- Advertisement -

Үстеме жұмыс жүктеуге тыйым бола ма?

35

- Advertisement -

Соңғы жылдарда мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кеш қайтатыны, демалыс күндері де мекемеге қамалып, компьютерге телміріп отыратыны туралы көп айтылады. Кімнің бос уақытын жұмысқа жегіліп өткізгісі келеді дейсіз? Қолынан іс келмейтін әріптесінің міндетін қоса атқаратын үстеме жұмыс кімге ұнасын? Бұлай дейтініміз, әркім өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді атқарса, мұндай мәселе де туындамас еді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының өсуі» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайтуды тапсырып, ұзақ отырыстар мен кеңестердің саны еселеп артқан сайын, құжат айналымы елеулі түрде көбейетінін ескерткені де сондықтан.
Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыру үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ең алдымен үстеме жұмысқа жегудің жолын кесуге кірісті. Осы мақсатта өңірдегі мемлекеттік органдардың жұмысына зерделеу жүргізіп, оның қорытындысын түрлі сала басшылары мен өкілдерінің басын қосқан шарада мәлімдеді.
Агенттіктің облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев мемлекеттік орган басшыларын Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының талаптарына сәйкес жұмыс істеуге шақырады. Ол үшін тиімді еңбек күні тәртібін белгілеп, еңбек заңнамасын қатаң ұстану қажет. Әсіресе мемлекеттік қызметшілерді жұмыс уақыты аяқталған соң және демалыс күндері жұмысқа шығуын тоқтату керек.
«Мемлекеттік қызметшілерге міндет жүктеуде және қарапайым тұрғындарға қызмет көрсету кезінде «Әдеп» қағидаларында көрсетілген талаптарды қатаң сақтау қажет», – дейді облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Олжас Ақылбаев. Ал департаменттің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ержан Жұмабеков үстеме жұмыстарға жол беретін мемлекеттік органдарды анықтау мақсатында жасалған талдаудың қорытындысы біраз мәселені айқындап бергенін айтады.
– Сауалнама облыстағы 332 мемлекеттік органның 2841 өкілін қамтыды. Нәтижесінде облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит,мемлекеттік кірістер департаменті мен облыстық білім, ішкі саясат, денсаулық сақтау, экономика және бюджеттік жоспарлау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, қаржы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармаларында жұмыс уақыты аяқталғаннан соң да еңбек ету жайттары анықталды. Қалалар мен аудандарда да осындай көріністер жоқ емес. Олардың арасында Мойынқұм ауданының жергілікті атқарушы органдарының сауалнамаға қатысқан небәрі 94 қызметкерінің 51-і, яғни 54,2 пайызы жұмыстан тыс уақытта жұмыс істейтіндігін көрсетті. Ал мұндай дерек аудандардың ішінде Сарысуда аз тіркеліп отыр. Жауап берген 119 сарысулықтың 12-сі, пайызға шаққанда, 10,8-і үстеме жұмыс істеген.
Сауалнамаға жауап бергендер мұндай жағдай жұмыс мөлшері көп болуына және штаттың толық болмауы себепті орын алатындығын алға тартқан.
Рейд барысында сондай-ақ Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері тиісті уақыт аяқталса да, үстеме жұмыс істеп жатқандығы анықталды. Сөйте тұра оларға үстеме жұмыстарға қатысты бұйрықтар шығарылмағандығы және төлемдер жасалмағандығы белгілі болды. Осыған қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін керек материалдар облыстық еңбек инспекциясы басқармасына жолданды, – деді ол.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл облыстық департаментінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support