- Advertisement -

Жарнама көркі – көркем тіл

107

- Advertisement -

Оның тәрбие құралы ретіндегі маңызы да зор

Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңның 21-бабы, «Жарнама туралы» Заңның 6-бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат тілін реттеу – басқарманың негізгі міндеттерінің бірі.

Жалпы, жарнама жасау, тарату, оларды орналастыру мәселесі Қазақстан Республикасы «Жарнама туралы» Заңымен реттеледі. Заңның негізгі мақсаты – жөнсіз жарнамаға жол бермеу және оларға тыйым салу болып табылады. Қазақстан Республикасының аумағында жарнама мемлекеттік тілде және орыс тілінде таратылатындықтан, жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауы тиіс.Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2018 жылы көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесі 85 пайыз деп белгіленген. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы аудандар мен Тараз қаласы әкімдері арасындағы келісімдерде «көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесін» нысаналы индикатор ретінде көрсетіп, әр тоқсанға меже белгіледі. Жыл қорытындысы бойынша белгіленген меже барлық аудандар мен Тараз қаласында орындалып, облыстық көрсеткіш 86,4 пайызды құрады.
Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы тарапынан 2018 жылы аудандар мен Тараз қаласындағы сыртқы көрнекі ақпараттардың жағдайына тоқсан сайын жүргізілген зерделеу жұмыстарына 10427 нысан қамтылып, 8903-і заңнама талаптарына сәйкес екендігі анықталса, басқарманың әлеуметтік тапсырысы негізінде 10 аудан мен Тараз қаласында «Тіл сақшысы» телебағдарламасының 22 көрсетілімі қайталаумен түсіріліп, облыстық «Jambyl» телеарнасы арқылы жұртшылыққа көрсетілді. Телебағдарламаға 811 нысан тартылып, нәтижесінде алғашқы түсірілімде 527 нысан қамтылып, оның 238-інен (45,2 пайыз) түрлі кемшіліктер анықталса, қайта түсірілім барысында 284 нысанның 65-інен (22,9 пайыз) кемшіліктер анықталып, аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне кемшіліктерді жою туралы хат жолданды.
Сонымен қатар жарнама тілін реттеу мақсатында аудандар мен Тараз қаласында «Сауатты жарнама», «Қала келбеті – көрнекі ақпарат» акциялары өткізіліп, нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласында құрылған жұмысшы топпен жалпы саны 3255 нысан зерделеніп, 1967 жарнама құралы алынып тасталса, 918-іне ескерту хаттары берілді. Бес нысан иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылса, аудан әкімдіктерінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері тарапынан жүргізілген акциялар мен зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2094 нысан зерделеніп, олардың 300-і Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдары мен Үкіметтің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулысы талаптарына сәйкес еместігі анықталып, нәтижелері аудандық аппараттық кеңестерде қаралып, кемшіліктер орын алған ауылдық округ әкімдеріне ескертілді.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес басқарма тарапынан 2018 жылдың мамыр айында Тараз қаласындағы сыртқы көрнекі (жарнама) ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығына 6 бағыт бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеуге Тараз қаласындағы 3 даңғыл, 864 көше, 445 бұрылыс, 44 тұйықта орналасқан 8587 нысан қамтылып, нәтижесінде 1114-інен (13 пайыз) кемшіліктер анықталып, қорытынды анықтамасы Тараз қаласы әкіміне тиісті шаралар қабылдау үшін жіберілсе, сол жылдың қыркүйек айында Тараз қаласындағы 3 даңғыл, 7 көшеде орналасқан 627 нысанның сыртқы көрнекі ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығына зерделеу жүргізіліп, орын алған 147 кемшілікті жою жөнінде қала әкіміне хат жолданды.
Басқарманың жылдық жоспарына сәйкес 2018 жылдың қараша айында Тараз қаласындағы сауда және тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету орындары мен қоғамдық жолаушылар тасымалдау автокөліктерінде көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің Қазақстан Республикасы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуына зерделеу жүргізіліп, зерделеуге 124 кәсіпкерлік нысан (46 қонақ үй, 51 мейрамхана, 27 сауда үйі), 30 қоғамдық жолаушылар тасымалдайтын автокөлік қамтылып, барлық кәсіпкерлік нысан иелеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, қолданыстағы заңнама талаптары жазылған 500 ақпараттық парақша таратылды. Қоғамдық көліктердегі мемлекеттік тіл ахуалы, оның қолданылуы бойынша автобус аялдамаларында жолаушылардан, қала тұрғындарынан әлеуметтік сауалнамалар алынды.
2018 жылдың қазан айында басқарма тарапынан ұлттық нақыш, салт пен дәстүр, тәрбие мен ұлағат үндестігіне сай жасалған жарнамалар арқылы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауды қалыптастыру мақсатында «Жарнама – көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие құралы» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, бірінші орынды Жуалы ауданы иеленсе, осы жылдың желтоқсан айында өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда, елді мекендерде орналасқан көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығын арттыру мақсатында «Үздік көрнекі ақпарат–2018» облыстық байқауы өткізіліп, «Үлгілі ауылдық округ» аталымы бойынша Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылдық округі, «Үлгілі аудан» аталымы бойынша Меркі ауданы жеңімпаз болды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «ономастика» хэштегі арқылы жарнама сауаттылығы бойынша оң пікір қалыптастыру мақсатында барлық аудандар мен Тараз қаласында ономастика саласы бойынша хэштегтер ашылып, атқарылып жатқан жұмыстары салынып, жарияланып отырды.
2019 жылы көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесі 100 пайыз деп белгіленген. Биыл облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы аудандар мен Тараз қаласы әкімдері арасында келісімдер жасап, «көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесін» нысаналы көрсеткіш ретінде көрсетіп, әр тоқсанға меже белгіледі. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін биыл басқарма тарапынан көрнекі ақпараттардың қолданылуына тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын жүргізу, жарнама саласындағы мемлекеттік реттеу, ұлттық мүддені қорғау, жөнсіз жарнамаға жол бермеу мақсатында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі», үздік ауылдық округтің, үздік ауданның озық тәжірибесін анықтау, тарату мақсатында «Үздік көрнекі ақпарат – 2019» байқауларын ұйымдастыру, облыстық «Көркем тіл – көрнекі жарнама» акциясын өткізу жоспарланды.
Басты кемшілік – Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабы мен «Жарнама туралы» Заңның 6.2-бабының талаптарының сақталмауы, яғни көрнекі ақпараттардың бір тілде, тек ресми тілде жазылуы, орналастыру реттілігінің бұзылуы болып отыр. Сондықтан аудандар, Тараз қаласы әкімдіктері мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары өңірлерде сыртқы көрнекі ақпараттардың талапқа сай жасалып, дұрыс орналастырылуын, сауатты жазылуын басты назарда ұстаулары қажет.
2019 жылдың 16 қаңтарында облыс әкімінің қатысуымен өткен тілдерді дамыту басқармасының былтырғы атқарған жұмыстары және биыл атқарылатын жұмыстары туралы кеңестің хаттамалық тапсырмасына сәйкес басқарма тарапынан қадамдық жоспар жасалып, аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне хатпен жолданды. Қадамдық жоспарға сәйкес, бірінші кезекте биылғы бірінші жартыжылдықта аудандарда, Тараз қаласында орналасқан барлық қонақ үйлер мен мейрамханалардың, басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындарында көрсетілетін қызметтерде мемлекеттік тілдің қолданылу дәрежесін 100 пайызға жеткізу көзделген. Осы мақсатта облыс аумағында орналасқан 1755 нысанның (150 қонақ үй, 456 мейрамхана, кафе, 1149 басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындары) тізімдері жинақталып, базасы жасақталды.
Барлық өңірлерде аудан, қала әкімдері орынбасарларының төрағалығымен жұмысшы топтары құрылып, үстіміздегі жылғы ақпан айында өңірлерде орналасқан қонақ үйлер, мейрамханалар, сауда үйлері мен басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындарында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Барлық нысан иелеріне қолданыстағы заңнамалардың тиісті баптары түсіндіріліп, үлгі ретінде ақпараттық парақшалар таратылды.
Наурыз айында кәсіпкерлік нысан иелеріне анықталған кемшіліктерді жою үшін мерзім белгіленді. Сәуір-мамыр айларында берілген қадамдық жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесі, аудандық, Тараз қалалық әкімдіктері тарапынан берілген мәліметтердің нақтылығы бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік палатасы, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесе отырып, Тараз қаласындағы кәсіпкерлік нысан иелерімен семинар-кеңес ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бірінші тоқсанның қорытындысымен белгіленген меже барлық аудандар мен Тараз қаласында орындалып, облыстық көрсеткіш 86,3 пайызды құрады. Жалпы биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша облыстағы 8855 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның 1206-сынан кемшіліктер анықталып, барлық нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Биыл ел болып, еңсемізді тіктеп, егемендік алғанымызға 28 жыл толады. Олай болса, жарнаманы жанға жайлы етіп, ұлттығымызды ұлықтайтын, бояуы қанық, өз болмысымызды айшықтайтын тәрбие мен насихат құралына айналдыру – сала мамандарының ғана емес, жарнама берушілердің де міндеті болуы тиіс. Жалт еткен жарнама өзінің дизайнымен, көркемдік ерекшелігімен, мағыналы мәтінімен халықты еліктіре алмаса, онда жарнаманың ұтымсыздығы, талапқа сай еместігі, уақыт көшіне жауап бере алмағандығы.
Ұлттық нақыш, салт пен дәстүр, тәрбие мен ұлағат үндестігіне сай жасалған жарнама ғана заман талабынан шығары хақ. Өйткені тіл мен діл, ұлт пен ұлағат, дәстүр мен салтты сап түзеткен жарнама ғана тіл заңдылығы талабынан шыға алады. Ендеше, бүгінгі ұрпақты жарнама арқылы ізгілік пен адамгершілікке үндейік, сонда ғана келешек иесі – жас буынның дидарына жарқын жүзбен қарай аламыз. Жарнама – көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие құралы деп қарағанда ғана тілдің туын аспандата аламыз.

Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,
облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support