- Advertisement -

«Достық» алаңына Елбасы есімін беру – есті шешім

32

- Advertisement -

Тараз қалалық әкімдігі ғимаратында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауы ұйымдастырылды. Алқалы жиын арнайы жұмыс тобының жетекшісі, №12 сайлау округінің депутаты Ғазизжан Мадимаровтың төрағалық етуімен жүргізілді.
– «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 13-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының нормаларына сәйкес, Тараз қаласындағы «Достық» алаңын Нұрсұлтан Назарбаев алаңы деп атау туралы ұсыныстың негізінде, тұрақты комиссиялардың көпшілік тыңдауын ұйымдастырып отырмыз, – дей келе, Ғазизжан Жақсығұлұлы жұмыс тобының құрамымен және қатысып отырған азаматтармен таныстырып өтті.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева баяндама жасады.

– Тараз қаласындағы «Достық» алаңын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен қайта атау туралы ұсыныс Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров пен аталған кәсіпорын ұжымынан, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастаннан түскен.
1997 жылғы 17 мамырдағы Тараз қаласы әкімінің және бірінші шақырылған қалалық мәслихатының ХХІІ сессиясының 2545 шешіміне сәйкес, В.И.Ленин атындағы 1 гектар 25 шаршы метрді құрайтын алаң «Достық» аталған болатын.
Тұрақты комиссияның қарауына ұсынылып отырған бұл ұсыныс сіздердің тараптан қолдау тапса, тиісті құжаттары жинақталып, республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданады, – деді баяндамашы.
Ұсыныстан кейін мінберге шыққан облыстық мәслихат депутаты Масат Берік Елбасының есімін алаңға беру үшін небәрі 3-ақ себеп жеткілікті дейді. Масат Әшімұлының айтуына қарағанда, олар: Кеңес өкіметі ыдыраған жылдардағы қиын-қыстау шақтан елді алып шыққандығы, мемлекет шекарасын бекітуі және әсем қала елорданың кірпішін қалап, әлем тамсанатын бақордаға айналдыруы. «Аталған тарихи жұмыстар мен ересен еңбегінің құрметін адам көзі тірісінде неге көрмеске? Ал түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, халықтар достығын ту еткен тұлғаның есімін «Достық» алаңына беру өте орынды және оған кереғар пікір болуы әсте мүмкін емес. Себебі Елбасыға деген сүйіспеншілігімізді алтынмен апталған ескерткіш қойып ұлықтасақ та аздық етеді», – деді облыстық мәслихат депутаты.
Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Федор Клименко тақырып аясында ой өрбітіп, Тұңғыш Президентпен бірнеше рет жүздескенін еске алды. Тіпті Тұңғыш Президенттің көшбасшылық қабілеті мен көрегендік қасиетіне өзі де бірнеше рет куә болғанын баса айтты.
Отырыс соңында күн тәртібіндегі мәселе дауысқа салынып, қаулы қабылданды. Баяндамашы айтпақшы, мақұлданған бұл ұсыныс енді республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданатын болды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support