- Advertisement -

Қазақ әйелдерінің тылдағы ерен еңбегі ұмытылмайды

181

- Advertisement -

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қазақ әйелдері тылда ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Олардың көбі майданға жолдастарын шығарып салып, «қара қағаз» алып қара жамылған еді. Жан жарларынан айырылып, жалғыз аққудай күн кешкен, өмірдің бар тауқыметін арқалаған аналарды еске алмау мүмкін емес. Бәрінің атын атап, түсін түстеп шыға алмасам да бала кезде бір ауылда тұрып, өзім көрген аналардың бейнесін, есімде қалғандарын қағаз бетіне түсіруге тырыстым. Өйткені жары жаққан ошағының отын өшірмей, артында қалған ұл-қыздарын жетімсіретпей аяқтандырған аналардың еңбегі өлшеусіз болатын. Солардың қатарында бізді де тәрбиелеп, аялап өсірген анам Күлипа Әуелбайқызы Шүленова да бар.

Анам Күлипа 28 жасында Құдай қосқан қосағын, менің әкем Ахмедиярды 1942 жылы майданға шығарып салыпты. Ол кезде менің дүние есігін ашқанымы 8 ай болған екен. Анам оның артында қалған екі қызды бағып-қағып, жоқшылықтың тауқыметін тарттырмай, ешкімнен кем етпей өсіріп, 44 жасында дүниеден озған еді. Анамның туған жері, өскен ұясы момын отбасы болатын. Әкесінің діни сауаты болғандықтан молдалық қызметті қатар атқарып, балалардың сауатын ашуға үлес қосыпты. 1924 жылы анамның атасы мен әкесі Әуелбай қамауға алынып, артынша атылыпты. Ал туыстары Сібірге жер аударыпты. Олар сол кеткеннен қайтып оралмаған. Нағашы әжем, менің анам, Ахат, Қоңырбай ол қуғыннан құтылып кетіпті. Қоңырбай кейіннен менің әкеммен бірге әскерге шақырылып, майданға аттанады.
Содан болар Күлипа анам арабша хат танып, әкесінен қалған Құран кітаптарды оқып отыратын. Әрі десе өз бетінше, кейін латын қарпі мен кириллицаны меңгеріп алған-ды. Сонысы үшін де ауыл тұрғындары анамды қатты сыйлайтын. Ол кезде қазақ әйелдерінің көбі сауатсыз болатын. Майданнан келген хаттарды кейбірі анама оқытып алатын. Анам көппен бірге колхозда «Бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен тынбай еңбек етті.
Әкемнен 1943 жылы «қара қағаз» келді. Бірақ анам оған сенген жоқ. Сөйтіп жүргенде 1945 жылдың мамыр айында хат келді. Онда: «Шығысқа қарай кетіп бара жатырмыз, мүмкін Шудың тұсынан өтіп қалармыз», деп жазыпты. Анам Шуда бірнеше күн жол тосып күтеді. Әйтеуір бір күні стансаға әскери пойыз келгенде көпшілік перронға лап қояды. Бірақ ол пойыз тоқтамастан өте шығыпты. Үлгергендер аттарын атап, таныстарын іздейді. Естігені естіп, қол бұлғасып, естімегені шулап қала береді. Вагондардың бірінен бөрік лақтырған ба, әлде түсіп қалған ба, анам оны «Ахмедиярдікі» деп алып келді. Ол бөрікті мен екі жыл кидім. Сол жылдың қараша айында әкеміздің із-түзсіз жоғалғаны туралы хат алдық.
Біз тұрған Каганович (қазіргі Оразалы ауылы) колхозына соғыс жылдары көптеген ұлт өкілдері жер аударылған болатын. Олар украин, поляк, белорус, неміс, кабардин, дүнген, қарашай, балкар, шешен, кәріс ұлттары еді. Сол көп ұлттан құралған колхозда менің анама шошқа тауарлы фермасын басқару сеніп тапсырылыпты. Ферма Ақсуға (Калинин) баратын жолдың бойында орналасқан-ды. Оның арғы жағы ну қамыс еді. Ферманың жалпақтанауын белорус, тауықтарын кабардин жігіттері бағып-қарайтын. Жертөле мен қоймалардағы картоп, пияз, сәбіз, қызылшаны әйелдер қолмен сұрыптайтын. Бүлінгені фермаға жөнелтілсе, тазаланған өнімді есепшінің рұқсат хатымен тұрмысы төмен отбасыларға бөліп таратып беріп отырыпты.
Тексерушілер анамды істеген жұмысы үшін үнемі мақтап кетеді екен. Өйткені оған қарасты фермалардың сырты ақталған, айналасы тап-таза болыпты. Сондай-ақ анам өнерге де жақын болатын. Өзіне тән қоңыр даусымен ән де салатын. Фермаға барып-қайтар жолда жол қысқарту үшін ән бастайды екен. Көбіне қырғыздың «Сары ой» әнін орындайтын көрінеді.
1955-1957 жылдары анам балабақша меңгерушісі болып жұмыс істеді. Балалар түскі ұйқыға кеткенде тәрбиешілерді жинап алып, аудандық және облыстық газеттердегі маңызды жаңалықтармен таныстырып отырады екен.
Заманында небір жайсаң жігіттер анамды айттырып келді. Бірақ ол бізді біреудің қолына телміртпейін деді ме, олардың бірде-бірінің өтінішін қабыл алмады. Сөйтіп өзі сүйген жарын күтуден танбаған ол 1958 жылы өмірден қайтты.
Мені 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін Мария Титарева оқытты. Львов педагогикалық институтын бітірген екен. Негізінен біздің мектептегі мұғалімдердің көпшілігі жоғары білімді болатын. Арасында жер аударылған профессор, академиктер де болған. Ал сынып жетекшіміз Мария Антоновна тұрмысқа шықпаған, ол да менің анам сияқты соғысқа аттанып, оралмаған жігітін күтумен өмірден өтіп кетті.
Жақсыжан Сейсенбаева апа жолдасы Жұмаділ майданға аттанғанда төрт баламен қалыпты. Сушыларға аспазшы болып жүргенде, жұмысқа шыққан әйелдердің балаларын өз балаларына қосып қарайтын. Балалар түскі ұйқыға кеткен сәтті пайдаланып, нан пісіріп, тамақ істеп қоятын. Жұмыстан қайтқан әйелдерге бір-бір наннан ұстатып жіберетін. Ол кісі де Жеңіс үшін аянбай еңбек етті. Жарының соғыстан аман оралуын күтіп, екінші қайтара тұрмысқа шықпады. Сөйтіп 1973 жылы ұл-қызының ортасында дүниеден қайтты.
Жолан Матқұлова әпкем – әкем Ахмедиярдың қарындасы. Жолдасы Абдрахманды әскерге шығарып салып, 25 жасында бір қызбен жесір қалды. Тылда ел қатарлы еңбек етті. Жолдасының Ленинград қаласы маңында мерт болғаны туралы «қара қағаз» алды. Күйеуін соғыстан келеді деп күтумен болды. Өмірден 37 жасында қайтты.
Пелагея Юбурова – ұлты орыс, жолдасы – дүнген. Соғысқа жолдасы Кемазды шығарып салғанда 5 баламен қалыпты. Кемаз кетерде менің әжеме (көрші тұрдық): «Үлкен кісі, біздің үйге көз қырыңызды салып жүріңізші» депті. Менің әжем бізге қалай қараса, ол үйге (балаларға) де солай қарады. Әйелдермен бірге орағын орып, су суарып, тоған қазып, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлесін қосты. Ол кісінің де жолдасы хабар-ошарсыз кеткендердің санатында. Пелагея қайта тұрмысқа шықпады. 1961 жылы қайтыс болды.
Әния Байтешева Белбасар ауылынан. Ері Сатай Бәйтешев соғысқа кеткенде бір баламен қалыпты. Көпшілікпен су суғарып, сауыншы болып, масақ теріп, баласын аяғына тік тұрғызу үшін аянып қалмады. Ерінен не «қара қағаз», не бір хабар ала алмады. Көрген азабы мен қуанышын бір Алланың ісі деп қабылдап жүре берді. Соғыс пен тұрмыстың бар ауыртпалығын бір өзі арқалаған ана жалғыз баласын өсіріп, оқытып, үйлендіріп, немере-шөбере көріп, балаларының ортасында қайтыс болды.
Зіміля Момышева апа тұрмысқа шықпаған еді. Балмағамбет Момышев соғысқа кеткенде, әйелі бес баламен қалыпты. Балмағамбет соғыста болғанда әйелі қайтыс болады. Балаларды балалар үйіне өткізбек болғанда, осы Зіміля апа оларды асырап алады. Соғыстан Балмағамбет ауыр жарақат алып келгенде, ол кісіге де қарайды. Зіміля апа ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, Сүйінбай деген баласының қолында өмірден озды.

Орынтай АХМЕДИЯРОВА.

Оразалы батыр ауылы,
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support