- Advertisement -

Балғындар қуанса,бар әлем мейірімге толады

101

- Advertisement -

Дүниеде ана мен баланың қуанышынан асқан не бар дейсіз?! Балғындар шаттанса, әке-шешенің жүзі шырайлы. Бүлдіршіндердің балалық шағы қамсыз өткені – солар өмір сүрген қоғамның жайлылығы емес пе?! Өткен демалыс күндерінде Тараз қаласына гастрольмен келген әйгілі «Акула» циркіне барған жас жеткіншектердің көзіндегі шат-шадыман шаттықты көріп, осылай ой түйдік.
Цирк қойылымын көптеген жамбылдық балғындар тегін тамашалауға мүмкіндік алды. Бұған аймақтағы коммерциялық «77 ТВ» арнасы мұрындық болды. Аталған ұжымның директоры Зарина Қуатова телеарнаның 3 жылдығына орай, «Балаларға базарлық» акциясын ұйымдастырды. «Былтыр 2 жылдықты Open Air форматындағы шоу концертпен өткізсек, биыл төл мерекеміздің қарсаңында балаларға қуаныш сыйлауды жөн көрдік», – дейді Зарина.
Тараз қаласына гастрольмен келген әйгілі «Акула» циркіне тегін кіру мүмкіндігіне Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернаты, Қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы, Тараз қалалық, алайда шаһардан тысқарырақ орналасқан №56 орта мектептің оқушылары, сондай-ақ әріптестердің, яғни БАҚ өкілдерінің балалары мен тіпті оларды жетектеген ересектер де ие болды. Олар циркті тамашалап, бір сәт балдәурен балғын шаққа енгендей күй кешті. Солардың бірі – «Құмшағал» ықшам ауданынан оқушыларын алып келген Зәуре Ертаева. Ұстаз жоғарыға байланған жіпке шырмала жүріп, көз ілеспес қимылдарды қорықпай орындаған «буынсыз» Ирина Душаканова, жол талғамайтын ауыр көлікті үстінен өткізіп, зілдей 6 гір тасы ілінген темірге қос азаматты тұрғызып қойып, соның барлығын бір арқанмен тістеп көтерген Диор Саламовтың өнеріне тәнті болғанын айтады. Себебі мұндағы бір гірдің салмағы 32 килограмды құрайды.
Жүзі балбұл жанған кішкентайлардың да қуанышында шек жоқ. Мәселен, 6 жасар Фариза Әбдіқадір маймылдарды жақыннан көріп, әдемі иттерді көргеніне мәз. Оның 4 жастағы сіңлісі Сабина жіпте (керілген арқан – автор) жүрген кейіпкерге қарап таңғалыпты.
Жалпы аталмыш телеарна ұжымы қайырымдылық шараларын жиі-жиі ұйымдастырып тұрады. Оның ең алғашқысы Тараз қаласында қоныс тепкен Аналар үйіне жасалған қайырымдылық шарасы еді. «77-ліктер» кәсіпкерлерді де осы үйге көмектесуге жұмылдырып, бір ізгі бастаманы қолға алғаны есте. Одан бөлек, Жаңа жыл қарсаңында Қабылбек Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйі, қазіргі Қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығындағы тәрбиеленушілердің түгеліне сыйлықтар табыс еткені де құптарлық іс.
Иә, өңіріміздегі небәрі қос телеарнаның бірі, аймақтағы хабар тарату желісі бар жалғыз ғана коммерциялық «77 ТВ» арнасына осы айда 3 жыл толып отыр. Бұл ұжымның құрылғанына көп болмаса да, көргені көп, бастан өткергені, қиындыққа мойымай, болашаққа ұмтылысы қарқынды, келешекке деген сенімі мол. Коммерциялық бола тұра, бұл телеарна рейтинг «қумай», жалаң дүниеге бас ұрмай, көзі қарақты көрермендерінің көңілін бос дүниемен аулаудан аулақ. Өйткені арзан телеарнаның ғұмыры ұзаққа бармайды дейді «77-ліктер». Сондықтан кішкентай дүние жасасақ та оны сапалы етуді және халықтың көңілінен шығуды мақсат тұтамыз дейді қайырымдылық жасаудан да қалыс қалмай келе жатқан әріптестеріміз.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Дүниеде баланың у-шуынан асқан әуен ойлап табу мүмкін емес» деген екен. Олай болса, бүлдіршіндердің қуанышынан асқан бақыт болсын ба?! Ал балақайларды шат-шадыман көңіл-күйге бөлеп жүрген «77 ТВ» телеарнасының ұжымына балалардың да, ата-аналардың да айтар алғысы шексіз.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support