- Advertisement -

ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

102

- Advertisement -

Қазіргі кезде еліміз бойынша есірткі затын пайдаланушылар мен оны таратушыларға қатысты жағдайлар көбінесе кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті болып тұр. Кез келген нәрсеге жылдам бой үйрететін жастар бүгінгі күннің осындай әлеуметтік дертіне өте тез шалдығады. Алайда ерте ме, кеш пе, осы дерттің шырмауына шырмалғандар бәрібір құрықталатыны анық. Тіпті түрлі есірткі заттарын шамадан тыс қолданып, өз-өзіне қол жұмсап жатқандары да жетерлік. Оның үстіне есірткіге тәуелді адамдарда жұқпалы аурулар есірткіні тұтынбайтындарға қарағанда жиі кездеседі екен. Бір өкініштісі, қазіргі уақытта есірткі пайдаланушылардың үлесі жылдан-жылға артып келеді. Есірткі бизнесінің қауіптілігі де осында болып тұр. Бүгінгі технологияның дамығаны соншалық, аты жаман кәсіппен айналысатындар қырағы көз шекарашылар мен арнайы дайындалған иттің өзін сан соқтырып, бұл кеселді өршіген үстіне өршіте түсуде.

Сондықтан болса керек, кесір кеселге үйір болуды ермекке айналдырған осындай топтармен күресудің жолдары да біршама күрделене түскен. Әсіресе есірткіні жинауға, қайта өңдеуге және оның ел аумағы мен шет мемлекеттерге таралуына өте ыңғайлы жердің бірі саналатын Шу ауданында бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп келеді.
Мәселен, қазіргі кезде мұнда облыстық полиция департаментіне қарасты «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі жыл – он екі ай бойы тынымсыз жұмыс істеп тұр. Аталмыш бөлім облыс аумағындағы бес бірдей ауданға жауапты екен. Бұл аудандардағы 124 мыңнан аса гектар жерді алып жатқан есірткі алқабының 85 мың гектары – Меркі, 24 400 гектары – Шу, 12 500 гектары – Т.Рысқұлов, 2 мың гектары – Қордай және қалған 1000 гектары Мойынқұм ауданына тиесілі көрінеді. Аймақтағы көлеңкелі кәсіппен күресетін бұл бөлімде қазір 22 адам қызмет етеді. Нашақорлық дертіне шалдыққандардың арқасында тірлігін дөңгелеткен қылмыстық топтар қалталары ортайып қалмас үшін нашақорлар санының арта түсуіне мүдделі екені белгілі. Ал олардың алдын алу бойынша полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, оның ішінде жоғарыда аты аталған «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі бүгінгі күнге дейін бірнеше іс-шараны қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Аталмыш бөлімнің берген мәліметіне сүйенер болсақ, жыл басынан бері Шу ауданы бойынша дәл осы бағытта 10 қылмыс тіркелген. Оның 4-еуі наркологиялық құқық бұзушылық болса, есірткі сақтау бойынша 5 және есірткіні сату бойынша бір оқиға орын алған. Жалпы, аталған заңсыз есірткі айналымы бойынша биыл 50 килограмнан аса түрлі есірткі заттары тәркіленіп отыр. Олардың 47 килограмы марихуана болса, 754,53 грамы гашиш. Десе де өткен жылмен салыстырғанда биылғы көрсеткіштердің едәуір азайғанын байқауға болады. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың есепті кезеңінде 136 килограмнан аса есірткі заты тәркіленсе, оның 129 килограмы марихуана, 6 килограмы гашиш болған. Бұл өз кезегінде құқық қорғау қызметкерлерінің жүйелі жұмысының жемісі болса керек-ті. «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Бауыржан Күншашовтың айтуынша, күні кеше есірткі затын заңсыз сақтаған аудан тұрғыны құрықталыпты.
– Жуырда «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында аудан аумағында Р. есімді азаматша есірткі затын заңсыз сақтағаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Осыған байланысты жедел тергеу тобымен бірлесе тінту-тергеу амалдарын жүргізіп, нәтижесінде аталмыш тұрғынның үйінен 1 килограмм, 220 грамм марихуана және 350 грамм гашиш тәркіленді. Айта кету керек, бұл азаматша бұған дейін сотты болмаған. Алайда есірткі затын қолданғаны үшін есепке алынған болатын. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысы дәлелденген жағдайда ол 3 жыл көлемінде бас бостандығынан айырылатын болады, – дейді Бауыржан Болатұлы.
Ал «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің жедел іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Арман Баймұханбетовтің айтуына қарағанда, бес бірдей ауданға жауапты бұл бөлімге 22 штаттық бірлік аздық етеді екен. «Үстіміздегі жылдың 26 ақпанынан 1 наурызына дейін «КАНАЛ-ЦЕНТР» кең ауқымды жедел іздестіру шаралары өткен болатын. Аталған шара аясында біздің бөлім қызметкерлері 4 қылмыскерді құрықтады. Сонымен қатар ағымдағы айдың 11-15 күндері аралығында «Допинг» жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Жалпы бөлімде 22 адам жұмыс істейтін болса, оның 15-і жедел уәкіл және қалған 7-еуі кіші жедел уәкілдер. Оған қоса Меркі мен Қордай ауданында екі адамнан құралған жеке құрам жұмыс істейді. Материалдық жағына келсек, қиын жолдарға арналған бірнеше техникамыз және құмды аймақтарға арналған жылжымалы бекеттер де бар. Қалай десек те, облыс аумағының басым бөлігін алып жатқан Мойынқұм ауданындағы құмды аймақтар мен Шу және Меркі аудандарындағы қарасора алқабының көлемін ескерер болсақ, мұндағы 22 қызметкердің аздық ететіні белгілі. Бірақ «Көкнәр» жедел-профилактикалық жедел іс-шарасы басталғанда «Бүркіт» арнайы жасағы көмекке келеді» – дейді Арман Қазақбайұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданында есірткі заттарының таралуына қарсы әрекет ету және жауапты құқық қорғау органдарының тиімді әрекетін ұйымдастыру мақсатында жыл сайын маусым мен қазан айларында өтетін «Көкнəр» жедел-профилактикалық іс-шарасының да маңызы зор. Бұл шараның дәл осы айларда өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені осы үш айдың аралығы есірткі тұқымдас өсімдіктердің көбейетін жəне пісетін уақытымен тұспа-тұс келеді. Дәстүрлі «Көкнәр» шарасы Шу алқабынан каннабистік топтағы есірткі дайындаумен, шығарумен айналысатын адамдарды құрықтау, сондай-ақ «ауған» есірткі арнасының транзитін жою, каннабистік топтардағы есірткінің алғашқы шығарылатын жері ретіндегі есірткі өндірісін жоюды мақсат тұтады. Сонымен бірге қылмыстық жолмен қаржы табумен айналысатын топтарды түп-тамырымен ұстау да шараның басты міндеттеріне кіреді. Осы мақсатта аудандағы негізгі магистральдік жолдарға «Рубеж-Есірткі» деп аталатын 3 жылжымалы бекеттерді құру арқылы өңірдегі нашақорлық жəне есірткі қылмысы деңгейін төмендету қолға алынған. Аталған бекеттер жаз айларында аудан аумағында тәулік бойы жұмыс істейді. Түнде қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған мобильдік жедел-іздестіру топтары да есірткі бизнесіне тосқауыл болу үшін барын салып жұмыс істеуде. Облыс бойынша арнайы мақсаттағы иіс сезгіш ит те бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді.
Ал облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы екі айының өзінде 114 қылмыстық іс анықталыпты. Расын айту керек, қазіргі таңда есірткіні шамадан тыс қолданғанның салдарынан өз өмірімен қоштасып жатқандар да бар. Дәл осындай себептермен жер бетінде жыл сайын миллиондаған адам есірткінің құрбаны болып жатса, оның елеулі бөлігі көрші жатқан Ресей мемлекетінде орын алады екен. Бұл елде орта есеппен жылына 30-40 мың адам осындай кеселден көз жұмса, шамамен 2 миллионнан аса нашақор бар және олардың саны жыл санап артып жатқаны да жасырын емес. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін және тұрғындар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында облыстық полиция департаменті арнайы жоспар бойынша көптеген іс-шараларды өткізіп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың екі айында олар білім, денсаулық, туризм және спорт, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес мекемелермен бірлесе орта мектептердің оқушылары және жоғары оқу орындарының студенттері арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған барлығы 161 шара өткізіпті. Оның ішінде 108 дәріс, 12 кездесу, 2 семинар, 7 байқау, 3 флешмоб және 5 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, олар есірткі тәуелділігінен емделудің және психоактивті тәуелділіктің алдын алу бойынша қосымша материалдармен таныстырылған. Оған қоса, «Есірткісіз қала», «Есірткісіз көше», «Есірткісіз болашақ», «Спорт – есірткіге қарсы» сынды түрлі іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Шынын айту керек, есірткі бизнесін бақылау, одан түсетін пайданы дәл басып айту бүгінде мүмкін болмай тұр. Оның үстіне, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шудағы алқаптың өзі еліміз бойынша есірткі тұқымдас өсімдіктердің ірі аймағы болып есептеледі. Бүгінде еліміз үшін үлкен дертке айналған есірткі бизнесінен зардап шегушілердің санын бұл алқап та арттырып отырғаны анық. Оған қоса, табиғи аймақта орналасуына қарай, облыс есірткі жəне психотроптық заттардың транзиттік тасымалдау жолында орналасқандықтан, осы жол арқылы тасымалданатын есірткі заттарының бір бөлігі облыста қалып, ары қарай заңсыз айналымға түсіп сатылымға енуі де жиі кездесуде. Елбасының өзі де елімізге төнген қауіптердің ішіндегі ең негізгілерінің тізіміне терроризм мен көші-қон мәселесін және осы мақалаға өзек болып отырған есірткі дертін қойған болатын. Сондықтан бұл кеселмен күресу тек құқық қорғау қызметкерлері ғана емес, еліміздегі әрбір азаматтың борышы болуы керек.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support