Өмірдің тас қайрағында ұшталған қалам

Облыстық газетті жиырма жылдан астам басқарған жылдарда талай жас журналистің томағасын сыпырдым. Оларды сары ауыз балапан қалпында алтын ұяда апыл-тұпыл қанат қаққан кезінен бастап баптағаным есте. Солардың арасынан бара-бара топшысы қатайып ұзаққа самғайтын ақиықтары да шықты. «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, самғап қияннан көрінгендері де, өз ортасынан ойып орын алған майталмандары да кезікті. Әрқайсысының мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, кәсіби қарымы мен қабілеті әрқилы. Бірі – ақшулан, екіншісінің демі ұзаққа жетеді, қайда салсаң да қанаты талмайды. Дүрмек ішінде газеттің күнделікті қара жұмысын қамшы салғызбай тартатын жуас торылары да табылады. Газетке ондайлар да қажет. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын, бірінде жоғын екіншісі толықтыратын шығармашылық топ бір шаңырақтың астында ортақ мүддеге сай еңбек етті. Кадрларды іріктеу кезінде олардың кәсіби қабілетімен бірге адамгершілік қасиеттеріне көп көңіл бөлдім. Әркез ұжымдағы шығармашылық бәсекелестік бірінші орынға қойылды. Сонымен бірге психологиялық ауанға, өзара сыйластық пен татулық қатынасқа баса назар аударылды. Журналистердің көсіле қалам сілтеуі әдетте жеке басының жағдайына, көңіл-күйінің орнықтылығына тікелей байланысты.

Баттал ЖАҢАБАЙҰЛЫ,Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Сол тұста шығармашылық адамдарына деген қоғамның ықыласы ерекше еді. Облыстың басшылары баспасөзге оң қабақ танытты. Оқырман қауым да журналистердің күнделікті шығып жатқан еңбектерін қадағалап оқып, тиісті бағасын беріп отырды. Осындай қолайлы ахуалды пайдалана отырып, ұжым қызметкерлерінің баспана мәселесін шешу әркез назардан шыққан емес. Обком мен облатком басшыларының алдына үнемі мәселе қойып отырдық. Нәтижесінде журналистер мен техникалық қызметкерлерге дейін үй-жаймен толық қамтамасыз етілді. Отбасы мүшелерінің ұлғаюына байланысты тұрғын бөлмелері кеңейтіліп, жаңа пәтерге көшкенде, редакция есебінде тұрған бұрынғы пәтерлерге шағын жанұялар келіп жайғасты.
Ұжымда ысылған қызметкерлермен бірге жастар қатар еңбек етті. Алдыңғы толқын ағалар кейінгі лек, жас буынға білгендерін үйретті. Ағалық ақыл, үлкендік жол көрсету арқылы тәрбиеледі. Әуелі авторлық мақаламен жұмыс істеудің жай-жапсарымен таныстырды, өздері қаламынан туған төл туындыларын сүзгі мен електен екшеп өткізді. Керек болса, сәл-пәл түзету енгізді. Газеттің әрбір бөлімінде редакция қабырғасына келіп еңбек етіп жатқан жас қызметкерлердің шығармашылық деңгейін үнемі көтеру, шеберлігін шыңдау жұмыстары үздіксіз жүріп жатты. Ұрпақ сабақтастығы осылайша жалғасты.
Міне, осындай жас қызметкердің бірі – Қамбар Қойшыбаев. Ол біздің газетке Қазақ мемлекеттік университетіндегі оқуын өндірістен қол үзбей сырттан бітіргеннен кейін келді. Бұрын техникумда оқып, шаруашылықта зоотехник, аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, аудандық газетте тілші болған, біраз өмір көріп ысылған жігіт. Облыстық газетпен шығармашылық байланыста болған белсенді авторымыздың бірі. Біздің газетте өлеңдері мен мақалалары жарияланып тұрды. 1968 жылы біздің газеттің мәдениет бөлімі жас ақынның топтама өлеңдерін суретімен қоса басып, өнер жолында сәт-сапар тілеген. 1970 жылы өткен облыстық ақындар айтысына қатысып, ынталандыру сыйлығын алған. Сол сайыста ерекше дараланған жұптардың айтыстары облыстық газетте жарияланған. Соның арасында Қамбардың свердловтық ақынмен екеуінің айтысы да бар.
Жас журналист Талас және Сарысу аудандарындағы газеттің меншікті тілшісі болып қабылданды. Сол жылы газет қызметкерлерінің жалақысы шамалы көбейді. Сондай-ақ облыстық «Еңбек туы» газетінің 50 жылдық мерекесі қарсаңында ұжым «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сол қарсаңда оған: «Қамбар, қадамың құтты болды. Жаман болмассың», деген жылы шырай білдірген едім.
Біраз жыл тәжірибе жинақтаған жігітті 1979 жылы біз редакция аппаратына шақырып, ауыл шаруашылығы бөлімінің аға тілшісі қызметіне қабылдадық. Бөлім меңгерушісі Бақытяр Әбілдаев редакцияның жүгінің біразын қара нарша қайыспай көтеріп жүрген белді журналист. Обком өткізген шаралардан кейін ізін суытпастан газеттің екі бет, кейде үш бетіне кететін материалды орыс тілінде дайындалған нұсқасына көз жүгірте отырып, машинисткаға тікелей «диктовка» жасап ертең шығатын нөмірге дайындап беретін. Мен Бақытярдың осындай еңбеккерлігі мен жеделдігін бағалай келе «К-700» деген ат бердім.
Ұзақ жыл бөлім тізгінін ұстап, нарға лайық ауыр жүк көтеруге бейімделген Бақытярдың бөлімнің ағымдағы жұмысына сырғақси қарап, қасындағы жігіттерге сырғыта салуына іштей түсіністікпен қарап жүрдім. Бір орында ұзақ отыру адамды жалықтырары сөзсіз. Сондықтан бөлім меңгерушісін жоқтатпайтын адам таңдаған кезде бұл орынға сол жігітті лайық деп таптық. Бақытяр бөлімнің барлық ішкі жұмыстарын Қамбарға сеніп тапсырды. Осындағы журналистердің дайындаған материалдарына атүсті көз жіберіп, қол қояды.
Редакцияда белгіленген регламент бойынша мен, газет редакторы ауыл шаруашылығы бөлімі мен тілші-хаттар бөлімінің жұмысын қадағалап отырдым. Бірінші орынбасар Анарбек Айтбаев – партия тұрмысы, совет құрылысы және өнеркәсіп пен транспорт бөлімінің жұмысына жауап береді. Ал газет редакторының орынбасары Әлдихан Қалдыбаев – мәдениет, оқу мен білім саласын қадағалайды.
Күнделікті әр санда шығып жатқан мақалалардың бір жарым бетін ауыл шаруашылығына қатысты материалдар құрайды. Сондықтан бұл бөлім ешқашан өзінің тынымсыз жұмыс ырғағынан жаңылмауы тиіс. Науқандық жұмыстар кезінде аса қыза түседі. Қамбар ауыл шаруашылығы саласындағы науқандық істердің сәл тыныстаған сәтінде жұмысқа кірісті. Сонда да болса облыста өте жауапты мал қыстату жүріп жатты. Көктемгі егіске техниканы әзірлеу тағы бар. Жыл қорытындысын саралайтын шақ туды.
Осындай тірліктерге байланысты бөлімнің аға тілшісін алдыма жиі шақыртамын. Алғашында мақаланың сапасына қатысты мәселелер туындап жүрді. Бірде бөлімде дайындалған мақалаға атүсті қаралғанын аңдадым. Авторы – ауданнан, оны әзірлеген өзіміз жаңа ғана жоғарылатқан аға тілші. Алдыма шақырып алдым да, мақаланы оқи отырып «шикілігін» жіпке тізіп талдап шықтым. Мен Қамбардың бетіне қараймын, оның қысылғаннан шекесі тепшіп:
– Бәке, мақала авторы аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, осы салада көптен бері істеп жүрген жігіт. Өзіміздің әріптесіміз болған соң байыбына терең бойламаған екенмін, – деп шынын айтты.
– Біз бен аудандық газет арасындағы айырмашылық ат пен түйедей. Деңгейіміз олардан өте жоғары. Ондағы қызметкерлер саны аз, уақыттары тапшы, шеберліктері жеткіліксіз. Бұдан былай оларға сыни көзбен қарауға тырыс, – деп сөзімді аяқтадым.
Жас журналистердің жауапкершілігін арттыру, әр сөздің арғы жағындағы аңдаған жан ғана аңғаратын контексіне жете мән беруге дағдыландыру үшін ескертулер жасау менің міндетім. Кейде бір сөзге немесе сөз тіркесіне бола бастықпаған тілшіні «кілемге» шақыруға тура келетін. Оның бәрі ширату, шеберлігін шыңдау мақсатында жүргізілетін шара. Түсінген жан сабақ алады, келешекте осы тәрізді олқылық жібермеуге тырысады.
Қамбар біршама тәуір киінетін ұзын бойлы, ашаң жігіттің бірі. Бірақ далада өскен түз баласы екі-үш айға дейін қалалық қалыпқа келе қоймады. Мойынға галстук тақпайды. Бірде осы жайлы ескерту жасадым. Осыдан бастап галстуксыз жүрмейтін болды.
Кеңес дәуірінде баспасөздегі ең басты қағиданың бірі – авторлық материалға басымдық беру. Сондықтан да журналистер қауымы көбіне солардың материалдарын әдеби жағынан дайындауға, өңдеуге көп көңіл бөледі. Облыстық мекеме қызметкерлері түгіл қазақы үш ауданнан басқа аудан мамандарына дейін ұлты қазақ болғанмен материалдарын орысша жазып жібереді. Оларды аудару, цифрларын едәуір қысқартып, оқырманға түсінікті тілде жеткізу тілшінің міндеті. Осыған орай, біздің жігіттер орыс тілін біршама меңгеріп шықты. Соның бірі – Қамбар.
Әдетте, футбол ойыншылары «қақпашы», «қорғаушы», «шабуылшы» деп жіктеледі. Газетте алдыңғы сапта жүріп, толғақты мәселелерге қалам тербеп, қоғамдық пікірдің торына солқ еткізіп доп соғатын «форвардтар»бар. Жанкүйерлердің аузынан түспейтін сүйіктілері солар. Абыройдың көбі солардың еншісінде. Ал қорғаныстың бірінші, екінші легінде жүретін қорғаушылардың гол соғуы сирек. Сондықтан ел назарына іліге бермейді. Бірақ ойын барысындағы салмақтың көбі солардың еншісіне тиеді. Өз қақпаларына қарай қарсыластың өтіп кетуіне жол бермейтін, оған тосқауыл қоюға жауапты аталмыш ойыншылар.
Осы топтың ішінен де кейде алғы шепке бұзып-жарып өтіп, қақпаға елеусіз жерден доп кіргізетін ойыншылар болады. Олар «шаруасын» бітіре сала екінші қатардағы орнына жетуге асығады. Мен Қамбарды журналистикадағы қарапайым қорғаушы қатарына қосамын. Неге? Күнде суырылып көзге түспесе де реті келгенде «гол» соғатын әдеті бар. Меншікті тілші болып жүргенінде бір ауылдан арыз келіп түсті. Онда жергілікті дүкендерде бұзылып, сапасы кете бастаған картоп пен пиязды тұтынушыға еріксіз сату дерегі келтірілген. Оны тексеру сол аудандағы меншікті тілшіге жүктелді. Ол хат ізімен сапарда болып, бір көше тұрғындарымен жеке-жеке тілдесті. Нәтижесінде газетте Қ.Қойшыбаевтың «Тіркемелі бұйымдар, бүркемелі тиындар» атты көлемі үлкен, тілі өткір фельетоны жарық көрді. Бұл мақала облыстық Тұтынушылар одағының басқармасында қаралып, сын дұрыс деп танылды. Онда көрсетілген деректердің орын алмауы үшін барлық аудандық тұтыну одақтары мен кеңшарлардағы жұмысшылар кооперацияларында талқылану міндеттелді. Кемшілік жіберілген жұмысшылар, кооперацияның басшысы орнынан алынды.
Сексенінші жылдардың басында Қ.Қойшыбайұлы Мойынқұм ауданында сапарда болғанда «Көктерек» кеңшарындағы көрнекі үгіт материалдары ілінген тақтаға назар аударады. Қарап тұрса қарадүрсіндікке жол берілген, әріп қателерден көз сүрінеді. Әдетте төрт түлік жайлы көрнекі құрал әзірлегенде олардың бас-басы ғана бейнеленіп, астына осы салада қол жеткен көрсеткіштер тізіледі. Бұл шарттың сақталуы тиіс. Ал көктеректік жылқылар бейнебір Америкадағы жабайы мустангтар сияқты тобымен шауып барады. Көркем дүниеге кіріп кеткендей әсерде қалады. Іссапардан келген соң журналистің қаламынан «Тағы жылқылар… тағысын тағылар» деген тақырыпта сын мақала туды.
Сол күні редакциялық жиын өтіп жатты. Төрт көзіміз түгел отырғанда облыстық партия комитетінен қоңырау шалынды. Трубканы көтерсем насихат бөлімінің меңгерушісі Жиренше Боданов екен. Амандықтан кейін:
– Газеттің бүгінгі санында Мойынқұмнан жазылған сын мақаланы бүге-шігесіне дейін оқып шықтым. Мәселе өте дұрыс көтерілген. Идеология саласындағы көрнекі үгіт мәселесі назарымыздан тыс қалып келеді. Өзекті мәселені егжей-тегжейлі жазған тілшіге рахмет – деді.
Мен бөлім меңгерушісінің мақтау сөзіне:
– Жиренше ……вич, қателердің көптігі соншалық нөмірдің кезекшілері машинкада басылған кезде кеткен олқылық шығар деп кейбіреуін түзеп те жіберіпті – деп күлдім. Ұжым мүшелері әңгіме ауанын түсініп, сілтідей тынып отырды. Мен авторға мақтау айта қойған жоқпын.
Соның артынша редакцияға Шу қаласының тұрғыны, көпбалалы анадан хат келіп түсті. Ол қоғамдық транспорт қызметкерлерінен жәбір көргенін жазыпты. Газет тілшісі Қ.Қойшыбаев жолға шықты. Арыз иесімен жүздесіп, істің анық-қанығына жетті. Ол кісіні жәбірлеген Меркі жолаушылар тасымалы базасына қарайтын автокөлік жүргізушілері болып шықты. Журналист мәселені індете тексеру үшін Меркіге барып, автобазаның жауапты адамдарымен тілдесті. Тексеруде анықталған деректер жайлы аудандық Совет атқару комитеті басшыларының назарына салады.
Көп ұзамай газетте «Ардақты ана неге арызданды?» деген тақырыпта сын мақала жарияланды. Қағылған дабылға облыстық жолаушылар тасымалы тресінің басшылары іле-шала жауап қатты. Онда бұл мәселенің өз коллегияларында қаралғанын, кінәлі адамдарға сөгіс берілгені айтылған.
Қазақы жерде туып-өскен, ауылда еңбек еткен жігіт қазақ тілінің мәйегін оқырманға жеткізуге ұмтылатын. Екінің бірі қолданбайтын, халықтың сөздік құрамнан шыға бастаған жекелеген сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін мақаласының өн бойына кіріктіріп жіберуге шебер еді.
Бүгінде жетпістің бел ортасына иек артқан бұрынғы шәкіртімнің осы межелі тұсқа шығармашылық жағынан шаршамай-шалдықпай жеткені қуантады. Қызғылықты деректерге арқа сүйеп жазған дүниелерін оқырман қазір де қызыға оқиды. Бұл – шеберліктің жетілгенінің шынайы көрінісі. Қолға алған тақырыпты түп-тұқиянына дейін зерттеген соң ғана жұртшылық назарына ұсынады. Бәлкім бұл – журналистің бойында туа біткен қасиет болар. Бірте-бірте қалыптасуы да мүмкін. Журналист мамандығын меңгерген әрбір қалам иесіне қажетті қасиеттерді бойына жинақтап, соны өміріне арқау еткен шәкіртімнің қазіргі аяқ алысы мені қатты қуантады. Балапан күнінен баулыған шәкірттің қандай қияға салсаң да тартынбай самғай алатын қыран мінезінен қолтаңбамның байқалуы мен үшін мақтаныш.
Бұрынғы облыстық «Еңбек туы» (бүгінгі «Аq jol») газетінде он жылдан астам еңбек етіп, тас қайрақта қаламы әбден ұшталған, шеберлігі шыңдалған алдыңғы буын аға журналист дәрежесіне жеткен Қамбарға «алдағы шығармашылық жолыңда қанатың талмай, оқырманды қуанта бер!» деген тілек қосамын.

Тараз қаласы.

Баспасөз бәйтерегі

Ардагер журналист Қамбар Қойшыбайұлына

Ахметжан ҚОСАҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Білінбейді алтын уақыт өткені,
Осы жағы толғандырар көп мені.
Жарқын жүзді алда жүрген ағаға,
Гүл сыйлады жетпіс бестің көктемі.

Мерейжасқа үн қосамын шаттанып,
Бір шындықты айтсам деймін ақтарып.
Тусаңдағы жағасында Таластың,
Жүріп келем өзіңменен мақтанып.

Жастайыңнан таудай екен талабың,
Көркем ойды кестеледі қаламың.
Тебірентіп оқырманға ой салған,
Талантыңа таңдай қағып қаламын.
Тура сөйлеп әділдікті жақтадың,
Кейбіреуге мінезіңмен жақпадың.
Мансап қумай, мазақ болмай әркезде,
Еңбегіңмен ел сенімін ақтадың.

Бірге оқып, бірге жүріп сыйластық,
Туындады сезімдерде қимастық.
Журналистік жолмен жүріп ізденіп,
Алғыс алып талай-талай қыр астық.

Бәлкім содан бауыр басып қалыппын,
Жырыңа да, сырыңа да қанықпын.
Баспасөздің бәйтерегі сияқты,
Бөлене бер сеніміне халықтың.

Шу ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту