- Advertisement -

Оксана алтынмен оралды

31

- Advertisement -

Біздің өңірде қол күресінен әлемдік аламандарда атой салып жүрген спортшылар жеткілікті. Олардың жарқын жеңістерін осы спорт түріне аңсары ауған жанкүйерлер өте жақсы біледі десек, қателеспеспіз. Сондай мықтылардың бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті – Оксана Письменная. Көптеген халықаралық аламандарда қатарынан оза шауып, жеңістің биік тұғырынан көрініп жүрген армрестлинг шебері жақында тағы бір додадан олжалы оралды.
Швейцарияның Женева қаласында өткізіліп келе жатқан «Gladiators night» турниріне аттанған Оксана сенім үдесінен шыға білді. Ол бұл жарысқа бапкері Виталий Трубинмен бірге тыңғылықты дайындалған болатын. Тынымсыз төгілген тер өз жемісін берді. Жаһанның кіл мықты қол күрес шеберлері топқа түскен аламанда Оксана солақайлар арасындағы жарысқа қатысып, шын мықтыға тұсау болмайтынын дәлелдеді. Дода барысында қарсыластарының барлығынан басым түскен Оксана Письменная алтыннан алқа тағынып, мерейімізді тасытып отыр.
Жалпы қандай жарысқа қатысса да үздіктердің қатарынан көрініп жүрген Оксананың алдында әлі талай биік асулар тұрғаны сөзсіз. «Мен қашанда зау биіктерді бағындыруға талпынамын. Бәсі басым додаларда ел намысын абыроймен қорғау – қасиетті парызымыз. Оны жан жүрегіммен түйсінемін. Алдағы уақытта да өзімнің спорттық бабымды жоғалтпай, еліміздің көк туын көкте желбіретуге күш саламын. Жарқын жеңістер бізді рухтандыратынын сезінемін. Ең бастысы жанкүйерлеріміздің қолдауына риза боламын», – дейді Оксана. Біз де спортшы қызымыздың болашақта көптеген аламандарда жеңіс тұғырынан көрінетініне бек сенімдіміз.

Жанар БЕКБЕРГЕНОВА,
М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support