- Advertisement -

Болашақ фармацевт тер бақ сынады

63

- Advertisement -

Жамбыл медициналық колледжінде «Үздік фармацевт – 2019» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Бұл шара Қазақстан медициналық колледждері одағының келісімі бойынша «Фармация» мамандығы оқу-әдістемелік бірлестігі бекіткен кестеге сай өтті. Ондағы мақсат – болашақ мамандардың кәсіби дайындықтарының сапасын бағалау, зияткерлік әлеуетін көтеру, дәріханалық ұйымдарда тәжірибелік іс-әрекетке дайындығын саралау.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Сайыскерлер әуелі тест тапсырды. Ал келесісінде 4 тапсырманы орындады. Олардың алғашқысы «Nota bene!» тақырыбы аясында өтті. Яғни мұнда қатысушылар «Маркетинг және менеджмент негіздерімен фармацияны ұйымдастыру және оның экономикасы» пәні бойынша жағдаяттық тапсырмаларға 30 секунд ішінде жауап берді. Екінші «Көне аңыздар мен әңгімелерде кездесетін дәрілік өсімдіктер» деп аталатын бөлімде бітіруші түлектер дәрілік өсімдікті анықтап, қазақша, орысша және латынша атауларын айтты. Дәрілік өсімдік шикізатын табумен қатар, қолдану тәсілін де түсіндірді.
Байқаудың шешуші кезеңі «Фармакология – өте маңызды» атты бөлім болғанын айта кеткен жөн. Өйткені студенттер таңдаған препараттың фармакологиялық тобын, сауда атауын, қолдану көрсеткішін салыстырып, рецепт жазып, өздерінің біліктілігін көрсететін маңызды сынақ осы болды. Соңғы «Рецептуралық-өндірістік бөлімнің тыныс-тіршілігі» тапсырмасына сәйкес болашақ мамандар рецептуралық жазбалар бойынша қатты және сұйық дәрілік заттарды дайындап көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласы Жоғары медициналық колледжінің студенті Луиза Әбдіқадырова барлық тапсырмалардан сүрінбей өтті. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан ол 1-орыннан көрінді. Ал Қарағанды медициналық интерколледжінің бітірушісі Әйгерім Мұртазаева 2-орынға ие болды. Батыс Қазақстан облысының Орал медициналық колледжінің шәкірті Луиза Қуанова да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, үздік үштікті қорытындылады.
Жалпы республиканың 15 колледжінен үміткерлер қатысқан байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Студенттердің жасаған көрнекіліктері көрмеге қойылды. Онда картиналар, апликациялар сияқты түрлі қолөнер бұйымдары бар. Атап өтерлігі – көрмедегі ағаш тақтайшалардан кітап етіп құрастырылып, оған ойылып жазылған танымдық дүниелер мен 3D принтерінен құйылған адам ағзаларының кіші үлгілері ерекше назар аудартады. Сонымен қоса іс-шара аясында колледжішілік және тарихи Тараздың киелі орындарына экскурсия ұйымдастырылды.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support