- Advertisement -

Осы жұрт «Көмекшілердің» көмегіне неге зәру?

30

- Advertisement -

Жолдау жүктеген басты міндеттердің бірі – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімді нығайту. Себебі әрбір азамат дүниеге келген сәтінен бастап осы саланың қызметіне тәуелді болатыны белгілі. Ал өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырудың бірден-бір жолы – мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік органдар көрсететін қызметтің сапасын арттыруға және аталған саланың дамуына бағытталған «Жасырын тұтынушы» жобасы аясында қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Бұл ең алдымен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюға ықпал етіп, әкімшілік кедергілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Былтыр осы жобаның аясында мемлекеттік қызмет көрсететін 76 мекемеде «Жасырын тұтынушы» әдісімен зерделеу жұмыстары жүргізілген екен. Нәтижесінде 26 мекемеде заң талаптары толық орындалмай, кемшіліктерге жол берілгені анықталған. Атап айтсақ, барлығы 82 заң бұзушылық орын алып, тиісті мекемелерге кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар жолданыпты. Сонымен қатар осы әдіспен өткен жылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында делдалдар анықталған.
Жұрттың аңғалдығын пайдаланған «көмекшілер» мекеме аумағын торып жүретіні мәлім. Тіпті азаматтарға жүргізуші куәлігін ешқандай құжаттарсыз-ақ ашықтан-ашық 50-60 мың теңгеге алып береміз деп жарнамалаған делдалдар да бар екен. Осыны анықтаған тиісті органдар облысымыздың полиция департаменті мен мемлекеттік корпорацияға тиісті ұсынымдар жолдаған. Сонымен бірге бұл мәселе былтыр облыстық қоғамдық кеңес отырысында қаралып, көмегін ұсынуға дайын тұратындыр әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Әйтсе де «Аңқау елге, арамза молда» дегендей, олар мұндай әрекеттерін тыяр емес. Биылдың өзінде осындай 2 факті анықталып, «Жасырын тұтынушы» әдісімен түсірілген бейнематериал тиісті шаралар қолдану үшін полиция департаментіне жолданыпты.
Мамандар делдалдар көбіне аңғал, заң білмейтін азаматтарды құрығына түсіреді дейді. Сөйтіп «клиенттерінің» ақшасын алып алған соң, оларды бәрібір аталған орталыққа жіберіп, өздері ізін суытатын көрінеді. Сайып келгенде, жалған көмекшілердің «қызмет» құны аталмыш мекеме қызметінің бағасынан асып жығылмаса, кем түспейді дейді мамандар.
Осы және өзге де мәселелер өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндалды. Жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жандос Тойшыбеков, облыс бойынша полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының емтихан тіркеу жұмысы бөлімі бастығының орынбасары Еркін Халматов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша мамандандырылған бөлім басшысының орынбасары Нұрдаулет Темірбеков журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support