- Advertisement -

Темір жол саласында сыбайластық бар ма?

44

- Advertisement -

Темір жол саласында бармақ басты, көз қысты мәселелер тыйылмай тұр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Н.Еркебаев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалының директоры Ю.Николаев, республикалық «Адал жол» жобалық кеңсесінің жетекшісі И.Майшекин, Көліктік бақылау инспекциясының Жамбыл стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің өкілдері, Жамбыл темір жол вокзалының басшылығы мен қызметкерлері, арнайы мониторингтік топ мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысқан жиында айтылды.
«Адал жол» жобасын жүзеге асыру аясында темір жолдағы жолаушылар тасымалдау саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау мақсатында тұрақты түрде әртүрлі шаралар өткізіліп тұрады. Биылғы жылдың 26 наурызынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық команиясының басшылығы тарапынан жол картасы жасалып, оған қоғамдық ұйымдардың, арнайы мониторингтік топ өкілдерінің араласуы арқылы жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірқатар жұмыс жоспары белгіленді. Осыған орай енді жолаушылар тасымалы қызметі мен жүк пойыздарының жұмысы қатаң бақылауға алынатын болады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің қызметкерлері арнайы мониторингтік топ мүшелерімен, облыстық көліктік бақылау инспекциясының, желілік ішкі істер бөлімінің өкілдерімен бірлесе отырып облыс аумағынан өтетін бірқатар пойыздарда рейд жүргізіп, «Жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізген іс-шаралары кезінде жекелеген азаматтардың жолаушыларды билетсіз пойызға салып жіберу арқылы заңсыз делдалдықпен айналысу және кейбір пойыз жолсеріктерінің белгілі бір ақшалай сыйақыға жолаушыларды билетсіз алуға келісу фактілерін анықтаған.
Басқосуда облыс бойынша Жамбыл адалдық алаңы жобалық ұйымның жетекшісі Қайрат Ертілесов Жамбыл темір жол бекетінде арнайы жүргізілген тексеру нәтижесіне сәйкес орын алған кемшіліктерді тізіп шықты. Атап айтар болсақ, темір жол бекетінде заңсыз қызмет көрсетуші азаматтардың Елордаға бет алған жолаушыны «Сарыағаш-Астана» бағыты бойынша жүретін пойыз жолсерігімен келісу арқылы 10 000 теңгеге билетсіз отырғызу фактісін анықтаған. Делдал бұл қызметі үшін аталған соманың 1000 теңгесін өзіне қалдыратын көрінеді. Бір қызығы, темір жол бекетіне қарасты салаға жауапты мамандар делдалдық қызметтің бұл түріне осы уақытқа дейін көз жұма қараған секілді. Ал кейбір пойыздың жолсеріктері билетсіз жолаушыны діттеген жеріне дейін орынмен қамтамасыз етуге және ол орынға жол бойы ешкімді отырғызбайтынына кепілдік береді. Одан бөлек №377 «Маңғышылақ-Алматы» пойызының жолсерігі жолаушының төменгі орынға жайғасып, қалаған жеріне 5000 теңгеге жеткізетінін ашық айтқан. Сондай-ақ №23 пойыздың жолсерігі өтініш білдірген белгісіз азаматтың затын Алматы қаласына небәрі 1 000 теңгеге апарып беруге келіскен. Осы және өзге де мәселелер бойынша хаттама толтырылып, жауапты мекемелерге жолданды. Зерделеу нәтижесіне сәйкес темір жол саласындағы құқық бұзушылықтың басым бөлігі көп жағдайда жолаушылар билетінің жетіспеушілігінен туындайтыны анықталды. Бұл тұрғыда сала мамандары тарапынан тиісті бақылаудың төмендігі де айтылды. Басқосуда «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі алдын ала жасырын бейнекамераға жазылып алынған таспаны қатысушыларға көрсетті. Орын алған құқық бұзушылықтардың себеп-салдары жан-жақты талқыланып, жиналғандар темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін жою жөніндегі ойларын ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді.

 

Алпамыс ҚАЗЫБАЕВ

Тараз қаласы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support