- Advertisement -

Қазақ боксшылары кезекті жеңістерін тойлады

61

- Advertisement -

Кәсіпқой бокс әлемінде жасындай жарқырап жүрген отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жегінде жеңіс тойын тойлады. Орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген қазақстандық былғары қолғап шебері он бірінші шайқасында Пуэрто-Рико елінің үміті Луис Эрнандеске қарсы шаршы алаңға көтерілді. Сегіз раундтық форматтағы кездесу Мейірімнің айқын басымдығымен өтті.
Жекпе-жек басталған сәттен-ақ салқынқанды қимылдарымен қарсыласын толыққанды бақылауға алған Мейірім реті келген сәтте жойқын соққыларын жұмсап, Эрнандеске қазақ жұдырығының қарымын көрсетті. Раунд өткен сайын басымдығын нығырлай түскен отандасымыздың шаршы алаңдағы ақылды қимылдарына көз сүйсінді. Мейіріммен қолғап түйістіргенге дейін жеті мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан Эрнандес бұл шайқастың аутсайдері саналғаны жасырын емес. Әйтсе де шаршы алаңда төзімділігімен танылған Пуэрто-Рико спортшысын Мейірім мерзімінен бұрын жеңе алар ма екен деген сауал ғана күн тәртібінде тұрды. Жоқ, Эрнандес соққы қабылдай алатынын кезекті мәрте танытты.
Сегіз раунд бойы Мейірімнің жойқын соққыларына шыдас берген Луис Эрнандес ақыры құлаған жоқ. Дегенмен қазақстандық сайыпқыранның айқын басымдығын дұрыс бағалаған төрешілер жеңісті бір ауыздан Мейірім Нұрсұлтановтың еншісіне жазды. Осылайша кезекті мәрте жеңісін тойлған Нұрсұлтанов АҚШ төрінде көк туымызды желбіретті.
Бұл күні тағы бір отандасымыз жанкүйерлерді қуантты. Кәсіби мансабын жартылай ауыр салмақ дәрежесінде бастаған Әли Ахмедов екінші орта салмаққа ауысып, америкалық Майк Гайға қарсы шаршы алаңға көтерілді. 37 жасар АҚШ боксшысы 23 жастағы Әлидің алдында дәрменсіз екені көзге айқын байқалып тұрды. Сегіз раунд бойы қарсыласын соққының астына алған Әли Ахмедовтің жеңісіне ешкім шүбә келтірген жоқ. Төрешілер де бірауыздан қазақстандық былғары қолғап шеберінің басымдылығын мойындады.
Нәтижесінде Әли Ахмедов шаршы алаңдағы он төртінші шайқасында он төртінші жеңісін тіркеді. Әли қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкин жетекшілік ететін «GGG promotions» промоутерлік ұйымымен келісім шарт жасасқаны белгілі.
Есімі елге белгілі бокс сарапшылары Әли Ахмедовтің болашағынан үлкен үміт күтетіні жасырын емес. Оның екінші орта салмақ дәрежесіне ауысқанын қолдағандар да жеткілікті. «Әли – болашақ чемпион. Оның біраз асуды бағындыруы бек мүмкін. Оған таланты да жеткілікті» деседі мамандар.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support