Елі ерке ақынын еске алды

Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Таластың талантты перзенттерінің бірі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Талас ауданының Құрметті азаматы Нарша Қашағанұлын еске алуға арналған «Елдегі ерке ақын еді…» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Дарынды ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан тұрғындарымен қатар, елімізге танымал қаламгерлер мен өнер иелері қатысты.
Әдеби-сазды кеш ақынның көзі тірісінде облыстық «Jambyl» телеарнасына берген сұхбатымен басталды.
Арқалы ақынды әуел бастан-ақ қадір тұтқан жерлестері бейнетаспа арқылы көрсетілген сыр-сұхбатты тамашалай отырып, оның шығармашылық әлеуеті мен шынайы дарын иесі екендігіне тағы да бір көз жеткізгендей әсерде болғаны анық.
Осынау кешке арнайы шақырылған жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Талас ауданының Құрметті азаматы, облыстық «Аq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы рухани ағасы жайлы естелігімен бөлісті.
«Алдымен осынау маңызы зор іс-шараны ұйымдастырған аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне шынайы ризашылығымды білдіремін. Нарша ағамен бір ауылдан түлеп ұшқандығымыз жайлы көзі қарақты жұртшылық хабардар деп ойлаймын. Сонау бір жылдары аудандық «Ленин жолы», қазіргі «Талас тынысы» газетінде қатар қызмет еттік. Талай-талай қызыққа толы сәттердің куәсі болдық. Қайсыбірін айтайын, Нәкеңмен сырласқан, сыйласқан, бірге жүрген күндерімізді қазір есіме алсам, жастық шағымыздың шуағы мен шапағаты мол кезеңдер екен. Енді осы әдеби-сазды кешті облыс орталығы – Тараз қаласында да ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді», – деді ол.
Мұнан соң жазушы-драматург, Қазақстанның мәдениет қайраткері, облыстық қазақ драма театрының директоры, Талас ауданының Құрметті азаматы Болат Бекжанов өз ойын ортаға салды. «Жалпы Нарша ағамыз дисертация қорғамаса да ғалым іспетті жан еді. Егер онымен халық әндері жайлы әңгімелесе қалсаң, сол саланың айтулы маманымен ой бөліскендей әсерде қалар едіңіз. Бейнелеу өнері жайлы аз-кем шүйіркелесе қалсаңыз, бейнебір нағыз қылқалам шеберімен тілдескендей күй кешерсіз. Кейде жыр-дастандар мен жыраулар поэзиясы жайында пікірлессеңіз, нағыз әдебиеттанушы деп ойлауыңыз анық.
Иә, ол сан қырлы талант иесі еді. Қоңыр даусымен әуелетіп ән салғанда жан-дүниеңіз ерекше бір күйге бөленетін. Нарша ағамыз бір ауданның рухы болатын.
Таласта жүріп-ақ, Алашқа танылды. Ол – ақынның қабілет-қарымының, шынайы дарын иесі екендігінің айқын дәлелі болса керек. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға ризамыз», – деді ол ойын түйіндеп.
Аудандық мәслихат аппаратының басшысы, ауданның Құрметті азаматы, ақын Сабырғали Рысбаев өзінің бұрынырақта жазған арнау өлеңін оқып, Нарша ақын жайындағы әсерлі ойын жеткізді. Есімі елге белгілі композитор, ауданның Құрметті азаматы Әуесхан Салабеков кезінде Нарша ақынмен шығармашылық байланыста болып, бірнеше өлеңдеріне ән жазған еді. Соның бірі «Хат жазып тұр» атты әсем әнді кеш барысында Ә.Салабеков гитараның сүйемелдеуімен шарықтата шырқады. Оның шәкірттері Берік Жорабек пен Сабыржан Құдиярхан өнерсүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленген «Рахмет саған, туған ел», «Сені ойлаймын», «Жақсылық жаса адамға» әндерін орындаса, Қаратау қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің оқушылары Жандос, Елдос, Нұрғиса Нұрланұлдары ақынның бірнеше өлеңдерін нәшіне келтіріп, жатқа оқыды. Көрермен қауымды әдемі әсерге бөлеген іс-шара «Көңілашар» үштігінің орындауындағы ақынның сөзіне жазылған Талас ауданының Құрметті азаматы Қуандық Кенжебаевтың «Таласым» әнімен аяқталды.

Индира ЕРКІНҚЫЗЫ,
журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту