- Advertisement -

Жаңа босанған 73 анаға сыйлық тарту етілді

54

- Advertisement -

Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде тойлау мақсатында белгіленген тоғыз атаулы күннің бірі – «Жаңғыру». Бұл күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері өңіріміздегі жаңадан босанған 73 ананы құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Осындай іс-шара Тараз қаласында орналасқан қос перзентханада да ұйымдастырылды.
Облыстық перинаталдық орталыққа бас сұққан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай: «Облыс әкімі былтырдан бері Наурыз мейрамын 9 күн бойы тойлауды ұсынған болатын. Осыған байланысты аталып өтетін «Мейірім», «Алас», «Амал», «Тағзым» сияқты әр күннің өз атауы, бағыт-бағдары бар. Ал «Жаңғыру» күні аясындағы перзентханаларда ұйымдастырылатын шараның да мәні жоғары. Былтыр осы орталықтың ауласына ағаш еккен едік. Биыл енді болашағымыздың иесі болатын перзенттерді, оларды дүниеге әкелген аналарды құттықтау мақсатында тарту-таралғы ұсынуды дұрыс санадық», – деді.
Аталған орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева: «Бүгін 8 ана үйіне шығарылуда. Жылдың ең ізгі мерекесінде сый жасауды жөн көрдік. Балаларға арнап жұмсақ ойыншық алдық, ал аналарға бір реттік жаялық пен гүл тарту еттік», – дейді.
Мереке қарсаңында осындай қошеметке бөленген Гүлсара Айтбаева есімді ана аталған мекеме жаңа ғимаратқа көшірілгелі бері бір сәбиінің осында дүниеге келгенін армандаған екен. Ниетіне қарай, бесінші перзентін осы орталықта өмірге әкеліпті. Әрі сый-сияпаттан да шет қалмады. Нәрестесінің есімін Әлихан қойыпты.
Ал Тараз қалалық перинаталдық орталығында бұл күні құшағына сәбиін алып, қуанышқа бөленген 20 ана да ұйымдастырушылар тарапынан сыйлық алды. Салтанатты шарада Кенжебек Олжабай Ұлыстың ұлы мейрамы қарсаңында өткізіліп жатқан мерекенің жетінші күніне орай аналарды құттықтауға келгенін жеткізді. Орталықтың бас дәрігері Қаракөз Сағынғалиева да қуанышқа кенелген әйелдерді күн мен түн теңесетін жаңа күн Наурыз мейрамымен құттықтаса, тұңғышын босанған Аида Серікова мен төртінші перзентін өмірге әкелген Айсұлу Үсіпова перзентхана қызметкерлерінің жұмысына алғысын жеткізіп, елімізде тыныштық пен молшылық болуын тіледі.

 

Альмира ОМАРОВА

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support