АТА АМАНАТЫНА АДАЛ НЕМЕРЕ

Cуда жүзуден халықаралық дәрежедегі қазақ спортшысы
Әділ Қасқабай өзінің алғашқы жаттығуын Тараз қаласынан бастаған

Алматыдан Майра жеңгем телефон шалып, Әділдің Словенияда алған алтыны туралы айтқанда, еріксіз сезімге беріліп өмірімнің сағынышты сәттерін бірге өткізген Қасқабай ағам көз алдыма келді.
Ұзын бойлы, еңселі жігіт ағасымен таныс болғалы да отыз жылдан асып кетіпті. Көптеген қызықты, қуанышты жайларды бірге өткізген Қасекең жақынды жатырқамайтын жайдары жан болатын. Үнемі ата-баба шежіресінен сыр шертетін. Мені де жақын тартып, інісіндей құрметтеді. Майра жеңгем асқан ет пен қою күрең шайын ішіп, ағамның дәмді кәуабымен шағын моншадағы тән мен жанды емдеген сәттер ұмытылар ма? Қос немересі Әділ мен Әмірін еркелетіп отыратын ағаны өмірден ерте озар деп кім ойлаған?!– Әй, сен жап-жас боп қарныңды томпайтып алыпсың ғой, көп сөзді қойып, ертеңнен бастап жүзуге кел, – дейді.
– Аға, мен жақсы жүзе алмаймын ғой.
– Ештеңе жоқ, үйретемін Әділ екеуіңді, – деген Қасекеңнің сөзінен соң намысқа тырысып аптасына үш рет жүзуді қолға алдым.
Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы №4 велосипед пен су спорты түрлерінен олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқу-методикалық ісі жөніндегі орынбасары Қасқабай Қырғызбаев ағамыз осы мектепке бекітілген «Дельфин» жүзу бассейнінің барлық шаруасын бір өзі атқаратын.
Сол кездерде басшылары бірінен соң бірі жиі ауысып кеткен мектептің бар жұмысы ағаның мойнында еді. Соған қарамастан сағат кешкі алтыда жұмысы аяқталған соң немересі Әділмен жеке жаттығу жұмыстарын жүргізеді, қызметтен босай сала мен қосыламын. Үнемі осылай, сап-сары Әділ күнге тотығып қып-қызыл болып кеткен, жүзуден жалықпайды, Қасекең де жалықтырмайды. Бассейн шетінде «Саусақтарыңды біріктір, қолыңды бүкпе, тік құлаштап алысқа серме, шөміштеп итер суды», деп айқайлап Әділ екеуміздің соңымыздан балаша жүгіреді. Әділ – он жаста, мен – елу бестемін, бірақ екеумізге де қойылатын талап бірдей. Кей күндері жаттығуымыз Ұлан ойнайтын «Тараз» футбол командасының ойындарымен қатар келіп қалады.
Ол күндері жанкүйер ретінде стадионнан табыламыз, бәріміз жабылып Әділден футбол есебін сұраймыз. Әділдің айтқан есебі дәл келеді, періште көңіл бала емес пе, «Тараздың» жеңісіне масаттанып шыққан соң, Майра жеңгейдің шайына келеміз. Шай үстінде де ағамыз жай отырмай Әділге су спорты туралы мәліметтер беріп отырады.
Бірде мен Қазақстандағы жүзу спортының мүшкіл халін, оның ішінде су спортында қазақ балалары жоқтың-қасы екендігін алға тартқанымда, Қасекең тәуелсіздік алғалы Әлем чемпионатында суда жүзуден Владислав Поляков қана 2006 жылы Шанхай қаласында өткен әлем біріншілігінде брасс әдісі бойынша 200 метр қашықтықта алдына жан салмай алтын медаль олжалағанын, дәл осы сайыста қола жүлде қазақстандық спортшы Евгений Рыжковқа бұйырғанын, алайда екеуі де легионер әрі АҚШ-та жаттығатынын айтты. Аталмыш елдің су спортындағы дәрежесі жоғары екенін, өйткені ол жақта су спортына барлық жағдай жасалғанын Қасекеңнен естігенмін. Тіпті америкалық жүзуші Майкл Фелпсті баптау үшін төрт бірдей ғылыми институт жұмыс істейтінін айтып таңғалдырған. Қазақ жастарының су спортына аз баруының бірден-бір себебі – көп қазақ балаларының ауылда тұратыны және онда суда жүзу спорты кешендерінің жоқтығы, табиғи су қоймаларында жүзуге жағдай жасалмауы сияқты кемшіліктерді айтып қиналғаны бар. Оның үстіне су спорты жөнінде насихат аз, көп ата-ана балалары шымыр болсын деп күрес, боксқа апарып жатады. Алайда жүзу спорты жекпе-жек сынды спорт түрлерінен кем түспейді. Өйткені бұл спорт адамды шымыр етіп қана қоймай, шыдамдылыққа, әдептілікке баулиды. «Ең мықты талантты деген боксшы, балуан Әлем, Олимпиада жарыстарында әрі кетсе бір ғана алтын алып шектеледі. Ал жүзу спортындағы мықтылар бір дүбірлі додада бір емес, әртүрлі қашықтыққа бақ сынап, бірнеше алтын алу мүмкіншілігіне ие болады», – деп суда жүзу спортының тиімді жағын да айтып қоятын.
Қасекеңнің ойлары мен арманы ақталды. Кейінірек «Тараз-Арена» спорт сарайында заманауи жүзу бассейні пайдалануға берілді. Мен осы бассейнде еркін 2000-3000 қашықтықта демалмай жүзуге қол жеткізіп, әріптестерім мен өзімнен әлдеқайда жас спортшы інілерімді таңғалдыратынмын. Ал Әділіміз ата аманатын толығымен ақтады, қазір Қазақстандағы су спортынан толайым жетістіктерге жетіп жүрген қазақ балаларының бірі де бірегейі. Әділдің Қасқабай ағаның немересі екенін және өзі айтқандай, ең алғашқы жаттықтырушысы Қасқабай Қырғызбаев екенін біреу білсе, біреу білмес.
1977 жылы Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген Қасқабай ағамыз Қордай аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамында қатардағы жаттықтырушылықтан облыстық спорт басқармасында басшылық лауазымдарда қызмет етті.
Өмірінің соңында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы №4 велосипед және су спорты түрлерінен олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқу-методикалық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Волейболдан республикалық дәрежедегі төреші, жоғары санаттағы жаттықтырушы, ұстаз Қасқабай Қырғызбаевтың облыс спортына бергенінен берері көп еді.
Алматы қаласындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының оқушысы, жабық бассейнде өткен Азия ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы, суда жүзуден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және рекорд жаңартушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділ Қасқабайдың 2015 жылы Бангкокта өткен Азияның ересектер арасындағы чемпионатында әртүрлі қашықтықта 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медалі, 2017 жылы Ашхабадта өткен Азия ойындарында алған 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медалі, 2018 жылы Джакартада алған қола медалі Қасқабай ағаның айтқан армандарымен дәл келіп тұр.
Ал енді Майра жеңгем қуанышын бөліскен, яғни Словенияда өткен жүзуден Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына іріктеу санатына жататын халықаралық турнирде Әділ өзінің бабында екенін танытыпты. Бірінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар жеңіп алған 11 медальда оның да үлесі бар. Брасс және еркін әдістермен жүзу бағдарламасында алғашқы үздік үштікке енген Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин, Артур Шагинян, Ален Охотинский төрттігі алтын медаль иеленді. Он тоғыз жасар спортшының бұл алғашқы қадамдары ғана, ал болашақта Әлем, Олимпиада биіктерін бағындырған алғашқы қазақ баласы болатынына сенім мол. Ата аманаты сондай биік парыздарды жүктейді.
«Орнында бар оңалар» дегендей, бұл күні жеңгем мен іні-қарындастарым Майра, Ардақ, Жанар, Жібек және достары мен әріптестері аға атына бағыштап құран оқытып, еске алатыны көңілге медеу. Ал ата аманатын арқалап жүрген суда жүзу спортынан халықаралық спорт шебері, қазақ жігіті Әділ Қасқабайдың Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында бағындыратын болашақ биіктері, әлбетте, спортшы, жоғары санаттағы жаттықтырушы, білікті ұстаз, асыл жар, ардақты ата Қасқабай Қырғызбаевтың рухын асқақтатып, нұрын пейіште шалқытатыны даусыз деп сенейік.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,
прокуратура ардагері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту