- Advertisement -

Кездесуден зор әсер алдым

69

- Advertisement -

Мемлекет тарапынан ел жастарына қай кезде де жоғары деңгейде көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде спортшылар әлемдік деңгейдегі додаларда жеңіс туын желбіретсе, жас ғалымдар, әдебиетшілер мен әншілер, актерлер толағай табыстарға қол жеткізуде. Әрбір жастың жоғары жетістігі – елдің мәртебесі. Ал Елбасының биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны замандастарымызды жігерлендіргені анық.
23 қаңтар күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы ЭКСПО-2017 көрме орталығының «Нұр әлем» павильонында өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне облысымыздан барған қатысушылардың қатарында болғаныма өте қуаныштымын. Елбасы қатысқан жиында отырғаныма толқып, ерекше әсерге бөлендім. Мемлекет басшысының алдында әр аймақтың жалынды жастары сөз сөйлеп, өздерінің қол жеткізген жетістіктерін, алға қойған мақсаттары мен ұсыныстарын еркін айтуы замандастарымның батылдығы, ойларының жүйріктігі деп ойлаймын. Елбасы жастарды тоқтатпай тыңдай бергісі келетінін айтты. Бұл – Ұлт Көшбасшысының үлкен парасат-пайымын байқатса керек.
Жиында жалпылама сөз, құрғақ ұран болған жоқ. Нақты мақсаттар, орамды ойлар айтылды. Жастар тілге тиек еткен Елбасы жастарға жолдаған ұсыныс, бастамалардың барлығы көңілге қонады. Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығына тұрақты түрде қамқорлық көрсетіліп келе жатқанын, тәуелсіздік жылдарында 219 жаңа аурухана, 1200 жаңа емхана салынғанын айта келіп, медицинаға адам денсаулығының тек 10-15 пайызы ғана тәуелді, сергек жүру өзімізге байланысты екеніне тоқталды. Президент сөйлеген сөзінде: «Тәні саудың – жаны сау» екені баршаға аян. Республикалық жастар чемпионаттары мен студенттік универсиадалар өткізу дәстүрін қайта жаңғырту маңызды. Барша жастарды өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуге шақырамын», – деп атап өтті.
Мен – спортшымын және жас анамын. Елбасының жоғарыда айтқан сөзі кәсіби спортшыларға да, әуесқойларға да қатысты. «Спорт – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаған. Ұзақ жылдан бері каратэ-до спортымен шұғылданамын. Спорт менің өміріме ешқандай кедергісін келтірген жоқ. Қайта абыройымды асырды. Тұрмысқа да уақтылы шығып, сәбилі болып отырмыз. Спорт арқылы елдің мерейін асқақтатып, алғысқа бөленіп жүрген жағдайымыз бар. Елбасы елордада өткен жиында жастарға бағыт-бағдар берді, жеткіншектердің қамқоршысы және жанашыры екенін танытты. Жастарды бір ғана мамандықты таңдап, сол арқылы абыройға, мақсатқа жетуге шақырды. Президенттің бұл ойымен де келісуге болады. Бір мамандықты көңілі қалап, соның түбіне түскен жастың сөз жоқ табысқа жететіні анық.
Ол жиынға менің әріптестерім спортшылар да көп қатысты. Барлығы да халықаралық деңгейде ел намысын қорғаған үздіктер. Біз спорттан әлемдік жарыстарда жеңіске жете берсек, елдің дамуына қосқан сүбелі үлесіміз сол. Менің әріптестерім, спортшылар – Отанымыздың патриоттары. Сырт мемлекеттерде өтетін байрақты додаларда жеңіс туын желбіреткен сайын ел сенімін ақтағанымызға толқып, көзімізге жас келеді. Өз мемлекетіміздің Әнұранын шырқауға себепкер болған сәттегі толғаныс өте бөлек. Мен сондай толғанысты Елбасының қатысуымен өткен жиында да сезіндім. Көшбасшы жастарға сенім артты. Ол жай ғана сенім арту емес, елдің дамуына әрбір жас үлес қосуға ниетті болуы керектігін ұқтырды.
Гузалия Гафурова,
спортшы, каратэ-до-дан
Азия ойындарының екі дүркін чемпионы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support