Табиғат терапиясы – туған жер төсінен басталады

«Оңтүстік аңыздары» фестивалі «қызғалдақ – жамбыл облысының табиғи мұрасы» конференциясына ұласты

Кезінде өңір туризмінің аты ғана бар сияқты көрінетін. Сол түнектегі туризмге сәуле түсіру жұмыстары соңғы жылдары жандана түсті. Арнайы басқарманың құрылуы да жұмыстың жандануына түрткі болғандай. Енді ше, әлемде талай елдің экономикасының түзелуіне себепші болған саланы бізде де өркендетуге барлық мүмкіншілік бар. Мыңжылдықтармен сабақтасқан Тараздың тарихы, әріден сыр шерткен өңір келбетінің өзі тынымсыз тірлікке бет бұруға үндейтіндей. Оның ішінде жаңа салалардың бірі экологиялық туризмге зейін қойылғаны қуанта түседі.

Көне ескерткіштер көз тартады

«NOMAD EXPLORER» компаниясы облыс әкімдігі туризм басқармасы мен Жуалы ауданы әкімдігінің қолдауымен өңірімізде алғаш рет «Оңтүстік аңыздары» фестивалін өткізді. Экологиялық туризмге назар аударған мыңнан астам саяхатшылар Жамбыл жерінің тамашасын екі күн тамашалап қана қоймай, апта бойы өзге облыстарда да қазақы ауыл құрып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді қолға алыпты. 85 автокөлікпен келген туристерді жұмылған жұдырықтай ұйымдастырған саяхатшы, кәсіпкер Марғұлан Сейсембайға жұрт дән риза. Құрамында елімізге танымал тұлғалар бар керуен көштің басын Таразға бұрып, «Оңтүстік аңыздары» фестивалінің ашылу салтанатына қатысты. Кейіннен меймандар тарихпен тамырлас Ақыртас сарай кешеніне, Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі кесенелеріне келіп, «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағында болып, өңір тарихымен танысты. Мәртебелі меймандарға облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова ризашылығын жеткізді.
Белгілі кино режиссер Ақан Сатаев бұл экспедицияның тарихты танудағы маңызы зор екеніне сенімді. «Жалпы саяхат – ел мен жерді тану үшін керек. Бір жағынан сергисің, екінші жағынан төл тарихымызды насихаттайсың. Тамаша жерлерді тамашалаудың өзі адамды шабыттандырады», – дейді ол. Бұл күні ұлттық құндылықтар да насихатталғанын айта кеткен жөн. Әсіресе қобыздың дауысы қазақтың үніндей, жанындай сезілді. Тараздағы тарихи орындарды аралап көрген меймандар осы күні Жуалы ауданына қарасты Берікққара шатқалына барды. Онда тігілген ақ шаңқан киіз үйлер сонадайдан көз тартып, жүректе қуаныш сезімін ұялатса, алтыбақанда тербелген ұл-қыздарымыздың сауық-сайраны, арулардың күміс күлкісі жүрекке жылы тиеді. Мұнда орналастырылған құрастырмалы сахнада төгілген ән мен жыр да жаныңды жадырата түседі…
Келесі күні Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» лагерінде «Қызғалдақ – Жамбыл облысының табиғи мұрасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екенін айта келіп: «Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі», – деп қырдың қызыл гүлін көздің қарашығындай сақтауды аманаттаған болатын.
Облыс әкімдігі туризм басқармасы ұйымдастырған бұл конференция еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи-пәлсапалық мақаласымен астасып жатқандай көрінді.
Сан ғасырлардан бері сайын даланың көркіне айналған, айналаны жұпар аңқытқан қызғалдақтар да аса қамқорлықты қажет етеді. Грейг пен Кауфман қызғалдақтары Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгенінің өзі содан хабар беріп тұрғандай.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға өңірімізден және облыстардан қонақтардың арнайы келгені, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінен, ҚР Білім және ғылым министрлігі ботаника және фитоинтродукция институтынан, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығынан арнайы мамандардың келуі жиынның маңызын аша түсті.
Конференцияны облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова кіріспе сөзбен ашып, басқосудың маңызына тереңірек тоқталды. Бұдан соң орнитолог Мәлік Нүкісбеков «Жамбыл облысындағы қызғалдақтардың әртүрлілігін тақырыбында баяндама жасады. «Қолымнан келгенше елімізде өсетін қызғалдақтарды зерттеп, фото және бейнематериалдар жинастырып жатқан жайым бар. Бүгін Жамбыл облысы аумағында кездесетін қызғалдақтармен таныстырғанды жөн көріп отырмын. Жалпы гүлдің бұл түрі адамзат пайда болғанға дейінгі екі миллион жыл әріде жатыр. Ғалымдар әлемде қызғалдақтың көптеген түрі кездесетінін анықтаған. Ал елімізде оның қырықтан астам түрі ұшырасады. Олардың үштен бірі Жамбыл өңірінде өседі. Бузе шөлейт аймақтан басталып, тау беткейлерінде теңіз деңгейінен 1000-1100 биіктікте бүр жарады. Қаратау бөктерін құлпыртып тұратын Кауфман қызғалдағы сәуірдің соңына дейін дала пейзажына әр береді. Қызыл мен сары түс араласқан Альберт гүлі Ақкөл көлінің жағасында өседі. Оны сәуірдің екінші жартысында тамашалауға болады. Дүние жүзіндегі қызғалдақтардың төресі – Грейг. Оны ғалымдар да сан түрлі тұжырымдарымен дәлелдеп берген», – деген ол өзге де мәселелерді тіліне тиек етіп, қырдың қызыл еркесіне телінген қызғалдақтарды қорғаудың түрлі жолдарын айтты. Олардың көбею жолдары, климаттық ерекшеліктер де назардан тыс қалған жоқ. «Мен айтқан қызғалдақтардың барлығы да ботаникалық тұрғыдан маңызы зор. Бүгінгі күні экологиялық туризмді дамытуға Жамбыл жерінде де баса назар аударылып отырғаны қуантады. Қызғалдақтар – даланың сәні, қазақтың жаны десек те болады. Қазіргі кезде Нидерланды, Жапония секілді мемлекеттер осы гүл арқылы әлемге танылып жатқаны баршамызға аян. Бүгінгі ұрпақ сол гүлдердің әуелде қазақтың сартап даласында пайда болғанын біліп, көкейге түйіп өскені мақұл», – деді ол өз ойын қорытындылап.
Кейіннен ҚР Білім және ғылым министрлігі ботаника және фитоинтродукция институтынан келген, облысымыздың «Қызыл кітабының» авторларының бірі, биология ғылымдарының кандидаты Айжамал Шорманова сөз алып, өз ойын ортаға салды. Ол дала төсін сұлулығымен көмкерген ғажайып гүлді қорғаудың алғы шарттарын әңгімелеп берді. Сондай-ақ баяндамашы Жамбыл жерінде кездесетін қызғалдақтар өзінің ерекшелігімен дараланатынын жан-жақты талдай отырып, жұртшылықты табиғат байлығын құрметтеуге шақырды. Мұнан соң Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының менеджері Салтанат Камиева хабарлама жасады. Ғылыми тұрғыдағы көзқарастарын ортаға салған баяндамашы Жамбыл өңірі қызғалдақ гүлдері айрықша өсетін аймақ, мұндағы қыр қызылы ерекше маңызға ие екенін айтып, экологиялық туризмге қолайлы аймақта ілкімді істер атқарылуына тілектестігін жеткізді. Сонымен қатар ол оңтүстік өңірлер қызғалдақтың нағыз отанына телінетінін де нақты деректермен дәйектеп берді.
Жиын барысында хабарлама жасаған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы» мекемесінің экологиялық туризм бөлімінің жетекшісі Эльмира Пердебаева өзінің ұсыныстарын білдіріп, ортақ жұмыстарға үн қатуға әзір екендіктерін жеткізді.
Маңызды мәселелер талқыланған конференция барысында биология ғылымдарының кандидаты Альфия Құрмантаева, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті Гүлнар Зияева, аталмыш университеттің биология кафедрасының меңгерушісі Жақсыбай Тілеубаев және өзгелер сөз сөйлеп, көкейлерінде жүрген ойларымен бөлісті. Конференция қорытындысында облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова сөз алып, шақыртуды қабыл алған барлық қонақтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы» мекемесімен бірқатар мәселелерді шешуге ниетті екенін сөз етті. Өңірде экологиялық туризмді өркендету аса маңызды екенін айтып, бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылатынына тоқталды. Соңынан бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Басқосу соңында қатысушылардың барлығына сертификаттар табысталды.
Конференция залынан шыға бере әріптестеріміз «Aq jol» фототілшісі Ақәділ Рысмахан, «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың, «Жамбыл-Тараз» басылымының фототілшісі Юрий Кимнің түсірген суреттерін көрдік. Тау бөктеріндегі ерке гүлдерді ерте көктемнен объективіне сыйғызған әріптестеріміздің еңбегіне біз де, жұрт та тамсанып жатты.

Голландиядан қай жеріміз кем екен?

Сейіл мен сапар кімді де болсын ширықтыра түсетіні сөзсіз. Әсіресе айналаңыз сұлу пейзажбен оранса, тіпті керемет емес пе?! Дала төсіне төселген қызыл кілем – қырдың қызғалдағы. Ол – тек гүл емес, гүлдердің ішінде нәзігі, тіпті, бекзаты десек те боларлықтай. Ал сол гүлдің аясында сауық құру – жан мен тәннің рахаты. Жүректің емшісіндей болған ғаламат гүлдер қашанда қорғауды талап етеді. Әйтпесе құруға, бітуге айналып,«Қызыл кітаптың» «қызығы» болып шыға келмес еді ғой. Биологиялық маңызы зор осы өсімдікті қорғау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Қызғалдақтар алқабы – өзінше бір қалашық. Жай емес, тұмса табиғат тарту еткен сұлулықтың қалашығы. Жұпардың да жұтылмауы, зиянкестің қолында тұтылмауы үшін мәселені әр адам жүрек көзінен өткізгені абзалырақ. Иә, өздерін «қызғалдақтар елі» атаған нидерландықтар кезінде алдымызды орап кеткені жасырын емес. Әлгі Голландиядан қай жеріміз кем? Қайта құндылығымыз бен ғұрпымыз, бастысы ұлттық менталитетіміз бай. Сол кезде өркениет көші өзгешелеу еді. Бәлкім, идея тыста, ал қол қысқа болған шығар. Енді өз қолымыз аузымызға жеткен заманда қыр гүлін насихаттау арқылы да экологиялық туризмге жан бітіруге болатын секілді. Әрине, эко туризмнің тармағы мың, толғамы жүз. Мұнда әңгіме болғаны бір парасы ғана. Ендеше, сөзден іске көшетін кез жеткен секілді.

Қош, Берікқара, көргенше, қайта айналып келгенше…

«Тау самалынан» төмен түсе бере көшпелі туризммен тағы қауыштық. Жоғарыда айтқанымыздай, «Оңтүстік аңыздары» фестивалі аясында ел мен жер кезіп жүрген жиһанкез азаматтар дала төсінде еркін тынығуда. Қаз-қатар тігілген киіз үй. Атқа мінген жастар көкпардың қызығына берілген. Әнебір жерде жас балалар қазақша күрестен сынға түсіп жатса, сәл әріректе жуан білекті, жүректі жігіттер арқан тартысып әлек. Үстіне қазақы киім кигендерді де көз шалады. Солға бұрыла қалсаң, қыз бен жігіт алтыбақан теуіп, өнерлі өрендер домбыра тартып, ән шырқауда. Тұлпарлар тұяғының дүбірі делбені қоздырады. Шатқалдағы қазақ ауылы, этноауыл. Өзіміз Берікқарадан алыстай бергенмен, көзімізге мына көрініс дала терапиясындай көрініп кетпесі бар ма?! Қош, Берікқара, көргенше, қайта айналып келгенше!

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз-Жуалы-Тараз.

Суреттерді түсірген
Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

микро займ на карту