- Advertisement -

Жәнібектің жеңісі

49

- Advertisement -

Әуесқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой боксқа ауысқалы да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, жанкүйерлерді қуантып келе жатқаны баршамызға мәлім. Орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген отандасымыз кәсіпқой рингтегі алтыншы жекпе-жегінде мексикалық Кристиан Оливасқа қарсы шаршы алаңға көтерілді. Бұл кездесуде екі боксшы WBO Global және WBC Continental Americas белбеуін сарапқа салды.
АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен шайқасты қазақстандық боксшы қарқынды бастады. «Қазақ бокс стилін мұхиттың арғы бетіне танытамын» деп жүрген Жәнібек шаршы алаңда еркін ойқастады. Қажет кезінде Оливасқа соққысын дарытып, қолды аяққа тұрмаған қазақ оғланы мексикалықты әбден жүрісінен жаңылдырды. Екінші раундта ринг ортасында тік тұрып та, орта қашықтықта комбинациялық шабуылдар ұйымдастырып, алыс қашықтықтан джеб соққыларын дөп тигізе білген отандасымыздың аяқ алысы да көз қуантты. Қарсыластың шабуылынан шалт қимылдары арқылы жалтарып кетіп жатқаны да әдемі көрініс.
Он раундқа жоспарланған шайқаста сайыпқыранымыз өзін барлық қырынан көрсетті. Бұл жекпе-жекте нокдаун немесе нокаут болмады демесек, Әлімханұлының Оливастан бәсі жоғары екенін көз көрді. Оның апперкот соққыларын әбден тексергенін де байқадық. Қарсыласының екі аяғының сыртына кезек шығып, қапталдан әдемі соққылар жұмсағаны да көңілге қонды. Он раунд бойы мексикалықты тықсыртқан Жәнібектің жарқын мәнердегі жеңісіне ешкім шүбә келтірмеген болатын. Төрешілер де біздің бұл ойымызды құптағандай айқын басымдылықпен жеңісті Жәнібек Әлімханұлының еншісіне жазды.
Шайқас аяқталғаннан кейін өз ойымен бөліскен қазақстандық былғары қолғап шебері он раунд барысында өзін сынап көргісі, тәжірибе жинағысы келгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол осындай кездесулер арқылы үлкен жекпе-жектерге дайындығын пысықтауды жөн көретінін де жеткізді.
Алтыншы шайқасында екінші дәрежелі екі бірдей белбеуді иеленген Жәнібек Әлімханұлы рейтингтегі жағдайын да жақсартып алды. Ол қазіргі кезде орта салмақ дәрежесінде елу екінші орынға орныққан. Бұл салмақта мексикалық Сауль Альварес көш бастаса, екінші орында даңқты отандасымыз Геннадий Головкин тұр. Тағы бір қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов қырқыншы орынға жайғасқан.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support