- Advertisement -

Еңбеккер ұрпақ – ел тірегі

55

- Advertisement -

Ертең, 12 сәуірде облыстың еңбекші жастарының «Жас келсе – іске!» деген форумы өтеді. Осы алқалы жиын қарсаңында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Мылтықбайұлы ТӨЛЕПБЕРГЕНМЕН форумның мақсаты мен міндеті жайлы әңгімелескен едік.– Бұл шараның бастамашысы кім?
– Форум облыс әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің әлеуметтік әріптестігінің аясында ұйымдастырылып отыр. Жастар жылына байланысты Кәсіподақтар федерациясы әр аймақта жастар саясатын одан әрі жүзеге асыру және кәсіподақ қозғалысын дамыту бойынша кешенді жоспарын жасаған болатын. Біздің облыста ертең басталғалы отырған еңбекші жастардың алғашқы форумы сол жоспарға сәйкес тарихи Меркі жерінде өтуі алдын-ала белгіленген.
– Кәсіподақтардың ұйытқы болуымен қолға алынған форум қандай мақсат-міндеттерді көздейді?
– Сіздің бұл сұрағыңызға жауап берместен бұрын мына бір жайтты айтқанымыз жөн шығар. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналды. Онда кәсіподақ мүшелерінің саны 2 миллионға жетті. Соның ішінде 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 500 мыңнан асады.
Бұл – әлеуеті мықты, қайрат-жігері зор күш. Қоғамдық-әлеуметтік жағын алып қарайтын болсақ, жастарды толғандыратын өзекті мәселелерге ұдайы назар аударып, олардың дамуы мен ілгерілеуіне қолайлы жағдайлар туғызуды қажет етеді. Сол себепті Кәсіподақтар федерациясының басшылығы, ашығын айтайық, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Әбдірайымның ҚР Федерациясының төрағасы болып келгелі бір жылдан астам уақыттан бері кәсіподақты жаңарту мен жаңғырту батыл қолға алынуда. Кәсіподақ ұйымдарына сілкініс әкелген жаңашылдық пен жүйелі жұмыстардың барлығын тізбелеп берейік деп отырғанымыз жоқ, мәселе, жүйрік уақыт талабының күрделі тамырын тап басу мен нәтижелерге қол жеткізуде болып отыр.
Кәсіподақтардың қызметіне қатысты оң пікірдің қалыптасуы үшін бір жыл соншама көп уақыт емес, соған қарамастан кәсіподақтармен әлеуметтік әріптестік орнату бұрын-соңды болмаған ынта-ықылас туғызды, бір жыл мезгілде 35 мыңнан астам әртүрлі кәсіп иелері жаңадан кәсіподақ мүшесі болып кірді.
Ал кәсіподақ ұйымдары әр өңірде де жастардың еңбек құқығы мен мүддесін қорғауда. Жас өскелең ұрпақтың білімді, құқықтық жағынан сауатты болып, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер қарым-қатынасының жоғары деңгейде көтерілуін қалайды.
Жас мамандарға айрықша көңіл бөлініп, әр аймақта да жастар мәселесіне қатысты түрлі іс-шаралардың қолға алынуын жоғарыда біз айтқан міндеттер мен мақсаттар себепті негіз болып отыр.
– Форумның «Жас келсе – іске!» деп атауы шын мәнінде бізге ұнамды болып отыр.
– Бұл бүкіл халықтың бітім-болмысына тән ұғым болып табылады. Қазақ халқы да жастарға, олардың ұлттық өсуі мен танылуына қажетті жағдайлар жасап, жолын ашып отырған, қамқорлығын аямаған. Ең бастысы, ұрпақ сабақтастығына деген ұлы сенім бар. «Жас келсе – іске!» деп неге айтады? Жастардың бойында табиғи күш-қайрат бар. Жігер бар. Намыс бар. Бір-бірін бәсекеге шақырып, қамшылайтын қасиет, берік дағды бар. Шарболаттай шыңдалған шеберлікті қайда қоямыз?
Әрбір ақылды адам, әулие қазақ артынан ілескен жас толқынға қарап «Біз жастарға сенеміз!» дескен. Қай заманда да солай болған. Ал қазіргі жаһандану заманы мен нарық жағдайы көп қырлы кәсіпті, сан түрлі еңбек мамандығын аса қажет етеді. Сонымен бірге жастарға әлеуметтік қолдау мен әлеуметтік бірліктің әсері ерекше екенін мойындауымыз керек.
Халқымызда «Адам көркі – еңбек» дейді. Иә, адамды адам ететін де, абыройға бөлейтін де еңбек, адал еңбек. Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар. Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзіне ден қойсақ, қалай болар еді? Еңбексүйгіш жастар – елдің тірегі. Ендеше облыстың еңбеккер жастарының бұл алқалы басқосуы әдеттегідей жиналыс емес, бұл дәуір жастардыкі, жаңа заман жастарының ақыл-ойы мен ұсыныс-пікірлерінің ортаға түсіп, еркін талқылануы өз жемісін береді деп сенеміз.
Бұл форум – диалог алаңы. Тәжірибе алмасу және өз идеяларын іске асыру, кәсіподақ қозғалысында жастар саясатын трансформациялау және дамыту бойынша тұжырымдамалық ұсыныстар да әзірленетін болады.
– Алқалы басқосуға қанша делегат қатысады?
– Кәсіподақтың облыста 120 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі болса, соның үштен бірі жастар. Форумға 15 салалық кәсіподақ ұйымдарынан қатысатын 150-ден астам делегат жергілікті бастауыш ұйымдардың өкілдері.
Сондай-ақ Қазақстанның барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық кәсіподақтар бірлестігінің жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің жетекшілері де келеді. Жастар қауымының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын толық жүзеге асыруға бағытталған креативті ұсыныстары, әрине, қолдау табады.
Форумға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, өндіріс жаңашылдары, ел даңқын шығарған Еңбек Ерлері, кәсіподақ көшбасшылары мен әйгілі саясаттанушылар қатысады деп күтілуде. Облысымыздың әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген 160-тан астам делегат қыз-жігіттер өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алысып, идеялық ұсыныстар жасауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ бұл форумға барлық аймақтағы кәсіподақтардың «Келешек» жастар кеңесінің жетекшілері де қатысады.
Біз жастардың еңбек мамандығына ұмтылысы мен еңбектің мәртебесін көтере түсу жолындағы тың бастамалары мен идея-ұсыныстарына әрдайым қолдау жасайтын боламыз.
– Сәттілік тілеймін, әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Амангелді ӘБІЛ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support