- Advertisement -

ШОЙЫН ЖОЛДЫҢ ШОЛПАНЫ

42

- Advertisement -

Қазіргі кезде еліміздегі нәзік жандардың үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүруі көрер көзге үйреншікті болып кеткені жасырын емес. Тіпті отбасының ұйытқысы және аяулы ана бола тұра елдің қамын жеп, басшылық қызметтің биігінен көрініп жүргендері қаншама. Осындай жүгі ауыр әрі жауапкершілігі жоғары лауазымды міндетті атқарып жүрген айымдардың бірі – Шу қаласындағы темір жол вокзалының басшысы Шолпан Арысбаева.

Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан болар, мұндағы тұрғындардың негізгі табыс көзі де дәл осы темір жол саласы болып есептеледі. Бүгінде жолаушылар тасымалымен қатар, жүк тасымалында да тиімділігін дәлелдеп отырған темір жол саласы темірдей тәртіпті талап ететіні айтпаса да белгілі. Өйткені сала мамандары шойын жолмен қатынауды құп көретін жолаушылардың қауіпсіздігіне басымен жауап береді. Мұндағы бір ғана қателік жүздеген адамға зиянын тигізуі мүмкін. Сонымен қатар жолаушыларға сапалы қызмет көрсету де теміржолшылардың алдында тұрған үлкен міндеттің бірі. Міне, Шолпанның жаны нәзік болғанымен, қайсар мінезінің арқасында осындай үдеден шығып, талабы ауыр, жауапкершілігі мол жұмысты атқарып келе жатқанына биыл 9 жыл толды. Ең әуелі Алматы қаласындағы темір жол колледжін тәмамдаған ол, одан соң Орталық Азия университетін экономика факультеті бойынша бітіреді. Кейіннен еліміздің оңтүстік астанасында орналасқан М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік коммуникациялар академиясында «Тасымалдау мен жүк қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде жасы 50-ге таяп қалған Шолпан өмірінің 31 жылын дәл осы темір жол саласына арнапты. Нәзік жанды әйелдің алғашқы еңбек жолы ел тарихындағы бетбұрысты әрі қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келген екен. Оның бұл саладағы басшылық қызметке дейінгі баспалдағы вагон операторы жұмысынан басталыпты. 1988 жылдан бастап темір жолға біржола бет бұрған Шолпан Айдарқызы бірнеше жыл бойы осы салада тәжірибе жинақтап, 2002 жылы «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамында бас инспектор болып жұмыс істейді. 2011 жылы Шу қаласындағы темір жол вокзалының басшысы лауазымына ие болып, бүгінгі күнге дейін сол қызметті абыроймен атқарып келеді. Осылайша жай ғана басшы емес, Шу ауданының темір жол саласында басшылық қызметке тағайындалған тұңғыш әйел атанды. Өйткені ауданда темір жол саласына қарасты 17 мекеме болса, соның ешқайсысын әйел адам басқарып көрмеген көрінеді. Бұл да өз кезегінде Шолпанның қайсарлығы мен алғырлығын білдірсе керек-ті.
Қарамағындағы 30-ға жуық қызметкерден бөлек, вокзалға күнделікті толассыз келіп-кетіп жатқан әрбір жолаушыға сапалы қызмет көрсету де Шолпанға тікелей байланысты. Неге десеңіз, қарамағындағы қызметкердің бір ғана салғырттығы жолаушыны барар жолынан жаңылдыруы бек мүмкін. Мәселен, қыс айларында мұндағы вокзал қызметін тәулігіне 500-ден аса жолаушы пайдаланатын болса, жаз айларында адам саны 1500-ден 2000-ға дейін жетеді екен. Оған вокзал маңына күнделікті келіп-кететін 35 жолаушылар пойызы мен басқа да жүк пойыздарын қосыңыз. Осындай жауапкершілікті біле тұра титтей де болсын қателікке бой алдырса, оның салдарын елестетудің өзі қиын. Ондай олқылыққа жол бермес үшін басшыға тән талап пен темірдей тәртіп керек екені сөзсіз. Ал қатаңдығымен қоса, қарапайымдылығын да қатар алып жүрген біздің кейіпкер бүгінгі күнге дейін мойнына артылған міндетті мінсіз атқарып келеді.
Әрине, ең бірінші кезекте әйел – отбасының алтын қазығы саналады. Дейтұрғанмен тек отбасында ғана емес, мемлекеттік қызметте, басшылық орында, жалпы қай салада болсын, әйелдер қауымының орны ерекше екені белгілі. Шынын айту керек, бүгінде еліміздегі нәзік жандар саясатта, кәсіпкерлік пен әлеуметтік салаларда белсенді еңбек етіп келеді. Сонымен қатар әрбір әйелдің арманы әрі міндеті – өмірге бала әкелу, ұрпақ тәрбиелеу. Өмірдегі бұндай маңызды міндеттер аруларға текке жүктелмесе керек. Себебі олар қатал болғанымен бірге, әрдайым нәзік те биязы қалыптарын сақтайды, айналасындағыларға жылылық сыйлай алады. Бұндай қасиет тек әйел затына ғана тән. Біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Шолпан Айдарқызы да осы үдеден шығып, бүгінде үш бірдей ұлды тәрбиелеп отырған аяулы ана. Оның ортаншы ұлы өзінің ізін басып, дәл осы темір жол саласында қызмет етіп келеді екен. Оған анасының үйретері көп.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support