- Advertisement -

Қазақ боксшылары ел үмітін ақтай ма?

44

- Advertisement -

Бокстан Тайландта жалауы желбіреген Азия чемпионатының көркі қыза түсті. Демалыс күндері бірнеше қазақ боксшылары шаршы алаңға көтеріліп, дені жеңісті жорықты жалғастырды. Рингке бірінші болып шыққан 49 киллограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз Теміртас Жүсіповке оңай соққан жоқ. Десе де шаршы алаң қожайыны Самак Саеханмен қолғап түйістірген отандасымыз жеңіске деген құштарлық таныта білді. Ара қашықтықты дұрыс таңдай білген Теміртас бапкерлер жүктеген темірдей тәртіпке бас иіп, тамаша бокс көрсетті. Үш раунд бойы өзінің шын мықты екенін дәлелдеген Теміртастың жеңісін төрешілер де бір-ауыздан мойындады. Қазақ оғланы төрешілердің тайландтық боксшыға бұра тартуына мүмкіндік қалдырмады. Кеше Теміртас филиппиндік Рамель Макадоны жеңіп, жартылай финалға шықты. Тайланд төріндегі аламанда екінші жекпе-жегін өткізген Қайрат Ералиев бір қуантып, бір мұңайтты. 56 килограмм салмақта бақ сынаған Қайрат 1/8 финалда ирандық Саджам Мухаммадпурсамариннен айласын асырып, жанкүйерлерді желпінтіп тастағанмен, ширек финалда үнді боксшысы Сингху Биштеге есе жіберді. Теміртас салып берген жеңісті жолды 64 килограмм салмақ дәрежесіндегі Санатәлі Төлтаев сәтімен жалғады. Жергілікті боксшы Сомча Вонгсуванмен қолғап түйістірген отандасымыздың жанарында от ойнап тұрғаны қуантты. Мінезді оғланымыз үш раунд бойы қарсыласын қыспаққа алды. Нәтижесінде төрешілердің басым даусымен жеңімпаз атанды. Кейін Санатәлі ирандық Магхсуди Мал Амириді жеңіп, жартылай финал жолдамасын иеленді. 75 килограмм салмақта топқа түсіп жатқан Тұрсынбай Құлахметтің аяқ алысы да жаман емес. Кувейт елінің үмітін арқалап келген Юсеф Хуссейнмен жұдырықтасқан қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласынан басым түсіп, келесі кезең жолдамасын қалтаға салды. 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Асланбек Шымбергенов бірінші кезеңнен еркін өтті. Тайландтық боксшы Сайло Арди жарақатына байланысты рингке шықпай, жеңіс Шымбергеновтің еншісіне жазылды.
Боксшылардың салмақ дәрежелері ауырлаған сайын соққыларының жойқын болатыны белгілі. Мұны 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі отандасымыз Бек Нұрмағанбет пен кувейттік Бадер Альмутаири арасындағы шайқастан да байқадық. Салған жерден шабуылға көшкен Бек қазақ жұдырығының қарымын танытты. Төрешілер екінші раундта кувейттікті ауыр жеңілістен арашалап алды. Нәтижесінде техникалық нокаутпен қазақ боксшысы алғашқы жеңісін тіркеді. Мұнан соң Бек өзбек оғланы Дилшодбек Рузметовті ұтып, жартылай финалға өтті. 60 килограмм салмақта бақ сынаған Закир Сафиуллин де бірінші кезеңнен іркілмей өтті. Вьетнам елінің боксшысы Дата Ву Тханха қазақстандықтың алдында дәрменсіз көрінді. Бұған дейін ширек финалға 91 килограмм салмақтағы Василий Левит пен +91 килограммдағы Қамшыбек Қоңқабаев жолдама алған болатын. Өкінішке қарай 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі Әнуар Мұзапаров Қырғыз Республикасының үміті Азат Үсенәлиевке жол беріп, жарысты ерте аяқтады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support