Мұғалімдер мен мемқызметшілер сайлауға келуге мəжбүрленбейді

Мұғалімдер мен мемқызметшілер сайлауға келуге мəжбүрленбейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауында белгілі бір кандидатқа дауыс беруге қатысты мәжбүрлеу болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кезектен тыс Президент сайлауы туралы елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілерді сайлауға келуге мәжбүрлеу бола ма деген сұрақ қойған еді. Тілшілер сайлау учаскесінде тіпті селфи жасау міндеттелгені жайлы бұрын ақпарат тарағанын айтып сауал тастаған еді.

«Біз ешкімді мәжбүрлегелі отырған жоқпыз. Алайда дауыс беру үшін сайлау учаскесіне келуге шақырамыз. Әлбетте, «барыңыздар, дауыс беріңіздер» деп айтамыз, бірақ селфи жасату деген секілді, әрине, жағдайлар болмайды», — дейді Азамат Ахмеджанов.

Оның айтуынша, мәжбүрлеу жағдайлары кездесіп жататын болса, елордалықтар Ikomek қызметіне шағым түсіре алады.

«Ikomek-тен келген ақпарат әкімдік аппаратына түседі. Әлбетте, барлығын сайлауға шақырамыз, бірақ мәжбүрлемейміз», — дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда 9 маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауында елордалықтар 304 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Баспасөз мәслихаты барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов сондай-ақ, елордада тіркелмей жұмыс істеп жүрген азаматтар қалай дауыс бере алатынын түсіндірген болатын.

 

kazinform.kz

Comments are closed.

микро займ на карту