- Advertisement -

Жемқорлықты жою – міндет

28

- Advertisement -

«Жамбыл – адалдық алаңы» кеңсесінде қоғам пікірлері негізінде тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар мәселелер талқыланды.
Басқосуда күн тәртібіне сәйкес төрт мәселе қарастырылды. Алдымен «Тараз қаласы және аудандық полиция бөлімдерімен «Жүргізуші куәлігін алу» мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы» баяндама жасаған департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Бекжан Кеңесбек облысымызда алғашқы рет жүргізуші куәліктерін беруге байланысты «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлерімен Қордай, Шу, Меркі аудандарының полиция бөлімдерінде емтихандардан өтуді зерделеу жұмыстары кезінде бірқатар кемшіліктердің анықталғандығын атап өтті.

Мәселен, Шу ауданындағы халыққа қызмет көрсету ғимаратында мемлекеттік қызметті алушыларға қызмет беруші тұлғалар жұмыс орындарында болмай шыққан. Ал Меркі ауданында көлік құралдарын жүргізуді үйрететін 4 мекеме жұмыс істесе, жеке кәсіпкер «Қалысбаев» автомектебінің жетекшісі мен аудандық полиция бөлімінің тіркеу-емтихан алу тобының аға инспекторы бір-біріне жақын туыс болып келетіндігі анықталған.
Облыс бойынша биылғы жылдың 2 айында мемлекеттік қызметті алу үшін 414 азамат өтініш білдірсе, оның ішінде 174 азамат халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қалалық мамандандырылған бөлімге, 240 азамат аталған аудандардың полиция бөлімдеріне жүгінген.
– Халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қалалық мамандандырылған бөлімінің қызметіне жүгінген 174 азаматтың тек 17,8 пайызы (31 тұлға) тиісті емтихандардан өтіп, жүргізуші куәлігін алса, аудандық полиция бөлімдеріне өтініш білдірген 240 адамның 100 пайызға жуығы толықтай емтиханнан өткен. Себебі, аудандық полиция бөлімдерінің теңгерімдерінде автодромдар мен емтихан тапсыруға арналған көліктер тіркелмеген. Тәжірибелік емтихандарды тапсыруды ұйымдастыру мақсатында аудандардағы автомектептердің автодромдары мен арнайы көліктерін жалға алу мақсатында екіжақты келісімшарт жасалған. Жалға алу құны тегін. Десек те автомектептердің көліктеріне арнайы жабдықтар орнатылмаған. Автодромдар белгіленген нормаларға сәйкес келмейді. Сондықтан зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес аудандарда мемлекеттік қызметті алуға үміткерлер теориялық және практикалық емтихандардан тек қағаз жүзінде өтеді деп санауға негіз бар, – деп атап өтті Бекжан Кеңесбек.
Келесі мәселе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын Тараз қаласындағы техникалық байқау пункттеріне «жүргізілген жасырын тұтыну» бойынша мониторинг қорытындысын қарау жөнінде департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаров баяндады.
Зерделеу барысында кеңсе қызметкерлері жол көлік оқиғасына ұшыраған жарамсыз автокөліктің техникалық байқаудан өту мәселесін қарастырып, техникалық байқаудан жарамды деп өту үшін орнына дәл сондай маркалы, түсті автокөлікті ұсынатындығын және оған жарамсыз көлiк құралының нөмірін салатындығын жеткізген. Нәтижесінде байқау операторлары тарапынан механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргiзу қағидаларының талаптары 3500-4000 теңгеге өрескел бұзылатындығы анықталған.
Жарамсыз көлiк құралдарын айналымға жіберуге рұқсат беру, адам өміріне зиян келтірілетін бірден-бір шарт. Осыған орай, заңнама талаптарын күшейтуге және техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыратын операторлардың лицензияларын алу бойынша жоғарғы органға ұсыныс беру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ зерделеу барысында жасырын камераның көмегімен түсірілген бейне жазба тиісті шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жолданатын болады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігінің тиімді қамтамасыз етілуі қоғам үшін де, мемлекеттік билік үшін де үлкен маңызға ие. Осыған орай кеңсе қызметкерлерімен қаланың бірқатар көшелеріндегі жол белгілері қолайсыз жерлерде немесе қажет емес тұстарда орнатылған 11 факті анықталды.
Мысалы, Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы жанындағы Алдабергенов көшесі бойына көлік қоюға тыйым салынған. Бірақ аталған көше бойында орналасқан мемлекеттік кірістер басқармасына, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне, «Абди» сауда дүкеніне келушілердің қатары көп. Аталған мекемелер маңындағы тұрақ Алдабергенов және Қойгелді көшелері бойында тек 38 автокөлікке арналған.
Осыған орай, Тараз қаласы әкіміне Алдабергенов көшесі бойынан, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы тұтынушыларына арнайы көлік қоятын орын ұйымдастыруды және Тараз қаласы әкімдігі, адалдық алаңы қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, қаладағы заңсыз орнатылған жол белгілерді алуды немесе азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін жол белгілерін орнатуды қажет ететін орындарды анықтауға мониторинг жүргізу туралы ұсыныс берілді.
Дөңгелек үстел отырысында Агенттік және Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы жол картасы аясындағы құқықтық тәртіп органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы да талқыланып, бірқатар ұсыныстар айтылды.

Алпамыс Қазыбаев
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support