- Advertisement -

Оқушылар театры ойға жетеледі

72

- Advertisement -

Біраз жыл бұрын бір байқауда Құлан ауылындағы Ә.Бөкейханов атындағы №2 орта мектептің оқушыларының сахналық қойылымын тамашалағаным бар. Қазақ ертегісін мүлдем жаңаша сахналады. Режиссерлік шешімі де өзгеше. Декорация жасауда да жоқтан бар құрап, тапқырлық танытқандарына таңғалғанмын. Сол жолы көпшілік ауыл өнерпаздарының өнерге деген құштарлықтарына риза болған.
Сырғып өткен жылдар, уақытпен бірге түрленген заман. Мәдениет саласындағы күн сайын орын алып жатқан жаңалықтар жас жеткіншектердің өнер әлеміне қарай қадам басқан сол бір тың талпынысын ұмыттырып жіберіпті. Әйтеуір оқушылар құрған «Жас талант» театрының тыныс-тіршілігі назарымнан тыс қалған екен. Жақында осы театр үйірмесінің жаңа құрамы Атырау қаласында өткен республикалық «Театрдың таңғажайып әлемі» атты фестивальде Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас өнерпаздарға ғана жол беріп, 2-орынды олжалап оралыпты.
– Атыраудағы республикалық фестивальге 8 оқушы бардық. Біз Нұргерім Нұрлан, Батырхан Медет, Аяулым Бекенқызы, Дана Ермек, Аян Аманбай, Қайрат Медеров, Әзім Үтенияз деген құрбы-құрдастарым осы байқауға «олжасыз қайтпаймыз» деп нық сеніммен бардық. Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драмасын сахналадық, – дейді «Жас талант» театрының жас актері Бейбарыссұлтан Тынышбек.
Он жеті жылдық тарихы бар «Жас талант» театры үйірмесі бұған дейін бірнеше республикалық, халықаралық, байқауларға қатысып, көптеген жетістіктерге жеткен. Осы уақыт аралығында өнерпаздар құрамы бірнеше рет жаңарды да. Жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәулен Тобықов іскерлігі мен ізденгіштігінің арқасында бүгінде директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары болған. Бірақ жастарды өнерге баулудың қаншалықты маңызды екенін түсініп, үйірме жұмысын тоқтатқан емес. «Сахна мәдениеті» деген авторлық бағдарламасын әлі де жетілдіре түсуді көздеп отыр.

 

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support