«Өмір шұғыласы»

Жас талант Умида Ахунджанованың кітабы таныстырылды

Умида Ахунджанованың мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қарымы шексіз. Ол №23 орта мектептің 8-сыныбында оқиды. Кейіпкеріміз өмірді сүйеді. Қазіргі кезде ол шығармашылықпен айналысып, әңгіме, естеліктер жазып жүр. Умиданың «Бақыт кілті» атты кітабы былтыр жарық көрген болатын. Биыл «Өмір шұғыласы» атты екінші кітабы баспадан шығып, облыстық қазақ драма театрында тұсауы кесілді. Бұл кітаптың жарық көруіне облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев қолұшын берген. Жоғарыда аты аталған екі кітапта да Умида өзінің өмірін жазады. Жүрек толғанысын жеткізіп, тебіренеді. Умида жазған кітаптарды толқымай оқу мүмкін емес. Тұсаукесер кешті «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов сөз сөйлеп ашып, Умиданың өмірге құштарлығына ризашылығын білдіріп, сыйлықтар берді. Мұнан соң облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова, жүзуден Рио паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Габидуллина, «Қамқор ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Мамырайымова, №23 орта мектептің директоры Ардақ Рысбаева сөз сөйлеп, Умиданың табандылығына, талабына ризашылықтарын білдірді.
Кейіннен «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің атынан келген өнерпаздар ән шырқап, «Асыл арман» би тобы өнер көрсетті. Гүлзат Артаева шырқаған әндер көпшілік көңілінен шықты. Бұдан соң Умида Ахунджанова сөз сөйлеп, өзінің шығармашылығымен, кітап жазу барысындағы тәсілдерімен бөлісіп, барлық келушілерге алғысын білдірді. Енді тағы бір кешті Алматыда өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Алдында әпкелері бар. Умида – кенже қызым. Қызымның жағдайын көріп отырсыздар. Бірақ талабы, таланты, өмірге құштарлығы өте жоғары. Осы кешке қамқорлық көрсеткен облыстық іскер әйелдер қауымдастығына, «Қамқор ана» қоғамдық бірлестігіне, өзі білім алатын №23 орта мектепке алғысым шексіз, – дейді анасы Гүлнар Ахунджанова.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

микро займ на карту