- Advertisement -

Жеті жұрттың тілін біл

126

- Advertisement -

Ғылымға ден қойып, жаңа технологияда жұмыс істеп үйрену үшін ағылшын тілін білу керек. Қазіргі отандық білім беру жүйесіндегі «Үштұғырлы тіл» саясаты осындай қажеттіліктен туған. Оның елдік маңызы – алпауыт мемлекеттермен терезесі теңестіретін бәсекелік қабілетті арттыруда жатса, ұлттық мәні одан да терең. Жалпы, бәсекелік қабілет мектепте қалыптасатынына, бәсекелестіктің бастауы білімде екеніне ешкім шек келтіре қоймас. Себебі бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегіне айналатын тұлға. Уақыт өте келе қазіргі қоғамдағы көптеген үйренші әдет, жазылмаған «қағидалар» ескіреді. Заман ағымы бірді алып жығатын «білектілерді» сахнадан ысырып тастайды. Тәжікелесіп, үнемі төбелес іздеп жүретіндердің бүгінгі беделі төмен құлдырап, тіл білетін, өнер үйренген, жаңа технологиялардың түр-түрін өзі жасап шығаратын жастар алға шығады. Сондықтан жастар бұл үдеріске қазірден дайын болуы керек. Теңіз толқыны жағаға лақтырған жаңқадай болмас үшін білімге ден қойған жөн.
Білім беру үдерісіндегі біз Елбасымыз айтқандай, «Бәсекелестік қабілет», «Үш тілде білім беру», «Компьютерлік сауаттылық», «Шет тілдерін білу», «Мәдени ашықтық» сияқты факторларға мән беруге тиіспіз. Жас ұрпақтың бойына ХХІ ғасырға лайықты ізгі қасиеттерге ие болатындай қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Кәсіби шеберлік, білім өрісі, зиялылық және танымдық деңгейі – жаңа технология дәуірінің биік талаптары. Біз ағылшын тілін меңгеруге ұмтылыс жасауымыз қажет. Әрине, көп тіл білуге құштарлық мемлекеттік тілге деген құрметті ысырмаса керек.
Бүгінде өңірімізде ағылшын тілді мамандарды даярлау ісіне ерекше мән беріліп, ағылшын тілін үйрететін топтар, үйірмелер көптеп ашылуда. Оған «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасы септігін тигізіп отыр. Жас ұрпақ үш тілді пайдаланып, жоғары білімді ұлт ретінде танылуы тиіс. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономика тілі. Осы жерде ерекше назар аударатын мәселе бар. Біз Елбасының үштұғырлы тіл саясатын ұлттық идея деңгейіне дейін көтеруіміз қажет. Өйткені ұрпағына білуге, өнерді үйренуге ұмтылдыру – ұлттық болмысымызда бар. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген сөз содан қалған. Елбасының сөзімен айтқанда, «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет».

Лэлла Сәменбаева,
Т.Рысқұлов атындағы
№48 орта мектептің мұғалімі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support