ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ ҚОЛЫ ҚАШАН ЖЕТЕДІ?

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қордай» автоматтандырылған газ тарату стансасының Шу қаласына дейін ұзындығы 100 шақырымнан асатын қашықтыққа газ құбыры жүргізілді. Содан бері ауданды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып, бүгінде бірқатар ауқымды жұмыстар тындырылды. Нәтижесінде аудан бойынша бірқатар елді мекен табиғи газдың қызығын көруде. Шынын айту керек, «көгілдір отын» аудан орталығы мен оның маңындағы ауыл тұрғындарының тіршілігіне ерекше серпін беріп, қатты отынға деген тәуелділіктен құтқарды. Сонымен қатар ауданды газдандыру жұмыстары әлі де жүріп жатқанын ескерер болсақ, табиғи газдың келуі бұл өлкеге өзгеше өң кіргізгені сөзсіз.
Бүгінде 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласынан бастап, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе және Бірлікүстем сынды ауылдар да табиғи газды тұтынып, өркениеттің игілігіне қол жеткізуде. Білуімізше, Шу қаласына газ құбырын жүргізу жұмыстарымен «ПГС Регион» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан. Аталмыш мекеме қаладағы 70-тен аса көшеге газ желісін тартып, 3 мыңнан көп тұрғын үйдің «көгілдір отынға» еркін қосылуына жағдай жасаған.
Табиғи газбен қамтамасыз етілген ауылдардың ішінде Бірлік пен Көктөбе ауылдарына газ құбырларын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүргізсе, қалған елді мекендерде газдандыру жұмыстарын тұрғындардың келісімі бойынша тиісті мердігерлер атқарған. Бұдан бөлек, Шу қаласындағы орталық қазандықтың «КЕ-25/14С» маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін қазандарға ауыстыру жұмыстары толығымен аяқталып, биылғы қысты «көгілдір отынмен» қарсы алды.
Шу қаласының тұрғындары бір ғана түйткілді түсінер емес. Не себепті қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер табиғи газға көшірілмеді? Бұл туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен, тұрғындар осы сауалдың жауабын әлі күнге біле алмай келеді. Рас, жер үйлердің басым бөлігіне газ келді. Алайда қала ортасындағы көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын бір қауым ел әлі күнге газға қол жеткізе алмай отыр. Ауданға «көгілдір отынның» келгеніне бірнеше жылдың жүзі болса да, қалалықтардың осы бір тілегі ескерусіз қалуда. Естуімізше, көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерлерге «көгілдір отын» тарту күрделі мәселе көрінеді. Дейтұрғанмен қаншалықты қиын болса да аталмыш жұмысты істей алатын мердігер табылмайды дегенге сену қиын. Сондықтан жергілікті басшылар алдағы уақытта осы түйткілдің түйінін тарқатуға бел шеше кірісіп, шағын шаһардағы тұрғындардың тілегін орындаса екен деймін.

Асхат БАЯЛБЕКОВ,
Шу қаласының тұрғыны.

Comments are closed.

микро займ на карту