- Advertisement -

«Cыпырғышың» қалай?

44

- Advertisement -

Жаңа бастық келді дегенше жаңа әңгіме туды дей бер. Бастық байғұстар да аквариумның ішіндегі балықтар сияқты: қай жерге барды, қай бұрышқа тоқтады, кімге не берді, кімнен не алды, бәрі бадырайып көрініп тұрады.
Біздің тыпыңдаған Таутан жездеміз бастық болмаса да, бір басқарманың білдей бір бөлімінің меңгерушісі еді, жоғарғы жақтан келген жаңа бастығы жай-күйін ойламай жүр ме, қабағы кіржиіп, мұрны тыржиып, жиі мазасызданатынды шығарды. «Сотыбыйы» шыр ете қалса болды, ар жақтағы адамға: «әй, бұл телефонмен айтатын әңгіме емес» деп азар да безер болады. Бірақ жақында сөзіне құлақ түріп отырсам, адамнан айла артылған ба, телефон тыңдаушы «оппоненттерінің» аузын аңқитып кететін амал тапқан сияқты.
– Әлеу, Маупан, бұл сен бе?
Жездемнің көрші облыстағы бажасының аты Маупан.
– Өй, Таутан бармысың? Не жаңалық?
– Сыпырғыш алғанбыз?
– Құтты болсын! Қалай екен, жақсы сыпыра ма?
– Жақсысы жақсы-ау, бірақ дөрекілеу сияқты ма, біртүрлі өзі.
– Сонда не, тұқымы нашар ма әлде мойны жуан боп шықты ма?
– Мойны жуан болғанда, не десем екен, тізеге салсаң да сындыра алмайсың.
– Бұтағы «грубыйлау» десейші.
– Иә, біздің жақша айтқанда «доғалдау» дегенге келеді.
– Әй, Таутан, ең бастысы сапасы жақсы болса болды емес пе саған?
– Өй, сапасы құрысын бүйткен, сыпырғанда түк қалдырмайды тіпті.
– Қиқым-сиқымдардан түгел құтылдық десеңші.
– Иә, сай кезіп, сандалып кетті бәрі. Ал енді өзіңнің Шаңсорғышың қалай?
– Ой, ол бір ызыңдап алып жұта бергеннен басқа ештеңе ойламайды.
– Қақалып қалам деп қорықпай ма, қапелімде?
– Шығарған «зауыты» мықты ғой, жоғарақпанда қақала қоймас.
– Бәсе, «ызыңы» күшті, бізге де еміс-еміс естіліп жатады.
– Енді қайтпексіңдер?
– Нені?
– Сыпырғышты.
– Қайтушы ек, бізді қашан сыпырып тастар екен деп шөп-шаламдарда үрей жоқ.
– Шыдаңдар енді.
– Ойбай-ау, шыдамай отыр дейсің бе бізді, оның есіктегі қоқысты төрге қарай сыпырғаны күйдіріп бара жатыр ғой.
– Ойбай, не дейт?!
– Біздің Сыпырғыш сендердің Шаңсорғыштарың сияқты емес, жұтқанын жұтып, жұтпағанын күтіп, тып-тыныш жата беретін. Есіктегіні – төрге, төрдегіні – көрге сыпырып, естен тандырды әбден.
– Ойпырай, жағдайларың қиын екен онда. Қатын не дейді?
– Қатын ба, қатын: «Мына Сыпырғышың ала мысықты нан-панынан, қара төбетті сүйек-саяғынан, қызыл тауықты жем-пемінен айырып, жауын көбейтіп алды. Сауық-сайраны ұзаққа бара қоймас, сірә» деп жүр.
– Ә-ә, «қатын айтса қалт айтпайды», онда… Әй, Таутан.
– Әу.
– Сыпырғыш та сынар, Шаңсорғыш та шашылар, өзіміз аман болайықшы әйтеуір.
– Иә, өзіміз аман болайық.
Көптен бері ішіндегі шерін телефонмен қалай ақтарарын білмей қиналып жүрген жездем «сотыбыйын» өшіріп, қарнын сипалап отыр. Жүзінде «ал, енді қайтер екенсіңдер, тың тыңдағыш мырзалар» деген бір мысқыл күлкі бар.
* * *
Сіздің не түсінгеніңізді қайдам, ал менің мына «әңгімеден» ұққаным, Таутан жездем сияқты қулар аман тұрғанда телефоннан біреудің сөзін тыңдап күн көретін «құлақтар» жұмыс таппай қалатын шығар, сірә.

Шөкеңнің шөбересі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support