының өзінде өнеркәсіп кәсіпорындары 1140,8 миллион теңгенің өнімін өндіруі соның бір нақты айғағындай.
Ал ауыл шаруашылығы саласында 3426,0 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 106,2 пайызды құрады. Негізгі қорға салынған инвестиция сомасы 1541,8 миллион теңгеге жетіп отыр. Бөлшек сауда айналымы 2425,9 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 217,7 пайызға жоғарылағаны байқалуда.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар да өз жемісін беріп отыр. Бүгінгі күні аудан бойынша нақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 5549 бірлікті құрайды. Оның ішінде 2767-сі шаруа және фермер қожалықтары, 2543-і жеке кәсіпкерлер, 1-еуі орта, 238-і шағын кәсіпкерлік нысандары.
Аудан экономикасының жетекші буыны – ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігі арасындағы 2017-2021 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру туралы келісімге сәйкес, биылғы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын 53545 гектар алқапқа орналастыру межеленген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,7 гектарға артық. Жалпы биыл егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында қант қызылшасы, көкөніс-бақша, арпа және мал азықтық дақылдарына басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта егістіктерде себу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бүгінде егіс алқаптарына тамшылатып суару технологиясын енгізу қарқын алып келеді. Жүйектеп егу тәсілімен егілген көкөніс алқаптарының бұған дейін шаруалар әр гектарынан 40-50 тонна көкөніс алынып келсе, тамшылатып суару технологиясын қолданған сәттен бастап өнім мөлшері 100-120 тоннаға артып, су үнемдеу технологиясының тиімділігіне көз жеткізіп отыр. Өткен жылы тамшылатып суару 1240 гектар алқапқа енгізілген болса, биыл 90 гектарға артып, аудан бойынша 1330 гектарға жеткізу белгіленді.
Ауыл шаруашылығы техникасының паркі де жыл сайын жаңартылуда. Биыл 6 шаруашылық жалпы құны 71 миллион теңгені құрайтын 4 трактор, 3 ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг жүйесімен сатып алды.
Айта кету керек, ауданда соңғы жылдары кәсіпкерлердің жылыжай салуға деген құлшынысы артып келеді. Соның есебінен оның аумағы 6 гектарға артты. Жылыжайдан бүгінгі таңда 100,4 тонна қияр жиналып, өңір нарығының сұранысын қанағаттандыруда. Алдағы уақытта 4 жылыжай салу жоспарланып, кәсіпкерлерге тиісінше 12 гектар жер телімі бөлініп берілді.
Мал басы да жылдан-жылға артып келеді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 2543,4 тонна ет, 6749,3 тонна сүт өндірілуіне қол жетіп отыр. Ауыл шаруашылығын дамытудың бір жолы – кооперативтер құру десек, бұл іс те бүгінде күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Барлығы 50 кооператив құрылып, оның 9-ы қарқынды түрде жұмыс істеуде. Биыл тағы да осындай екі агроқұрылым құру межеленген. Тиесілі несиелері қолдарына тисе, 1 құс өсіру, 6 сүт және 5 ет өндіру бағытындағы кооперативтер өз жұмыстарын жандандыратын болады. Олардың техникалық базасын жаңарту мен мүйізді ірі қара малын алуы үшін қажетті несие сомасы 405,0 миллион теңгені құрады. Мәселен, «Көк Жайлау» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы несие алып, Чехиядан 90 бас симментал тұқымды сиырлар сатып әкелді. Ендігі жерде қожалық жалпы құны 177 миллион теңгені құрайтын сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда.
Индустрияландыру картасы аясында бірнеше жоба қолға алынып отыр. Нақтырақ айтсақ, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС 6 құс өсіру нысанын іске қосып, фабриканың өндірістік қуатын 800 тоннаға дейін арттырмақ. «Алель Агро» АҚ-ы қуаттылығы жылына 20 000 тонна бройлер етін өндіруге есептелінген құс фабрикасын, ал «Л.Жабатаева» жеке кәсіпкерлігі жалпы құны 430 миллион теңгені құрайтын көкөніс өнімдерін қалбырлау цехы мен сыйымдылығы 3 мың тонналық сақтау қоймасын салу жобаларын жүзеге асырғалы отыр.
Тұрғындарды жер телімімен қамтамасыз ету ауданда баяғысынша өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Жалпы жер телімін алуға ауданда 5800 адам кезекке тұрған. Осы мәселені шешу мақсатында 2019 жылға аудан аумағындағы 14 елді мекеннің әкімшілік-аумақтық құрылымының шекарасын белгілеу және бекіту жұмыстары жоспарланып, оған бюджеттен 6,7 миллион теңге қарастырылды. Сарыкемер ауылы бойынша бас жоспарға сәйкес 50 жер пайдаланушының 217 гектар (Бәйтерек округі бойынша 9 шаруашылықтың 47,6 гектар жері) жер телімін мемлекет мұқтажы үшін қайтару жұмыстары басталып, 15 жер пайдаланушының 67 гектар учаскесінің құнын бағалау жұмыстары аяқталып, бюджеттік өтінім дайындалуда. Сонымен қатар үш ауылға 45 гектар жерге инфрақұрылым құрылысы аяқталып, Жетібай ауылында 52 азаматқа жер телімі берілді. Мырзатай мен Қостөбе ауылдарында жер телімдерін беру үшін тұрғындардың құжаттары рәсімделу үстінде.
Аудандық маңызы бар автожолдардың жөнделуіне облыстық және аудандық бюджеттен 485,9 миллион теңге бөлініп, аудандық мәндегі 4 автожол, 5 көпір мен темір бетонды құбырлары, 5 елді мекен көшелеріне орта, 8 аудандық мәндегі жолға ағымдағы, 2 елді мекен көшесіне шағал тас төсеу жоспарлануда.
Бүгінде аудандағы 43 елді мекеннің 20-ы таза ауызсумен қамтылған. Өткен жылы құны 1 миллиард 498 миллион теңгеге Абай, Кеңес, Мырзатай, Тегістік ауылдарына таза ауызсу құбыры тартылды. Сондай-ақ жерасты су қорлары анықталған 6 елді мекенге таза ауызсу құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамасы алынды. Сонымен қатар тағы да 2 ауылдың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу басталды. Биыл Талас ауылының ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 242 миллион теңге бөлінді.
Тұрғындарды табиғи отынмен қамтамасыз ету де жүйелі шешімін тауып келеді. Аудандағы 43 елді мекеннің 26 ауылы газбен қамтылған. Өткен жылы 5 ауылға газ құбыры тартылған еді. Бүгінгі таңда 228 үй газ құбырына қосылып, оның игілігін көруде. Қазіргі таңда 9 ауылға газ құбырын тарту үшін облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаралып отыр. Ағымдағы жылы Жақаш, Қарасу, Көкөзек, Төрегелді, Қайнар, Сарыбарақ, Шахан, Ақжар ауылдары мен Үшбұлақ стансасына «көгілдір отын» тартылады деген үміттеміз. Қалған ауылдарды газдандыру 2020, 2021 жылдарға жоспарланып отыр.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Қарапайым заттар экономикасын» іске асыру мақсатында бүгінгі таңда 20 кәсіпкердің жобасы зерделеніп, оның ішінде 6 жоба қаржыландыруға жіберілді. Қалған 14 жоба, соның ішінде, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қызмет көрсету және сауда салалары бойынша жобалар жинақталды. Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы «Бизнес Бастау» жобасы бойынша бірінші кезекте 53 азамат оқып жатыр. Келесі оқуға 622 азамат жолданып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауданымызға 2019 жылға қосымша 948,0 миллион теңге бөлінуі жоспарлануда. Жоба аясында жарықтандыруға 372,6, білім нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 241,3, спорт – 72,5, мәдениет – 52,6, жолдарды 107,9 миллион теңге, сонымен қатар жұмыспен қамту орталығының ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізуге 7,2 миллион теңге бөлу көзделген. Барлығы 29 жоба іске асырылады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда аудан бойынша 5 мектеп күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның үшеуінің (Ш.Уәлиханов, Абай, Н.Гоголь атындағы орта мектептерінің) күрделі жөндеу жұмыстарына 2018 жылы жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал Түймекент, Бурыл орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық- сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 9 миллион 398 мың теңге қарастырылды. 2018 жылы құрылысы басталған Ақшолақ ауылындағы 120 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы (сметалық құны 564,2 миллион теңге) 2019 жылдың тамыз айында аяқталады.
Жұмыспен қамту – ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Бүгінде халықты жұмыспен қамту орталығына өтінішпен қайырылған 1056 азаматтың 886-ы жұмыспен қамтылғанын, тұрғын үй көмегіне мұқтаж азаматтарға бюджеттен 650,0 мың теңге бөлініп, 32 отбасының коммуналдық шығындары төленгенін де атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ табысы төмен, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар санатындағы 222 отбасына демеушілер есебінен 2,3 миллион теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді. Мұндай шаралар жекелеген шаруашылықтар тарапынан да жүзеге асырылуда.
Медициналық қызмет сапасы және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары да бойынша да міндеті тұр. Аудан бойынша 45 емдеу мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетуде. 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 6 ауылда медициналық тірек іске қосылатын болады. Бүгінде Ақшолақ ауылында медициналық тіректің құрылысы жүргізілуде.
Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бүгінде аудан халқының 24,4 пайызын жастар құрайды. Биыл 157 жасты жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінгі таңда 344 жас жұмыспен қамтылып отыр.
Жастар жылы аясында Үлгілі ауылы жастарының демеушілігімен жобалық құны 1,5 миллион теңгені құрайтын кіші футбол алаңы салынуда. Көкөзек ауылынан жеке кәсіпкер А.Жантаев өз қаржысы есебінен 5 миллион теңгеге жабық спорт зал және кіші футбол алаңының құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Л.Жабатаева Сарыкемер ауылындағы орталық саябақта тұрғындарға арналған спорт алаңының құрылысын бастағалы отыр. Сондай-ақ осымен байланысты алдағы уақытта «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 5 жоба іске асырылатын болады.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрмыс сапасын көтеру бойынша алдымызға жаңа міндеттер жүктелді. Ауданымыздың әрбір тұрғынының табысы мен өмір сүру сапасының жақсаруы – біздің атқарар жұмыстарымыздың басты көрсеткіші болып табылады. Елбасы Жолдауларынан бастау алатын мемлекеттік бағдарламалар да еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан орын алуы жолындағы ұмтылыстарымызға кең жол ашады деп сенеміз.

Рахматілдә РАХМАНБЕРДИЕВ,
аудан әкімі.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support