- Advertisement -

Ұлт құндылықтарын халық санасына сіңіру – ұлы іс

28

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өткен жылы жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы екендігі бәрімізге белгілі. Бұл мақала бірден ел тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, республика бойынша үлкен талқыға түсті. Ол өткен жылдың өзінде-ақ «тарихи құжат» деген атқа ие болып үлгерді десек, артық айтпаған болар едік.
Ұлт Көшбасшысы аталған құжатта еліміздің түп тарихын зерттеу мен ұлттық мұрамызды әлемге әйгілеуге бағытталған ірі жобаларды атап өтті. Түсінгенге бұл құжат Елбасының саясаттағы үлкен тәжірибесінің нәтижесі деуге болады. Елбасы бұған дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқанындай, кезекті мәрте ұлттық тарихымыздың әлемдік өркениеттегі орны мен салмағын бағамдауға шақырды. Мысалы, мақаланың «Түркі әлемінің генезисі» деп аталатын үшінші бөлімінде: «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы. Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркітектес тайпалар мен халықтар, басқа елдер мен өңірлердің тарихи үрдістеріне елеулі үлес қосты. Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтердің дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозияцияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды» – деп атап көрсетті.
Расымен де кез келген халық пен ұлттың өзінің шыққан тегіне зер салып, өткеніне үңілуі, қоғамға ықпалы мен оның өркендеуіне қосқан үлесін ой таразысына салуы қалыптасқан құбылыс. Осы арқылы оның дүниежүзілік өркениеттегі орнын айқындауға әбден болады. Иә, бүгінгі күнге дейін тарихымызды танып-білуде қыруар жұмыстар атқарылды. Дейтұрғанмен кейде осынау ұлан-ғайыр даламыздағы тіршіліктің басы Қазақ хандығы құрылған кезден ғана басталғандай қабылданып, әлі күнге оған дейінгі мәдениет пен өркениетке лайықты бағасын бермеген секілдіміз. Тіпті қазақтар көз ашқалы басқыншылық пен зорлық-зомбылықтан бас көтермеген, көптеген соғыстардың кесірінен ғылым мен білімнен алыс қалып, тек қана мал бағып, көшіп-қонып жүрген халық ретінде айтылып жүргенін естіп жатамыз. Алайда бүгінгі күні еліміз еңсе тіктеп, егемен ел болғандықтан өскелең ұрпақтың санасында осындай ұғымның ұшқыны болмағаны абзал.
Елдің қамын күйттеген Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында әлемнің жеті кереметіндей саналатын ата-бабамыздан келе жатқан жеті кереметті айшықтап жазып, көрсетіп отыр. Ұлы Даладан жалғасын тапқан жеті қырды ұлықтаудың мән-маңызына тоқталып, айрықша көңіл бөлуді ұсынып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде жарияланған мақала өткенімізді сараламай, бүгінімізді болжау мүмкін емес екендігін дәлелмен көрсетіп берді. Ел болған соң, халық болған соң оның өзінше тағдыр-талайы, тарихы болатыны талассыз шындық. Қазақ елінің тарихы да сонау сансыз ықылымдар қойнауынан тамыр тартқан. Басқалар сияқты, біздің де ежелгі мемлекеттігіміз, қағанаттарымыз, ордаларымыз, хандықтарымыз болған. Елбасы мақаласындағы негізгі мақсат – бүгінгі буынға төл тарихымызды шашпай-төкпей жеткізу. Бабаларымыздың мықтылығын дәлелдегіміз келсе, аманатына адалдық танытып, Елбасының мақаласын бетке алып жұмыс жүргізуіміз қажет. Бұл бағытта қазірдің өзінде шалғай өңірлерде, аудандарда және ауылдарда көптеген дүниелер қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, аталған мақаладағы міндеттер мен тапсырмаларды аудан аумағында жүзеге асыру мақсатында бүгінгі күнге дейін түрлі деңгейдегі 20 іс-шара өткізіліп, оған 700-ге жуық тұрғын қатысты. Сондай-ақ олардың қатарында аудандағы мектеп оқушыларына атқа міну мәдениеті, ат әбзелдерін таныстыру, атбегілік кәсібі мен жалпы жылқы сипаты туралы мәдени- сауықтыру шаралары, түсіндіру жұмыстары сынды шараларды әр тоқсанда бір реттен өткізіп тұруды жоспарлаудамыз. Жуық арада ауданымызға қарасты елді мекендерде көкпар, теңге ілу және аударыспақ сынды спорттық шараларды ұйымдастырып, оған жастардың көбірек қатысуына басымдық беріп отырмыз. Тағы бір атап өтерлігі, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында аудан тұрғындары, оның ішінде қырғыз, өзбек, түрік, башқұрт, татар сынды түркі халықтарының арасында өнер және мәдениет фестивалін ұйымдастырып, арнайы бейнефильм түсіру жұмыстары қолға алынбақ. Алдағы айда өлкеміздегі тарихи орындарға атпен саяхат ұйымдастыру да осы жоспарлардың бір бөлшегі. Оған қоса, ауданымызда алма өсірумен айналысатын жекелеген тұрғындардың жұмысын кеңінен насихаттап, «Досыңа алма сыйла» акциясы жүзеге асатын болады. Үстіміздегі жылы атқарылатын үлкен жұмыстардың бірі – дала фальклоры мен музыкасының мың жылы аясында Шу өңірінің сазгерлерінің ақын-жырауларының, жыршылар мен күйшілердің туындыларын жинастырып, музыкалық жинақ етіп шығару болып тұр.
Қазіргі кезде аудан орталығындағы аудандық музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, түгелдей қолданысқа берілуге аз қалды. Осыған байланысты, Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі аясында елді мекендерден экспонаттар жинау жұмыстары қолға алынуда. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын көптеген спорттық ойындарды да жаңғыртып, арнайы жүлделер тігілмек. Бұның бәрі де Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған мақсат-міндеттердің бір бөлшегі ғана. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандырып, бірқатар жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыратын боламыз.

Қайрат ДОСАЕВ,
аудан әкімі.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support