- Advertisement -

Жарылқаушым — жан анам

67

- Advertisement -

Перзент үшін әке мен ананың жақындығы бірдей ғой. Дегенмен әр бала шеше алдында өзін еркін ұстайды әрі бар еркелігін соған көрсетіп жатады. Бұл бәлкім, аналарымыздың әкенің рөлін күшейтіп, айбарын арттырып отыратындығынан шығар, кім білсін?! Қалай десек те, отбасында ата – айбын, ана айдын көл секілді. Шаршағанда саялайсың, мұң шағасың, сыр бөлісесің.
Менің құрбым да, қамқоршым да, өмірлік ұстазым да – анам. Бұлай дейтін себебім, дертке душар болған кезімде күн-түн демей мені күзетіп, жайымды бақты. Жан қиналысымды қабағымнан сезіп, өзінің шаршап-шалдыққанын сездірмей, бар махаббаты мен күш-жігері, қажыр-қайратымен қуат берді. Сөйтіп бар қиындықты қайсарлықпен жеңе білді. Шалдыққан кеселімнен айықтырды. Жылы жүзімен, мейірім-нұрымен өмірімнің мәнін кіргізді, әрі қарай шыңға шығуыма себепші болды.
Ол үнемі жардан құлағандай тұңғиыққа шым бататын сәттерімде қолын созып, үнемі қасымнан табылды. Маған көрсетпей жасын сығып, қаншама таңды ұйқысыз атырғаны бір Аллаға аян. Сондықтан бірінші жарылқаушым – Жаратқан болса, екіншісі асыл анам деп есептеймін. Қандай ата-ана бауыр еті баласының отаға түскенін қалайды. Әрине ондайда жүрегі езілмей қоймайды олардың. Алайда соның бәріне мойымай, еңсесін көтеріп, басын тік ұстап, менің бойыма ертеңге деген үміт отын жаққан, қуат дарытқан да жарқыным – анам.
Ана – әлемдегі ардақты да аяулы жан. Осы бір небәрі үш-ақ әріптен құралған сөз өн бойына орасан ұлылықты сыйдырып жатыр емес пе?! Құдіретті атты естігенде бойымызға жылу тарайтыны рас. Ол өмірдің шуағы, мәні мен сәні емес пе?! Халқымызда «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады», «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген сөздер бекер айтылмаған.

Жанна ПІРІМБЕК,
№43 орта мектептің
11-сынып оқушысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support