Метрологиялық бақылау айрықша маңызға ие

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихаты барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Әлия Ахметова мен «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Асқар Мыңбаев өздеріндегі былтырғы жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы әңгімелеп берді.
Айта кетейік, аталған департамент техникалық реттеу мен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы аумақтық құрылым болып табылады. Ел тұрғындарының мүдделері мен экономикалық қауіпсіздігін қорғау, өлшем құралдарының теріс нәтижелер көрсетуі салдарынан туындайтын келеңсіздіктердің алдын алу, отандық және импорттық өнімдердің, үдерістердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіз әрі сапалы болуын қамтамасыз ету мәселелері де осы мекеменің құзырына кіреді.
– Осыған байланысты өткен жылы метрологиялық талаптар мен ережелерді сақтау бойынша 17 іріктелген тексеріс жүргізілді. Оның ішінде ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету» Заңы талаптарының бұзылуы бойынша 5 дерек анықталды, бұл жалпы көрсеткіштің 29 пайызын құрайды. Кемшілікке жол бергендерге барлығы 1 миллион 661 мың 855 теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жаза қолданылды. Жарамсыз болып табылған 94 өлшем құралын қолдануға тыйым салу тұрғысында 5 қаулы шығарылды, – деп атап көрсетті бұл тұрғыда Әлия Аманқұлқызы.
Ол одан әрі мемлекеттік метрологиялық бақылау, ҚР рәміздерінің лицензиаттары жұмысының қадағалануы, асыл тастар мен бағалы металдан жасалған зергерлік бұйымдардың сатылымға шығарылуы мәселелері және мемлекеттік реттеудің басқа да түрлері мен шарттары жөнінде жан-жақты тоқталып өтті.
Бұдан кейін сөз алған Асқар Құрманұлы өткен жылғы техникалық регламенттерді, стандарттарды, оның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдарға сапа менеджменті жүйесі қалыптарын енгізу жөніндегі өңірлік жоспардың орындалуы және филиал алдында тұрған міндеттер туралы тарата айтып берді.
Әлия Ахметова өзі басшылық ететін департаменттің қызметкерлері алдағы уақытта да өңірдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыруларды ескере отырып, мемлекеттің өркендеуіне үлес қоса беретіндігіне сенім білдірді.
Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Comments are closed.

микро займ на карту