- Advertisement -

Адалдық пен әділдікті ту еткен

60

- Advertisement -

Ел аузына жақсы атпен ілігу, халық құрметіне бөлену – оңай емес. Есімі облыс, республика көлеміне танымал абзал аға, жан-жақты, терең білім мен білік, биік парасат иесі, бүкіл өмірін заң саласына арнаған ұлағатты заңгер Дабыл Жұбанышев – еліне еңбегімен елеулі болған азамат.

Қоғамның басты байлығы адам десек, оның құқығы мен бостандығын қорғауда сот билігінің алатын орны ерекше.
Біздің бүгінгі әңгімеміз мемлекет дамуының түрлі кезеңдерінде әрдайым әділдік пен адалдықтың ала жібін аттамай, заңдылықты сақтауды қызметінің өлшемі еткен, жарты ғасырға жуық заң саласында қызмет атқарған, соның ішінде 1958 жылдан бастап Жамбыл облыстық сотының төрағасы қызметін зейнетке шыққанға дейін 24 жыл бойы үзіліссіз атқарып, қызметтің өрінде, абыройдың төрінде болған, өз кәсібіне адал, жауапкершілік принциппен өзін сот саласында жақсы жағынан көрсеткен Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген заңгері Дабыл Жұбанышев туралы.
Дабыл аға балалық шағын еске алғанда:
– Мен 1919 жылдың 22 шілдесінде Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Жұбаныш жекенің сиырын бағушы еді. Мен ағаларыммен бірге өгізді ағаш соқаға жегіп жер жыртатынбыз. Көп ұзамай колхоздастыру кезеңі басталып, әкемнің сұрауымен біздің үйде мектеп ашылды. Жасымыз үлкен-кішілер араласып, кітап оқып, сауатымызды аштық.
1933 жылы колхоздың жолдамасымен Жамбылдағы ФЗО-ға оқуға түсіп, «Паровоз машинисінің көмекшісі» деген мамандық алып шықтым.
1935 жылы Жамбылдағы «Нархоз школа» мектебіне түсіп, оны үздік бағамен бітірген соң, жолдамамен Ресейдің Воронеж қаласындағы жоғары ауыл шаруашылығы курсын тәмамдап, «Бухгалтер-экономист, плановик» деген мамандық алып, елге оралдым, – дейтін.
1941 жылы жас маман өзінің туған ауылы Бірлесу-Еңбекте колхоздың бас есепшісі қызметін атқарады. Мол тәжірибе жинап, есеп-қисап саласының білікті маманы ретінде өзінің білгенін кейінгі жастарға үйретеді.
– Осы жылдары колхозда есепші-кассир болып жүргенімде маған Дабыл ағаның ықпалы көп тиді. Ол маған үнемі көмектесті, есепшінің барлық жұмысын үйретті. Менің мал дәрігерлік, есеп техникумдарына түсіп оқуыма жолдама бергізіп, оқуымды бітіруіме де жәрдемін аямады, – деп, ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығында қызмет еткен інілерінің бірі Сапарқұл Қалисаев еске алып отыратын.
Осы жылдары өз жұмысын мінсіз атқарумен бірге ауданның қоғамдық жұмысына белсене араласады. Жамбыл аудандық кеңесінің шешімімен аудандық соттың заседателі болып бекітіледі.
Колхоздың бас есепшісі қызметін істеп жүргенде жоғары білім алу керек екендігін ойлап, 1943 жылы Алматыдағы заң институтына сырттай оқуға түсіп, оқи жүріп сот қызметіне ауысады.
1946-1952 жылдары Жамбыл, Талас аудандық сотының, Жамбыл қалалық сотының төрағасы, 1952-1955 жылдары Жамбыл облыстық соты төрағасының орынбасары, 1955-1958 жылдары Қызылорда облыстық сотының төрағасы, ал 1958-1982 жылдары зейнет жасына шыққанға дейін 24 жыл Жамбыл облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды. Барлық қызметке Қазақ ССР Жоғарғы сотының бекітуімен сайланып отырды.
Қазақтың төбе биі Төле бидің «Тура биде туған жоқ», «Өзіңе өзің кәміл бол, халқыңа әділ бол» деген ұстанымдарын бойына сіңіріп, «Ақты ақ, қараны қара» деп бағалап, қара қылды қақ жарып, әділ қазылық етті. Әділдікті ту етіп небір күрделі істерді абыроймен әділ шешіп отырды. Барлық қызметте жоғары біліктілігімен, зор еңбекқорлығымен алдында тұрған міндеттерді мінсіз орындап, туындаған мәселелерді байыппен шеше білді.
Ол ұтқыр ұйымдастырушы, сауатты басшы, сергек те сезімтал, арлы да адал азамат еді. Дабыл аға өзіне лайықты шәкірттер дайындауға да көп көңіл бөлді. Өзі құрметті демалысқа шыққаннан кейін облыстық сотты әр жылдары басқарған А.Садуақасов, М.Әбілқайыров, Э.Иовов, қалалық сотты басқарған Нарматов, 2009-2016 жылдары ҚР Жоғарғы сотының төрағасы қызметін атқарған Мұсабек Әлімбеков, Бектас Бекназаров – тікелей қарамағында қызмет істеген шәкірттері.
– Мен Жамбыл облыстық соты ұжымында жүргенімде бірінші жол көрсетуші, абыройы асқар таудай биік, шынайы шындықтың иесі, талапкер ұстазым Дабыл Жұбанышев болды. Ол мені көп іске үйретті, ұстазымды зор ықыласпен құрметтеп, алдында басымды иемін, – деп ағынан жарылған еді ҚР Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы М.Әлімбеков.
Ал Жамбыл облыстық сотының төрағасы болған М.Әбілқайыров облыстық сот отырысында:
– Дабыл аға қарамағындағы мамандарды ұдайы үйретіп отырды. Қолынан келген қамқорлығын ешкімнен аяған емес, алдымыздағы асқар тауымыз еді, – деп баяндаған болатын.
Мен өзім Дабыл ағаның үйіне сәлем бере барғанымда жұмысымды сұрап:
– Естеріңде болсын, жұмыстарыңды таза істеңдер, жаман іс-әрекетке жақындамаңдар, бір жерде жұмыс істеп, сол жерде көрініп көгеріңдер. Мен ширек ғасыр Жамбыл облыстық сотының төрағасы қызметінде обкомның 7 бірінші хатшысымен қызметтес болдым, әрқайсысымен тіл табысып жұмыс істеу оңай болған жоқ, – деп айтқан ақылдарын жиі есіме аламын.
Республика деңгейіндегі дербес зейнеткер құрметті демалыста бола жүріп, өмірінің соңына дейін облыстық адвокаттар алқасында еңбек етті.
Дабыл ағаның сол кездерде облыс көлемінде лауазымды қызмет атқарған, аралас болған қатарларын да айта кетсек, олар – С.Есімов, Түйебеков, С.Аққозиев, Т.Төребеков, Досыбиев, А.Өтеулин, Т.Дүйсебаев, Ф.Қыпшақбаев, Ф.Үркімбаев, Х.Бейсеев, Ж.Жұмәділов, Т.Темірбеков, К.Баялиев, Б.Жаңабаев, Л.Ахметова тағы басқа жақын інілері – С.Абдиев, Е.Демесінов, Ә.Жүргенов, О.Зубаиров, Ж.Мәмбеталиев, Н.Оңлабеков, Д.Мырқалықов, Ы.Шайсламов…
Ардақты Дабыл ағамыз бен ақ көңіл, ашық мінезді, алтын құрсақты батыр ана Ұмытшақ жеңгеміз 11 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді, барлығының жоғары білім алуына жағдай жасады.
Үлкендері Тамара Дабылқызы көп жылдар облыстық денсаулық сақтау саласында лауазымды қызметтер атқарды, қазір де еңбек етіп келеді. Басқа ұл-қыздары да әр салада. Құрылысшы, ұстаз, экономист, кәсіпкер болып еңбек етіп жүр.
«Жақсы адам – ел ырысы» дегендей, Дабыл Жұбанышев 47 жыл заң саласында қызмет етіп, оның 27 жылында Жамбыл және Қызылорда облыстық соттарының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген юрист» атағын алды, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты, Жоғарғы Кеңес президиумының, Қазақ ССР Жоғарғы сотының, Әділет министрлігінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. Жамбыл облыстық кеңесінің алты шақырылымында депутат болып сайланды, обкомның тұрақты бюро мүшесі.
Ол кісі жеке көлік мінбеді, жеке жер үй, саяжай тұрғызбады, байлық пен мансапқа қызықпады, барды қанағат етіп, өкіметтің көпқабатты үйінен берілген пәтерінде қарапайым ел қатарлы өмір сүрді. Ол кісі 1995 жылы 76 жасында қайтыс болды.
Есімін есте қалдыру мақсатында облыс әкімінің шешімімен Төле би көшесінің бойындағы тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды, бұрынғы Комсомол көшесі Дабыл Жұбанышев көшесі болып аталды. Ол Жамбыл облысы мен Жамбыл қаласының Құрметті азаматы атанды. Бұл марапаттың барлығы еліне сіңірген еңбегіне берілген баға.
Дабыл ағаның өмірге келгеніне биыл 100 жыл толады. Ардақты да қамқор ағаның өмірлік өнегесі, халық алдындағы қалтқысыз еңбегі, ізгі істері еш ұмытылмайды.
Артында қалған ұл-қыздары, немерелері Дабыл ағаның 100 жылдығына орай 2 мамыр күні құран бағыштап, ас таратады. Бірлесу-Еңбек ауылында көкпар беріледі.
Дабыл ағаның жатқан жерінің топырағы торқа болып, пейіште нұры шалқысын. Алла артында қалған ұрпақтарына бақытты ғұмыр, жарқын болашақ нәсіп етсін. Жақсы істеріңіз бен жарқын бейнеңіз жадымызда, жайсаң да қамқор аға!

Асылхан ДАРМҰРЗАЕВ,
сот саласының ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support