- Advertisement -

Жарты ғасырға жалғасқан достық

89

- Advertisement -

Мен – Ұлытаудың тумасымын. Қамбар – жамбылдық. Екеуміз 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүргенде таныстық. Бізді жақындастырған – әдебиетке деген құштарлық пен жан-дүниеміздің, мінезіміздің ұқсастығы. Ол университет табалдырығын аттағанда орта дәрежелі оқу орнын бітіріп, кеңшарда зоотехник, аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болып істейтін, өмір көрген 22 жастағы жігіт еді. Жасы менен сәл үлкен болса да екеуміз достасып кеттік. Қамбар әдебиетке өз бетінше оқып, үлкен даярлықпен келді. Көп оқып, көп ізденеді. Өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде жарияланған болашағынан үміт күттіретін ақындығы бар. Сабақ үстінде поэзия мен проза жайлы сөз қозғалғанда терең білімімен қатарластарынан оқ бойы алда тұратын. Осындай зейінділігін бағалаған курстас қыздар оған «ЭВМ» деген ат қойды. Ол әдебиеттің түрлі құбылыстарын жақсы зерделей білетін. Біздің факультетте ағылшын, француз және неміс сияқты шет тілдерінің бірін меңгеруді міндеттейді. Сонымен бірге болашақ филологтарға өз қалауы бойынша араб тілі пәнін оқуға мүмкіндік берілді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін ата-бабаларымыз сауат ашқан тілге бүйрегіміз бұрған он-он бес қыз бен жігіт араб тілі пәнін таңдадық. Оның пайдасын бәрімізден бұрын оқу бітірерде Қамбар көрді. Жақсы оқитын студентті ұстаздар назарында ұстап, өзіне шәкірт етуге үміт артады. Біздің курстасымызға «құда» түскендер болды. Солардың қатарында әдебиеттен сабақ беретін профессорлар Тұрсынбек Кәкішев пен Белгібай Шалабаев бар еді.
«Үйдегі сауданы, базардағы нарық бұзады» демекші, ойда жоқта тілден дәріс оқитын ұстазымыз Каримов ағай өзі аудиторияға арнайы келіп шәкіртіне қолқа салады. Төменгі курстарда тіл тарихына қатысты курстар мен сабақтарды үздік оқыған әрі араб тілінен сауатты шәкіртін ұстазы көптен бері назарда ұстап келіпті. Жасыратыны жоқ, әдебиетке келгенде жортақтап алға шығатын досымыз тілге онша ден қоймай, сәл тосырқай қарайтын. Каримов ағай бізге тіл тарихынан, диалектологиядан сабақ берді. Әдебиеттен кейінгі Қамбардың жақсы көретін сүйікті пәні – тарих. Дипломдық жұмыстың тақырыбынан адам түгіл ат үркеді. «Жиырмасыншы жылдардағы ресми іс-қағаздарының стилі» деп аталады. Бұрын-соңды қазақ тіл білімінде мүлде түрен түспеген тың тақырып. Стиль дегеннің сан тармағы бар. Соның бірі – газет стилі. Ол жайлы қазақта бір ғана кандидаттық еңбек қорғалған. Бұл тақырыпты орыс ағайындардың өзі де қозғай қоймапты. Арнайы әдебиеттер, ғылыми зерттеулер жоққа тән.
«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» демекші, мойнына ауыр жүкті көтерген досымыз Орталық кітапхананың, оның ішінде «Сирек кітаптар қоры» бөлімінің тұрақты оқырмандарының біріне айналды. Мұнда революциядан бұрынғы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің тігінділері сақталған. Төңкерістен соң отызыншы жылдардың аяғына дейін шыққан газет-журналдардың бәрі араб қарпімен терілген. Осы басылымдарды парақтаған Қамбар қыруар материал жинақтады. Жазған жұмысы жүз бет болса, қосымшасы елу беттен асты.
Бұл кезде мен де «Ақын Иманжан Жылқайдаровтың өмірі мен шығармашылығы» деген тақырыпта диплом жұмысын аяқтадым. Жетекшім Кеңес Одағының Батыры, ауыз әдебиетін зерттеуші, академик Мәлік аға Ғабдуллин. Жиып-теріп жазғанымның 60 бетін диплом жұмысына кіргіздірген ұстазым, қалғанын кандидаттық диссертацияға қосуды жөн көріп, алдын ала жоспарлап қойған. Өкінішке орай бұл ниет жүзеге аспай қалды. Ұлағатты ұстаз көп ұзамастан кенет бақилық болып кетті.
Қамбар дипломдық жұмысын сәтті қорғап шықты. Каримов ағай өз шәкіртіне осы тақырыпты одан әрі тереңірек зерттеуді ұсынды. Алайда Қамбар отбасылық жағдайын көлденең тартып, ұстаз ұсынысынан бас тартты. Не керек, әлгі тақырып тоқсаныншы жылдардың аяғына дейін зерттелмей, қозғаусыз иесін күтіп жатты. Тек содан кейін ғана бір ғалым қарындасымыз ресми іс-қағаздары стилі жайлы кандидаттық қорғап шықты.
Әдетте, оқуды сырттай бітіргендерді көзге ілгісі келмейтіндер кездеседі. Ол дұрыс пікір емес. Курстасымыз М.Молдатаева университетті бітірген соң аспирантурада қалды. Бізбен бірге оқығандардың көпшілігі ұстаздық қызметтерін жалғастырды. Арасында ерекше көзге түсіп, жұртшылыққа танылғандары да баршылық. Мәселен, алматылық Қанафия Ахметов білім беру саласында облыстық деңгейдегі қызмет атқарды. Менің жерлесім, Жезқазған телестудиясында дикторлықтан бастап, оның ыстық-суығына әбден күйген журналист Шамхан Рахметов сол шаңырақта өмір бойы еңбек етті. Еңбегі елеусіз қалмай КСРО телевизиясының үздігі атанды. Көкшетаулық Таңсық Жұрынова жергілікті пединститутта сабақ беріп, доценттік дәрежеге көтерілгенін баспасөзден оқып, білдік. Жамбылдық Назым Қуанышбекова мектепте директор, селолық советте төрайым, ауылдық округте әкім болды.
Курстасымның қаламынан шыққан материалдар мен өлеңдерін республикалық газет-журналдардан оқып жүрмін. Мақалаларындағы баяндалған оқиғалар үнемі тарихпен біте қайнасып, сабақтасып жатады. Тереңнен, әріден қозғауды жөн көреді. Ойлы. Өлеңдері де дәмді, мәнді. Үш жиырма беске келген байырғы достың қолынан қаламы түспегені қуантады, осы жасқа дейін бойынан қуат, жүрегінен жалын кетпегені сүйсіндіреді.
Мерейлі жасың құтты болып, қаламың ұштала түссін, Қамбар дос!

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, Қазақстанның
Құрметті журналисі.

Жезқазған қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support