- Advertisement -

Қазақтың мұңын қобызбен жеткізген

83

- Advertisement -

Ықылас Дүкенұлы шығармалары насихатталды

«Талас толқындары – 2019» музыкалық өнер фестивалі аясында Ықылас Дүкенұлы атындағы облыстық «Жез киік» қобызшылар байқауы ұйымдастырылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткізілген өнер аламаны бірнеше кезеңді қамтыды. Аудандық байқауда бақ сынап, үздік атанғандар облыстық додаға жолдама алды.
Әйгілі композитор, қазақтың даңқты күйші-қобызшысы, қылқобызда ойнаудың асқан шебері Ықылас Дүкенұлы атындағы қобызшылар сайысының біздің өңірде ұйымдастырылуы жүрекке жылылық ұялатады. «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сынды туындыларымен қоғамның әлеуметтік бейнесін дәл сипаттаған өнер алыбының мұрасын насихаттау – облыстың атқамінерлері үшін асыл парыз. Мұны сала басшыларының қаперден шығармағаны көңілді тоғайтады. Ықылас мұрасы – қазақ мұрасы.
Облыстық деңгейдегі өнер аламанында 27 үміткер бақ сынады. Олар қылқобыз және сымқобызға арналған туындыны, Ықылас Дүкенұлының бір шығармасын және қобызға арналған күйді орындады.
Байқауға қатысушылар бұл күні бар шеберліктерін салып бақты. Әр шығарманы жоғары деңгейде орындауға тырысты. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен тараздық Рауан Әбілқасымов бас жүлдеге лайық деп танылса (300 мың теңге), жамбылдық Қазыбек Малдыбаев, меркілік Айша Бердімұратова бірінші орынды, байзақтық Дана Атабек, мойынқұмдық Гүлназ Қали екінші орынды, тараздық Мадина Байзілдаева, қордайлық Айжан Шарипханова жүлделі үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ сарысулық Жанар Мейірбекова, байзақтық Аида Бекназарова, жуалылық Айтолқын Ташполат, тараздық Ұлжан Кеңесәлиева, құландық Айшабибі Орманова, сарысулық Айгүл Мизамбаева, таластық Еркеназ Сауранбек байзақтық Жұлдыз Алайдарова байқау дипломанты атанды. Өзге бірқатар қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл күні қобыз үні жүректерді тербеді. Қазақ өнерінің корифейі атындағы додаға келген өнерпаздардың жүзінен шаттықтың табы сезілгендей болды. Олар ең бастысы ұлт мұрасының жоқтаушысы екендіктерін сезген секілді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support