- Advertisement -

Дарынды ғалым-дәрігер, реформатор басшы

87

- Advertisement -

Бекмахан Сыбанбайұлы Құралбаев – отандық денсаулық сақтау саласының көрнекті өкілі. Халықтың құрметіне, әріптестерінің сүйіспеншілігіне бөленген азамат. Оның барлық саналы өмірі адам денсаулығын сақтап, өмірін ұзарту ісіне арналды.

Семейдегі медицина институтын бітірген соң учаскелік дәрігер ретінде еңбек жолын бастаған ол осы саланың барлық сатысынан өтті. Бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарды. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасын, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығын басқарды. Осы қызметтерде жүріп ол отандық медицинаның шынайы жағдайымен толық танысып, оның осал тұстарын, кемшіліктерін айқындады. Бекмаханды толғандырып, ойландырған басты мәселе – осы кемшіліктерді түзетіп, алдын алу және болашақта сала ісін барынша жетілдіріп, халқына қызмет ету.
Бекмахан Сыбанбайұлы ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасын басқарып, осы мекемеде бас дәрігер болған жылдары бұл клиника танымастай өзгерді. Ол бұл қызметке кіріскен тұста ұжымның жағдайы мәз емес-тін. Тозығы жеткен құрал-жабдықтар, артта қалған емдеу технологиясы, көп жылдан бері жөндеу көрмеген ескі ғимараттар… Сол тұста бұл мекемедегі білікті мамандар басқа ұйымдарға ауысып жатты, ал мұнда қалғандары емделуші жандарға немқұрайды қарайтындай келеңсіз жайттар да кездесіп жататын.
Бас дәрігер қызметіне Бекмахан білек сыбана, белсене кірісіп, дереу реформа жүргізе бастады. Қаржы тапшылығын ескере отырып, аурудың алдын алу үшін тұрақты емделушілер контингентін жылына екі рет тексеруден өткізуді міндеттеді. Алғашқы медикосанитарлық қызметті дамытып, үйде емдеу мен күндізгі стационарды енгізді. Шетелдердегі озық тәжірибелерді тиянақты түрде зерттей отырып, емдеу әдістеріне көптеген жаңалықтар енгізді. Оның бұл ісін Төрегелді Шарманов «Бекмахан Құралбаев аталған клиниканың қызметіне 500-ден аса инновациялық технологиялар енгізеді», деп атап өтіп басшылық қабілетін жоғары бағалады. Бұл тек реформа ғана емес, революцияға пара-пар әрекет дер едім.
Әлбетте, жаңа технологиялар жаңа құрал-жабдық пен заманауи аппараттарды қажет етті. Бекмахан бұл мәселелерді де ойдағыдай шешіп берді. Науқасты тексеріп, диагноз қоюға арналған жаңа құралдар, емдейтін аппараттар түгелімен жаңартылды. Жаңа технологиялар мен аппараттарды толық меңгерген білікті кадрлар қажет екенін де ұмытқан жоқ. Клиникадағы бірқатар мамандарды білімін жетілдіру курстарына аттандырып, шетелдерде кәсібін шыңдауға іссапарларға да жіберді. Сырттан білікті мамандарды қызметке шақырып, республикамыздағы танымал ғалым-дәрігерлерді кеңесші ретінде тартты.
Өзі де көрнекті ғалым Бекмахан Сыбанбайұлы клиникадағы емдеу тәсілдерімен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын да үнемі дамытуға ден қойды. Ондағы мақсаты клиникада өзінің ғылыми кадрларын дайындап, отандық емдеу ісіне ғылыми жетістіктерді енгізу, орталықтың ғылыми әлеуетін көтеру болатын. Клиниканың ішінен Ғылыми кеңес құрып, нәтижесінде, Оны тек емдеу орнына ғана емес, ғылыми-зерттеу ұжымына айналдыра білді. Сөйтіп, мекеменің емдеу және ғылыми жұмыстары жоғары бағаланып, ұжым «Үздік клиника» атағына ие болды. Ал Бекмахан Құралбаев басқарған бір топ дәрігер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанды.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Бекмахан өзі басшылық еткен мекемеде емдеу шараларымен шектеліп қоймай, клиниканың ескі ғимаратын жөндеп, жаңартуға да белсене кірісті. Емдеу кешенінің әрін кіргізіп, жаңа рең берген сәнді нысандар бой көтерді. Ауласына ағаштар отырғызылып, көк желектер бой түзеді. Бассейндер іске қосылып, субұрқақтары жұмыс істей бастады. Клиникамыз ауруханадан гөрі шипажайға көбірек ұқсайтын. Айтқандай, сол тұста шипажайларда көрсетілетін қызметтің көптеген түрі біздің клиникаға да енгізілді. Бұл аурудың алдын алып, науқастардың көңіл-күйін көтеруге оң ықпал етті. Осының бәрі – дәрігер-ғалым Бекмахан Құралбаевтың күндіз-түні тыным таппай, шапқылап жүріп істеген тірлігінің жемісі.
Бекмахан Сыбанбайұлы – отандық медицинада кең танылған ғалым. Оның көптеген ғылыми еңбектері, ұсыныстары осы күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өзі құрастырып, іске асырған медициналық ұйымды басқару қағидалары классикалық менеджментті дамытып, жетілдіруге негіз болды. Бүгінде осынау қағидаларды әрбір бас дәрігер, ұжым жетекшісі басшылыққа алып, тиімді пайдаланып отырғанына біздің көзіміз жетті. Бекмахан Құралбаев – медицина ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше халықаралық ғылым академияларының толық мүшесі, Қазақстан білім академиясының академигі, бірнеше университеттің құрметті профессоры.
Осынау үлкен атақ-даңққа, биік лауазымына, жоғары дәрежелі қызметіне қарамастан Бекмахан өте қарапайым да кішіпейіл жан болатын. Оның өз әріптестеріне деген, емделуші азаматтарға деген қамқорлығы ерекше еді. Ақжарқын да адал, жаны таза, парасатты тұлға болатын. Өзінің сыпайылығымен, ұстамдылығымен, мәдениеттілігімен бәріміздің көңілімізге жол табатын. Жасымыз үлкен болса да, біз оған зор сый-құрметпен қарайтынбыз. Бекмахан оған лайықты еді.
Бекмаханның ерекше бөліп айтатын қасиеті – оның еңбекқорлығы болатын. Қашан көрсең де, ол жаңа істің басында, жаңа ойдың шырмауында жүретін. Және өз ойын ашық айтып, жариялап, талқылауға дайын тұратын. Оның осы қасиетін жақсы байқаған ұстазы Төрегелді Шарманов ағамыз «Мотордай шыр айналып, ойлап-табудан жалықпайтын адам» деген екен. Өте дәл анықтама.
Бекмахан Құралбаев өмірден озса да, артында игілікті істері, тындырған таңғаларлық тірлігі қалды. Ол біздің есімізде үлкен адами қасиеттерімен, белсенді өмірімен, еліне сіңірген ерен еңбегімен қалады, демек, Бекмаханның есімі ел жадында. Бекмаханның жарқын бейнесі біздің көңілімізде, санамызда мәңгілік қалатыны анық.

Көпжасар НӘРІБАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі.

ТЕКТІЛІК

(Бекмахан Сыбанбайұлына)

Арың таза,
Азаматсың әу бастан.
Әз жаныңды,
Әлдилеген ән-дастан.
Тумысыңнан тұлға болып жаралған,
Бір кем емес өр мінезің алмастан.

Шипагерсің,
Адам жанын ұғатын.
Қашан көрсем,
Қағылез боп тұратын.
Ауруынан азап шеккен жандарды,
Құлан-таза айықтыру мұратың.

Сыбанбайдай
Мықты әкенің ұрпағы,
Сабырлысың,
Бойында жоқ бұрқағы.
Тұла бойы мейірімге малынып,
Сияқтысың қырдың мықты тұлпары.

Келбетіңе
Көз тояды қарасам,
Ауырғанға
Қайырымың орасан.
Ғылымда да шыққан шыңың тым биік,
Дәрежең де жетіп жатыр санасам.
Бағың басым,
Көтеріңкі көңілің.
Тәуелсіз ел
Артты саған сенімін.
Ұлы еліңнің бақытына үлес қос,
Өркен жайсын ұлағатты өмірің.

Бақытын көр,
Ұл-қызыңның өсірген.
Сәулең қандай –
Жібектейін есілген.
Алла саған ғұмыр берсін маңызды,
Қалған тірлік өз басыңда шешілген.

Саған деген
Таусылмайды ақ батам.
Елін сүйер
Парасатты текті адам.
Өз ұлтыңның қамын ойлап жүре бер,
Сен қажетсің халқыңа әлі, Бекмахан!

Қайырбек АСАНОВ,
1 шілде, 2002 ж.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support