- Advertisement -

Тараздықтар «Амал» күнінде қуанышпен қауышты

57

- Advertisement -

Көктем келіп, қыстың қаһарлы райы қайтысымен жұртшылық наурыз айында Ұлыстың ұлы күнін асыға тосатыны жасырын емес. Жер-ана бусанып, табиғат түрленетін мезгілдің басты мерекесі өткен жылдан бері Тараз төрінде тоғыз күн бойы аталып өтілетін болған. Бұл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасы екені баршаға аян. Осынау дәстүр биыл да жалғасын тапты. Тараз қаласының тұрғындары мерекені 14 наурыз «Амал» мерекесімен, яғни көрісу күнімен бастады.
Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің алдына жиналған көпшілік, иық түйістіріп, көрісіп, арқа-жарқа болысты. Жүздерінен шаттықтың табы айқын аңғарылады. Бәрінің де көңіл-күйі көтеріңкі. Осылайша «Көрісу» мерекесін жаңғыртқан шаһарлықтар: «Қыстан аман шығып, жаңа жылға, жаңа жасқа қадам басуыңмен!» деп бір-біріне ақжарма тілектерін айтып жатты.
Бұл күні ұлттық дәстүр жаңғырды. Қазақы қалыпқа сай шапан киген қариялар мен кимешекті әжелер мерекенің мәнін ашып, сәнін келтіре түскендей. Театрландырылған көріністе мерекенің мазмұны толығымен ашылып, арулар мен сері жігіттердің әзіл-қалжыңы жарасымды шықты. «Дулати жастары» театрының әртістері қойған көріністе «Амал» мейрамы жан-жақты көрсетіліп, жұртшылықты ризашылық сезіміне бөлегені анық. Бұл күні айтылған Наурыз бата да бабалар тағылымынан, даналар өсиетінен сыр шерткендей болды.
Жүрекке жылылық, ғаламға жылымық әкелген Наурыз айындағы «Амал» мейрамына орай ұйымдастырылған концертте «жүректен кіріп бойды» алатын ғажап әндер шырқалды. «Асыл аналар» үлгілі әжелер ансамблі мүшелері нақышына келтіріп орындағын «Ағажан, Ләтипа», «Сырласу вальсі» шығармалары көпшіліктің көңілінен шықса, Асхат Жанқожа шырқаған «Қазақстаным», «Арқалықтың ақ таңы», Бақытжан Абеков бебеулеткен «Көзіңнен айналайын» секілді әндер жүрек пернесін дөп басқандай болды.
«Көрісу» күніне жиналған жұртшылық бұл күні шынында да шат-шадыман күй кешті. Ең бастысы Ұлыстың ұлы күнінің жақындап қалғанын жан жүректерімен сезінгендері ақиқат.
– «Көрісу» ұлтымыздың ұлық мерекесіне телінген Наурыз мейрамындағы негізгі салт-дәстүрлерінің бірі саналады. Жыл сайын 14 наурызда қалың көпшілік «Амал келді, жаңа жыл келді!» деп мәре-сәре күй кешіп, бір-біріне деген ізгі тілегін арнап, ниеттерін жеткізіп жатады. Дастарханнан дәм татып, ескі жылды есен-сау еңсеріп, жаңа күнге қадам басқандарына айрықша қуанатын болған. Оны жақсы білеміз. Міне, біз де сол күнге жетіп отырмыз. Мереке құтты болып, халқымыздың шаңырағынан шаттық кетпесін. Жемісті, жеңісті күндер мол болсын, – дейді мерекелік шараны тамашалауға келген қала тұрғыны Әкежан Мақсатұлы.
Иә, осылайша тараздықтар әз Наурыз мерекесін 14 наурыздан бастап атап өтуде. «Амал» күнімен бір-бірін құттықтасқан қалалықтар алдағы уақытта да көптеген ізгі шаралардың куәсі болатыны анық.
15 наурыз «Тағзым күні» ретінде белгіленгені мәлім. Бұл күні Бауыржан Момышұлының, Ыбырайым Сүлейменовтің және өзге даңқты тұлғалардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Гүл шоқтарын қою рәсіміне мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, ардагер Қаржаубай Бекболатов және тараздық тұрғындар қатысты. Сонымен қатар қаладағы мешіттерде ата-бабалардың рухына бағышталып, құран оқытылды.
Жыл құсындай жылылық әкелген Наурыз мерекесі осылайша Тараз топырағында кеңінен тойланып жатыр. 21 наурызға дейін көне шаһар тұрғындары мен қала қонақтары төл мейрамымыздың аурасын тереңірек сезіне түсетіні сөзсіз.

Табиғат Абаилдаев

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support