- Advertisement -

Жүз жиырмасыншы күн

41

- Advertisement -

Таңғы тәтті ұйқысын телефон үні бұзса да Лия бүгін тым көңілді оянды. Көзін ашар-ашпастан ұялы телефонына үңілді. Ғали жазған хабарламаларды оқып, жүзіне күлкі үйірілді. Сөзге тым шешен жігіт. Сонысы бұған жазған тілімдей ғана хабарламаның өзінен аңғарылып тұрады. Мұны бірде пейіштің перизатына теңейді. Енді бірде ғаламның бар сұлулығын бір қыздың бойына жиған Жаратқанның шексіз құдіреттілігін сөз етеді. Шешендігінен бөлек, колледждегі қыздардың айтуынша, өзіне баурайтын тартымдылығы да бар.
Колледжге барған күннен топтағы ұл-қыздарды сөзімен де, ісімен де үйіріп-ақ әкететін Ғалиға Лияның да аңсары ауды. Алайда ауыл қыздарына тән ұяңдық Лияның сүйгеніне жан дүниесін ақтаруға тосқауыл болушы еді. Ара-тұра ғаламтордағы оның суретіне үздіге қарағаны болмаса хат жазуға жасқанды. Сөйткен Ғали топтағы барлық қыздың жүрегіне сезім шоғын тастап үлгеріпті. Оңаша қалып, сыр ақтарысатын құрбыларының да Ғали дегенде шығарға жаны бөлек. Кейде Лия өзін осынау бәсекеде дәрменсіз сезінетінді шығарды.

* * *

Бәрі ойда жоқта басталды. Топтағы ұл-қыздар жанталаса ұйымдастырған сол бір кешке баруға зауқы соққан жоқ. Екі жыл ішінде құрбыдан гөрі бауырға айналған Әсемнің көңілін қимаған. Алғашында батыстың шуылдық әуеніне барын сала билеген құрбыларын, арзан шарапты қылқыта жұтқан топтағы жігіттердің әрекетін көргенде өзі тұңғыш рет бас сұққан түнгі клубтан безіп кеткісі келген. Сол сәтте көңілді кешке келген Ғали мұның жанына жайғасты. Сонда ғой екі ауыз сөздің басын құрай алмай әуреге түскені. Ал, Ғали өзін еркін ұстады. Бимен әуре болып жатқан замандастарынан бойын аулақ салған қыздың көңілін табуға тырысты. Жігіттің өткір жанары ұялғаннан алабұртқан жүзін жасырып әуре болған қыздың бойынан ерекше бір сұлулықты байқады. Өзге қыздардан байқала қоймайтын ұяңдық, табиғилық Лияның жігіт алдындағы мерейін үстем етіп кете барды.
Әлгінде ғана шуылдақ әуенге еліткен клубта бір сәтке тыныштық орнап, жастар жұп болып вальстің ырғағына тербетілген кезде Ғали ойланбастан Лияға қолын ұсынды. Жігіттен мұндай қадам күтпесе де қыз қарсылық таныта қоймады. Тек жігіт құшағында әсем әуеннен бұрын сезім ырғағына тербелген сәттің мәңгілікке ұласуын тілеген.
Содан бері зу етіп бір жыл уақыт өте шықты.

* * *

Жылы төсектен керіле-созыла тұрған Лия дайындықтың қамына кірісті. Ғали мұны мерекелік кешкі асқа шақырған. Бұлар жарасымды жұпқа айналғалы әне-міне дегенше бір жыл уақыт өтіпті. Сол аралықта бір-бірінің көңіліне қаяу түсірген сәті жоқ. Қызғаныш дертіне шалдыққан құрбыларының сөзіне де құлақ аспай келеді. Сымбатты жігітті арман еткендердің арасында Ғалиды қызқұмар деп сөккен сыбыс желдей есіп жүр.
– Санасына берсін. Кімнің аузына қақпақ болам. Сенің алдыңда арым таза, – дейді жігіт әлгіндей әңгіменің шеті шыққанда.
Содан соң Лия да ол жайында сөз қозғамайды. Күнұзақ түрлі сызбалармен әуре болып, кеңседен ұзап шыға алмайтын Ғали жұмыс аяқталған соң жатақханаға қарай құстай ұшады. Лия да оны көрмесе тағат тауып отыра алмайды. Терезеге телмірумен жолын тосады. Кейде жатақхана іргесіндегі саябақта күтеді. Құшақтары ажырамаған күйі көзден таса орындықтардың біріне жайғасып қиялға беріледі. Өз ісінің шебері атанған жігіт қолына диплом алысымен Астанада жұмыс істеуге ниетті. Ондағы ірілі-ұсақты компаниялардан түрлі ұсыныстар да түсіп жатқан көрінеді.
Ғали ғашығымен кездесуге қаланың у-шуынан ада шеткерідегі мейрамхананың бірін таңдапты. Ылдым-жылдым қызмет көрсетуге бейіл даяшылар бұлардың үстелін әп-сәтте тағам түріне толтырып тастады.
– Батылдық үшін, –деді Ғали шарапты мұның бокалына құйып жатып.
– Өмірі татып көрмеген едім. Мүмкін, қажеті жоқ, – деді ол қысылып.
– Жаным-ау, өмірде бәрін көру керек. Өмір сүру мүмкіндігі екі рет берілмейді.
Қыз қарсылық таныта алмады. Бокалға ақырын ғана ернін тигізді. Дәмі де өзгеше. Алғашында аз-аздан ұрттап отырған қыз енді шарап толы бокалға қолын жиі соза бастады. Кештің ортасына таяу бойында өзі бұрын байқамаған бір желік пайда болды.
Жатақхана маңына аялдаған таксиден өзін көтеріп түсірген Ғалидың құлағына «Жанымда қалшы» деп сыбырлап үлгерді. Клубтағы сол бір кештен бері өз дегеніне енді жеткен сәтте жігіт те мүмкіндігін мүлт жібермеді. Таяу маңдағы арзанқол қонақ үй бөлмесінде абыройына дақ түсірмеген бейкүнә қызды құшағына басты. Күле қарағаннан қалағанын қуана ұсынатын қаланың кей жеңілтек қыздарының қасында табиғи қалпын жоғалтпаған Лия сері жігіттің кезекті олжасының бірі ғана еді.

* * *

Лия есін жиған кезде күн тас төбеде шақырайып тұрған. Әлдебір күлімсі иіс жайлаған мына бөлмеге қалай келгені есінде жоқ. Аяғымен жерді әзер тіреп, сүйретіле басып ваннаға кірді де ұзақ шомылды. Бойын жиіркенішті сезім баурап алғандай. Бой жете бастаған күннен ақ неке, жар төсегі алдындағы адалдық туралы бұл түсіне бермейтін жайттарды сөз ететін анасының даусы құлағынан кетпей тұрып алды. Айна алдында өзінің жалаңаш тәніне қарап ұзақ тұрды. Он сегізге жаңа толған қыздың мінсіз мүсіні… Тек бір олқы тұсы – тулаған сезім жетегіне еріп, аяқ асты болған пәктігі ғана секілденді. Әркез қалаға шығарып салып тұрып: «Қаланың жігіттері қу келеді. Ондайлардан бойыңды аулақ сал. Әкең екеумізді жерге қаратпа. Сен біздің барымызсың», – дейтін анасын қайта есіне алды. «Кімге керекпін?» деген де ой келді бір уақытта.
Сан-саққа жүгірген ойын ұялы телефон қоңырауы бөлді. Телефонды алып, құлағына тоса бергені сол еді:
– Кешегі түн тым ерекше болды. Сірә, мәңгі есімде сақтап қалармын. Кешке жолыққанша, – деді таныс дауыс. Мұның «Жолыға алмаспыз» дегісі келген. Ғали телефон тұтқасын қойып үлгеріпті.
Қонақ үйден жатақханаға қарай асыққан Лия сол сәтте өзіне түндегі әрекетке қайта жол бермеуге сөз берген. Алайда жас қыз бұл жолы сезім алдында дәрменсіз екенін сезіне алмады. Сол бір долы күштің өзін бүгін де, ертең де, тіпті бір ай бойы Ғалидың құшағына құлай түсуге мәжбүр ететіні Лияның қаперіне кіріп те шыққан жоқ.

* * *

Бір ай бойы бір-біріне деген ынтық сезімді тар төсектегі бір жастыққа қатар бас қоюмен жалғап жүрген күннің бірінде Лия бойына бала біткенін байқады.
– Ғали, менің аяғым ауыр, – деді Лия сүйіктісін Астанаға шығарып салып тұрып.
– Неге ерте айтпағансың?
– Біртүрлі қысылдым. Енді қайтеміз?
– Амалын табармыз. Жұмыстарымды реттеп келейін, – деп Ғали жүк сөмкесін қолына алды.
– Әзірге сау болып тұр, – деп жүзін төмен салған сұлудың маңдайынан сүйді де вагонға қарай бет алды. Диспетчер Ғали мінген пойыздың жолға шыққанын хабарлады.

* * *

Астанаға кеткен Ғалидан екі айдан бері хабар жоқ. Телефоны сөндірулі. Лия жолдаған хабарламалардың санынан жаңыла бастады. Колледж студенттері жазғы демалысқа шыққалы бір жұмаға жуық уақыт өтті. Ал Лия ауылға қайтуға асықпады. Анасына соңғы рет қоңыраулатқанда жақсы жұмыстың шығып тұрғанын айтып, демалыста аз-маз ақша табу ниетін жеткізген. Анасы қарсы бола қоймады. «Абайлап жүр», – деді де қойды.
Әсемнің ақылымен колледж жатақханасынан шығып, қаланың шеткері аудандарының біріндегі екі бөлмелі пәтерге орналасты. Осындағы қыздарға еріп, жақын маңдағы асхананың біріне қызметші болып кірді. Соңғы бірер аптадан бері ол жұмысынан да қол үзді. Күн ұзаққа ас үйдегі мүңкіп тұрған майдың иісі жүрегін көтерумен болды. Қызмет көрсетуден бұрын өз басымен қайғы болған қызға қожайын оң қабақ танытпады. Аз ғана ақысын қолына ұстатып шығарып салды. Оған қоса бойға тіршілік иесі біткелі 4 айға жуықтады. Іші де дөңгеленіп шығып қалды. Көпшілік орында жүруге біртүрлі қысылатынды шығарды. Бір күні құрбысы Әсем жұмыстан көңілді оралды.
– Табылды,– деді ол қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап.
– Кім? Ғали ма? Қайда ол? – деді бұл лезде есін жиып.
– Жоқ, құрбым, дәрігер табылды.
– Оның қажеті қанша?
– Баланы алуға келісім берді. Төрт айлық баланы алу оңай деймісің? Қомақты ақшаға түсік жасауға келісті. Ақшаны уайымдама. Мен оны тауып та қойдым.
– Оның кінәсі қанша?
– Сен не? Өзіңе опасыздық жасаған адамнан туып алмақсың ба? Әрине, ол өз еркіңде. Бірақ есіңде болсын балаң екеуіңе мен қыздардың алдында адвокат бола алмаймын. Пәтерақы төлемегеніңе 2 айдан асып барады.

* * *

Содан бастап Лия тұңғиық ойға берілетінді шығарды. Әне-міне дегенше сезінгелі тұрған ана болу бақытынан бас тарту әсте оңай емес. Бірақ одан кейінгі күндері не болмақ? «Шықпа, жаным шықпа» деумен қашанғы күнелтеді? Жалғыз болса бір амалы табылар еді. Таңға дейін қызылды-жасылды жарығы сөнбейтін мейрамханаларда ыдыс жуса да өмір сүрер-ау. Ал баламен қайда сыяды? Оның үстіне әкесіне керек болмаған бейкүнә сәбидің басынан кім сипайды? Дүние есігін аша сала бейнет пен азап көретін шақалақтың тағдырын ойлаумен ұйқысыз түн, күлкісіз күн өткеріп, ақыры баланы алдыруға келісім берді. Алғашқы күндері жекеменшік емхананың бірінде жас ананың денсаулық жағдайын бақылап көрген дәрігер Лияға қас қарая жалғыз келуін өтініп, қолына мекен-жай жазылған тілдей қағазды ұсынды.

* * *

Соңғы күндері әбден кесіп-пішілген шешім болса да Лия бауырында жатып, әне-міне жарық дүние есігін ашуға үмітті тіршілік иесінің ғұмырын қиюға қатты қиналды. Дәрігердің пәтеріндегі ақ жайма үстінде жатып та ойға шомды. Не болса да тәуекел етпек. Оған қоса сертіне адалдық таныта алмаған тексізден біткен тұқымға жатырынан орын беру жарамас деп шешті. Ойын ота алдындағы дайындықтың қамымен жүрген дәрігер бөліп жіберді:
– Қазір емханаларда төрт айлық нәрестені алуға ешкімнің жүрегі дауалай қоймайды. Заң ондайлардың басынан сипамайды. Ал мен үшін бұл жай ғана кәсіп. Адал деп айтуға келмес. Әйтеуір арын сатып ақша тауып жүргендердің жанында тәубе, – деді.
Шынында Әсем айтқандай дәрігер өз ісінің шебері болып шықты. Екі сағаттан соң есін жиған Лия ешқандай ауырсынуды сезбеді. Ас үйден дәрігердің даусы шығады. Сыртқы есікті бет алған қызды көріп:
– Қызым, бәрі жақсы өтті. Тура 120 күн болыпты. Мынандай мерзімде баланы алу оңай емес. Оған қоса 4 айлық баланың тағдыры ана құрсағынан белгілі болады, – деп күрсінді. Қасына жайғасқан еркек дұрыс дегендей басын изеп қояды.
– Жап-жас қыз екен. Обал-ақ. Қазіргі жігіттер ұсақталып кеткен бе? Етекті ашудан басқа ешнәрсені ойламайды. Біздің кезімізде бәрі басқаша еді. Қыздың қолынан ұстаудың өзі қиындау болатын, – деп күледі онысы.
Дәрігер әлдеқашан әзірлеп қойған рецепті ұсынды да бұны шығарып салды. Барынан айырылғандай күй кешіп, беті ауған жаққа қарай ілбіп келе жатқан Лияға шешім оқыстан келді. Жоқ, талай күннен ойында жүрсе де батылы бармай жүрген қадамы еді бұл. Бойына бар күш-қуатын жинап ерсілі-қарсылы көліктер жүйткіп жатқан жолға жүгіріп шықты. Қас-қағым уақыттан кейін зор жылдамдықпен келе жатқан көлік астында қалған сұлудың денесі жаншылып қалды.

* * *

…«Адам тағдыры ана құрсағындағы жүз жиырмасыншы күні белгілі болады» дейді білетіндер.

Шынболат
КҮЗЕКБАЕВ.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support