- Advertisement -

Ұлына өзін өсірген газеттің атын қойған қаламгер

84

- Advertisement -

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басшының бір қасиеті кадрының қадірін білуі керек. Ал «қадір» деген кадрдың биік адамгершілігімен бірге оның еңбекқорлығы және өз ісін жетік білетін білімі мен білігі шығар. «Аq jol» газетіне бас редактор боп барасың» дегенде санамда «бірінші орынбасар қызметін Ақылжан Мамытқа беруім керек» деген ой тұруы да, сірә, осыдан. Ол кезде Ақылжан бәленбай жылдан бері «Аq jol»-да бөлім меңгеруші боп жүрген.

Бірақ… Ақылжан да қызық. «Мені өзіңнің орныңа, яғни «Егемен Қазақстан» газетіне меншікті тілшілікке ұсыншы» дейді. Біріншіден, Сауытбек Абдрахмановқа менен де зорлар ұсыныс айтады, тіпті айтып та қойған шығар, екіншіден, өзін бірінші орынбасарлыққа дайындап келген жоспарым бар, қысқасы Ақылжанға бұл мәселеге «араласа алмайтынымды» айттым. Көп ұзамай бірінші орынбасар болды. Газеттің экономика тақырыбы жақсы жазылып, көбірек қамтыла бастады.
Өйткені айтып отырмын ғой, ол өңіріміздегі ең көп жазуды, ең көп насихаттауды қажет ететін ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласынан өте жақсы хабардар. Сол саланың мамандарын да жақсы біледі. Түн ортасында шырт ұйқыда жатқан жерінен оятып жіберіп «Облыста қанша гектар жер бар?» деп сұрашы, табан астында жауап береді. Міне, осындай азамат өңірдегі газет басшысының «оң қолы» болса, «ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша тақырып тапшы» деп қол қусырып, опық жеп отырмайтынымыз анық.
Жә…
«Ақылжан Мамыт» деген аты-жөн, міне, табаны күректей қырық жыл болды, облыс оқырмандарына етене жақын. Үнемі ауыл шаруашылығы мен өндіріс тақырыбына жазатын адамды малшылар да, диқандар да, жұмысшылар да құрмет тұтады. Ал облыс газетінің алғашқы беттері экономика тақырыптарымен ашылмаса тағы болмайды. Қазақта ақын да көп, жазушы да көп, мәдениет пен тарих, өнер туралы жазатындар да жетерлік, ал экономика тақырыбына терең бойлап, оның жік-жігін ажыратып жазу – оңай шаруа емес. Ондай қиындыққа Ақылжан сияқты ілуде бір жаны сірі, жанкештілер ғана барады.
Әрине, білім мен біліктің бәрі тәжірибеден басталады. Ақылжанның Жуалы аудандық газетінен басталған журналистік жолы да осы экономика саласын «түрткілеуден» басталған. Оның үстіне орысы мен немісі көптеу ол жақта аудандық газет қазақ және орыс тілдерінде шығады. Орысшадан аударма жасау деген де қазақ журналистерінің маңдайына жазылған бір бақ пен сор. «Бақ» дейтінім, аударма жасауды үйренгені өзіне жақсы, ал «сор» дейтінім, ақы төленбейтін артық жұмыс. Мысалы, орыс журналистерінің қазақ журналистерінің жазғандарын аударып мықшиып отырғанын өмірі көрмеппін, ал қазақ журналистері болса өздері мақала дайындап, жазғанымен бірге «аудармашы» да боп кететін о бастан әдеттері. Қайбір жетіскеннен дейсің.
– Бірде, – дейді Ақылжан, – КазГУ-дің (Қазақ мемлекеттік университеті) журналистика факультетін «қызыл дипломмен» бітірдім деп бір жас жігіт кеп жұмысқа тұрды. Бас редакторымыз Айтоқов бір парақ орысша материалды ұсынып «мынаны бір сағатта аударып бер, тез керек боп жатыр» деп әлгіге тапсырды. Анау болса жарты сағатта «қағып» тастайтын шаруаны бітіре алмай қара терге түсіп, түске дейін отырды. Айтоқов қабағы түйіліп кабинетімізге екі-үш рет кеп кетті. Бір уақытта шыдамы таусылды білем, «сенің бүйткен «қызыл дипломың» бар болсын! Ақылжан, мынаны сен аударып берші» деп маған бұрылды. Мен табан астында аударып, қатесін де тексеріп, алдына апарып бердім. Қызық болғанда, әлгі «қызыл дипломды» журналист түс қайта жұртқа көрінуге ұялды білем, қарасын батырды. Содан кейін редакция есігін мүлде ашпай кетті.
Міне, көрдіңіз бе кімнің кім екенін. Жұрттың аузында «очник» пен «заочник» деген сөз бар. «Очниктер» төрт-бес жылын сарп етіп, серіліктің «сайранын» да салып, қыз-қырқынның қызығын да көріп, Алматыда оқитындар, ал «заочниктер» сол Алматыңа жылына бір рет барып, қырық күннің ішінде «қырық қарақшыдай» емтиханды да, зачетті де «жапырып» қайтатындар. Оның үстіне, «заочниктердің» бәрі аудандық, облыстық, республикалық газеттердің белгілі тілшілері мен бөлім басшылары, жауапты хатшылары, арасында, тіпті бас редакторлары мен орынбасарлары да бар болып келеді. Бәрінің қолынан академиктерден бастап ғылым кандидаттарының мақалаларына дейін өтетін маңғаздар десе де болады. Қазақ журналистикасының корифейі Темірбек Қожакеевтің де «заочниктерге» риза болатыны сондықтан болар. Ақылжан да осы сырттай оқыған «сырттандардың» бір көкжалы! Көрдіңіз бе, әне, бес жылы Алматыда, «КазГу-градта» өтіп, «қызыл диплом» алып келген «мықтыны» Айтоқов екеуі өз ұятына өзін өртеп, күлін көкке ұшырып жібергенін.
Ақылжан алғашқы ұстаздарын да ұмытпайды. Олар газеттің сол кездегі бас редакторы белгілі қаламгер, ақын Әбдіғапар Айтоқов, қаламы жүйрік тілші Амангелді Ормантаев, ақын-журналист Мырзахан Ахметов болды. Мырзахан Ахметов бір жолы әңгімелесіп қалғанымызда: «Ақылжан жас кезінде құрылысшы болып жүріп аудандық газетке үнемі мақала жазып тұрды. Редакцияға да келіп-кететін. Сондай бір күндері бас редакторымыз Айтоқовқа айтып, қызметке алдырып ем» деген еді. Ақылжан сол абзал ағаларының үмітін ақтады. Айтоқовтай қатал, мінезі «қиын» редактордың «қамшысына» да шыдады.
Бүгінде Ақылжан Мамыт жастарға өзі ұстаз, өзі ақылман аға болып отыр. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттің де шәкірті бар, біреуі сыйлайды, екіншісі беттен алып, төске шабады дегендей. Бірақ Ақылжан көнбіс. Ашуланса да тарқауы тез, кешірімі де мол. Сонымен бәрі жуылып-шайылып кетеді сол.
Белгілі журналистердің бәрі «Шерханның шекпенінен» шыққанбыз» деп мақтанғанды жақсы көреді. Ал біздің Ақылжан дүниеге келгенде сол Шерағаңның шекпеніне «төтелей» барып, топ ете қалған ең жақын туысқаны. Екеуі немере ағайын. Тіпті Шерағаңның «41-ші жылғы келіншек» деген классикалық әңгімесінің кейіпкері Хадиша – Болдықыз Ақылжанның әкесі Қорғанбайдың екінші әйелі. Сүйіп қосылған жары Оқа соғыстан оралмаған соң қайнысы Кәрекеңе әмеңгерлік жолмен қосылған.
Бірақ… Ақылжан Шерағасынан қылқылдап қызмет сұрап, «анау жүрген бас редактордың қызметін маған алып берші» немесе «бір министрліктен лауазымды қызмет қарастырыңызшы» деп мезі ете беретін заржақ ағайындардан емес. Бұйырған несібесін өзінің адал еңбегімен тауып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған бақытты әке. Ұл демекші, Ақылжанның біз мойындайтын тағы бір мықтылығы сол, ұлына өзі ұлықтайтын «Аq jol» газетінің атын беріп, Ақжол деген ең әдемі есімді азан шақырып қойған азамат!
Алпыс жас құтты болсын, Ақылжан дос!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support