- Advertisement -

Егістіктерді зиянкестерден қорғау – өзекті іс

38

- Advertisement -

Көктем шығып, жердің тоңы жібіп, кең далада дүрбелең тіршілік басталғалы бері біраз уақыт өтті. Жалпы егіннің бітік шығып, өнімінің мол болуы топырақтың құнарына, су мен жылудың мөлшеріне ғана емес, алқаптың зиянкестерден дер кезінде қорғалуына да тікелей байланысты екендігі анық. Бұдан екі жыл бұрын үйірлі шегірткелердің өңірге келтірген залалы шаруа қауымның әлі күнге есінде.
Осыған орай Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның бастамасымен облыс көлемінде аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстары бойынша көшпелі штаб отырысы өткізілді. Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты «Аэросервис-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткен басқосуға аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және аудандық аумақтық инспекциялар, ауыл шаруашылығы басқармасы мен бөлімдерінің басшылары, «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау, әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық, аудандық филиалдарының директорлары, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары қатысты.
Іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітековтің облыс аумағында аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шараларын хабарламалық стендтермен және арнайы техникалармен таныстыруынан басталды. Таныстырылым барысында облыс бойынша ағымдағы жылы ерекше қауіпті, зиянды организмдерге және карантиндік нысандарға жүргізілетін мониторингтік іс-шаралар, үйірлі (марокко, итальян прусы, азиялық) шегірткелердің көпжылдық көрсеткіштері, оларға қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының көлемі мен жұмылдырылатын техникалар, шегіртке күбіршіктерінің қоныстануына күзгі тексерудің көлемі және де болжамдар туралы мәліметтер келтірілді.
Сонымен қатар кеңеске қатысушыларды «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау, әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының директоры Жәнібек Кеңесбеков аса қауіпті саналатын шегіртке түрлерімен таныстырып өтті.
Бұдан кейін жиын облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев төрағалық еткен штаб отырысымен жалғасып, онда Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрайымының орынбасары Алмабек Марсұлы, Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ринат Туменов баяндама жасады.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 20 сәуірінде облыста аса қауіпті саналатын үш түрлі марокколық, итальяндық прус және азиялық шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталады.
Өткен жылғы жазғы шағылысу кезінде жасалған анықтау жұмыстарының әдістемелік есептеулері нәтижесіне сай, биылғы жылы шегірткеге қарсы 184,5 мың гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде, 89,8 мың гектар марокко шегірткесіне, 75,9 мың гектар итальяндық шегірткеге, 18,8 мың гектар азиялық шегірткеге қарсы өңделмек. Осы жұмыстарға 130-ға жуық маман тартылып, 34 бірлік бүріккіш жабдықтар мен 5 ұшақ әзірленген екен. Аймақтың 70 пайызы жер үсті жабдығымен, ал, қалған 30 пайызы ауамен өңделіп, 11 мың литрден жоғары тиімді дәрілік заттар қолданылатын болады.
Өткір де өзекті мәселені қаузаған басқосуда сала мамандары тарапынан дабылдық хабарлама беру үшін ғаламтор желісіне қосылу, жалақы мен іссапарға төленетін қаржы, карантиндік арамшөптерге қарсы күрес, арнайы техникаларды жаңарту мәселелеріне байланысты бірқатар ұсыныстар жасалды.
Жиын соңында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Сұлтанбайқызы мен облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев көтерілген әрбір мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салып, бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support