- Advertisement -

Жалақы қарызын болдырмау – басты міндет

44

- Advertisement -

Жалақы – жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмысының күрделілігіне, көлеміне, санына және сапасына қарай төленетін еңбекақы. Яғни өтемақы және ынталандыру сипатындағы, тараптардың келісімімен белгіленетін, алайда заңда белгіленген шектен кем болмауы тиіс ай сайынғы ақы, төлем. Ал негізгі жалақы – тарифтік мөлшерлемелер, лауазымдық айлықақылар, кесімді бағалар бойынша төлемді қамтитын жалақының салыстырмалы түрдегі тұрақты бөлігі.
Қазақстан Республикасының заңдарында еңбек үшін қандай да бір кемсітусіз және заңда белгіленгеннен төмен емес ақы төлеу қағидасы белгіленген. ҚР Конституциясы және ҚР Еңбек заңдары еңбегі, жұмысының ұзақтығы, күрделілігі үшін жынысына, нәсіліне, жасына, ұлтына, басқа да белгілеріне қарамастан бірдей ақы төлеуді кепілдейді. Аталған анықтамалықтарды әзірлеу мен қолданудың тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді. Орындалған жұмыстарды белгілі бір күрделі жұмысқа жатқызуды және қызметкерлерге біліктілік санаттарын беруді жұмыс беруші біліктілік және қызметшілер лауазымдары анықтамалықтарына сәйкес дербес жүргізеді. ҚР Конституциясы 24-бабының мазмұны бойынша азаматтардың еңбегіне өз уақытында ақы төленуге конституциялық құқығын қорғау мемлекеттік саясаттың басымдыққа ие бағыттарының бірі болып табылады. Бұл ережелерге орай қызметкерлерге жалақы мен заңнамамен белгіленген өзге де төлемдерді төлемеу адам мен азаматтың негізгі конституциялық құқықтарына қол сұғушылық болып табылады.
Еңбекке ақы төлеу мәселелерінде мемлекет айлық және сағаттық жалақының ең аз мөлшеріне, мерзімінен тыс және түнгі уақыттағы жұмысы, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысы үшін төлемге кепілдік беретін болады. Еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 102-бабымен бекітілген және 1) айлық жалақының ең төмен мөлшерін; 2) сағаттық жалақының ең төмен мөлшерін; 3) үстеме жұмысқа ақы төлеуді; 4) мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеуді; 5) түнгі уақыттағы жұмысқа ақы төлеуді; 6) жұмыскердің жалақысынан ұстап қалудың мөлшерін шектеуді; 7) жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдерін қамтиды.
Жалақы төлеудің мерзімдері мен тәртібі Еңбек кодексінің 113-бабында қарастырылған. Жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы түрінде ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді, егер ол демалыс немесе мереке күндеріне тура келсе, төлем осы күндердің қарсаңында жүргізіледі. Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері, оның ішінде ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті.
Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Жұмыс беруші төлемнің кешіккен кезең үшін жұмыскерге берешек пен өсімпұл төлейді. Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі, сонымен қатар төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен бастап мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады және төлем жасалған күнмен аяқталады.
Мемлекет еңбек ету бостандығы құқығына кепілдік береді. Осыған сәйкес қызмет саласын таңдау қызметкердің өз еркіне беріледі. Қызмет түрін таңдағанда қызметкер оған қамтамасыз етілетін әлеуметтік кепілдіктердің деңгейін – Кодекске сәйкес еңбекақы алу, жұмыс уақытын шектеу, ұзақтығы ең аз еңбек демалысын алу құқығы және қоғамдық әлеуметтік кепілдіктерге жататын басқа да құқықтары жайлы білуге тиіс. Қызметкерлер көрсетілген құқықтарды өндірістің жетістіктеріне тәуелсіз пайдалануы керек.
Кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларының талаптарын сақтап, жұмыскерлердің жалақысын уақтылы және толық төлеуге міндетті.

Гүлжан БАКИРБАЕВА,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік
еңбек инспекторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support