- Advertisement -

Ақыл – жастан, асыл – тастан

80

- Advertisement -

Биыл Жастар жылы болып жарияланатындығынан хабардар болғанымызбен, оның мәні мен маңызы, ерекшеліктері, қандай шаралар жүзеге асырылатыны белгісіздеу болып, алғашқы бір ай ішінде бірқатар іс-шаралар өткізілгенмен, әлі де болса белгілі бір ұстаным, бағыт-бағдардың жоқтығы байқалып қалған еді. Мемлекет басшысы жоғарыда аталған салтанатты рәсім барысында, міне осы тұрғыда атқарылар ауқымды жұмыстардың көлемін нақтылап, айқындап та берді.
Шын мәнінде елімізде соңғы жылдары жастарға көмек, қолдаулар көрсетілудей-ақ көрсетілумен келеді. Ал Жастар жылы қалай өтеді, нені түпқазық етеді? Атқарылар шаралар ауқымы қандай? Бұған жоғарыда аталған жиында айтылған Елбасы сөзінен кейін нақты көз жеткізіп те отырмыз. Бұл шараның ел жастары арасында да зор серпіліс туғызғанына сенімдімін. Ендігі жерде мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Бұл жыл жастардың айрықша қанаттанатын, қабілет-қарымын шыңдап, айқындайтын жылы болады деп те күтудеміз.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ауылдарда жұмыссыз жүрген жастарды жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға оқытып, үйрету ауқымын кеңейту, жас кәсіпкерлерге берілетін гранттық қаражат көлемін екі есеге дейін ұлғайту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда жұмыс істеуді қалаған жастарға ендігі жерде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде демеуқаржы төлеуді жүйелеу, жас буын өкілдерінің инновациялық тың идея, жаңалықтарын жүзеге асыруына мол мүмкіндіктер жасалатыны – мұның барлығы да жас ұрпақтың білімдерін жетілдіруіне, еңбек етуіне, тың ізденістерге батыл кірісуіне қолдау көрсету, ынталандыру екені анық. Жастар жылы аясында жарқын істердің жүзеге асырылатыны қуантады.
Әсіресе танымал тұлғалар өздерінің табысты ғылыми ашылымдарын жас кездерінде ашып, әлемге танытқаны белгілі. Осыған байланысты Елбасымыздың таланттың бір, ал еңбектің тоқсан тоғыз пайызы – еңбек екеніне, бүгінде әлемге танымал айтулы тұлғалар өз компанияларын ашқанда аса ауқымды қаражатқа сүйенбегенін, бәрін де өздері ойлап тапқанын айта келе, «Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар екеніне көз жеткізіп отырмыз… Ең басты жетістігіміз, ол – жаңа буын қазақстандықтарды тәрбиелеп жатырмыз» деп жастар мен жасөспірімдерге айрықша сенім артуын әбден құптаймыз.
Бүгінде ЭКСПО қалашығының орнында жас ізденушілердің ғылыми жоба жұмыстарын жүзеге асыруына қолайлы жағдайлар жасалған, онда еліміздің 200-ден астам айрықша қабілетке ие жас өрендері өздерінің стартаптарын жасап, қалыптастыру үстінде. Мемлекет басшысы олардың жобалары коммерцияға шыға алуына, жолдары ашылуына көмек көрсету айрықша маңызға ие екенін де атап көрсетті. Сондай-ақ Жастар жылы аясында мәреден шығатын «Жас кәсіпкер» бағдарламасының ауылда жұмыссыз жүрген жастарды қамту ауқымын жылына 100 мың бірлікке дейін жеткізу міндеті де алға қойылып отыр. Бұл жас азаматтардың ауылдан өндіріс мол шоғырланған қалаға қарай ағылуына тоқтау да салмақ. Көптеген мемлекеттерде студенттер 4-5 курстарда оқып жүрген кездерінен бастап бизнеспен шұғылдана бастайды. Олардың біліктіліктерін белгілі бір компаниялар қадағалайды. Бұл үрдісті біздің де үйреніп, тәжірибеге енгізуіміз қажет.
Елбасының Жастар жылында жүзеге асырылар жұмыстар жөнінде айтқандары біздің университетіміздің студенттері арасында да қызу талқылануда. Әсіресе оларды жас ғалымдарға міндетті түрде гранттар берілетіндігі тың ізденістер мен жаңа жетістіктерге жігерлендіріп отыр. Жастарымыз Елбасының үмітін ақтайтынына сеніміміз мол.

Жанар БЕКБЕРГЕНОВА,
М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support