- Advertisement -

Атауы айрықша дүкен ашылды

54

- Advertisement -

Ауданда атауы өзгеше дүкен ашылды. «Аялы алақан» атты әлеуметтік сауда орны аз қамтылған отбасыларға арналған. Мұқтаж жандар ол жерден өзіне қажетті азық-түлік пен керекті киім-кешегін ақы төлемей-ақ ала алады. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік қолдаудың бір түрі.
«Аялы алақан» – аудандағы екінші әлеуметтік дүкен екенін айта кетуіміз керек. Бұрнағы жылдары аудандағы «Үміт үйі» қоғамдық бірлестігі Төле би ауылынан дәл осындай нысан ашқан. Қазіргі кезде жұмысын жүйелі жүргізіп жатқан аталмыш дүкенді аудан тұрғындары жақсы біледі. Қайырымдылық жасауға ниеттенген тұрғындар да осы дүкенге қайырылып, мұқтаж жандарға хал-қадерінше көмек қолын созып келген. Енді, міне, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласының орталық базарындағы «Достық» сауда кешені ішінен тағы бірі іске қосылып отыр.
Бұл бастамаға «Сауда-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры В.Лыткин қолдау білдіріп, сауда орнын жалға алғандарды төлемақыдан босатыпты. Сонымен бірге әлеуметтік дүкеннің ашылуына себепші болған азаматтарға аудан әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығы қолдау білдірген.
Бұл дүкенді «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» деген сөзді қаперінен шығармайтын Еркін Түлебаев есімді азамат ашып отыр. Ол бірнеше жылдан бері мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, әлеуметтік ортада әртүрлі деңгейдегі отбасыларға қолұшын созып жүрген жан. Бірнеше жылдан бері аудандағы «Еріктілер қозғалысына» жетекшілік етіп келеді. «Елде болса, ерінге тиеді» дейтін кең пейілді халықтың ұрпағымыз. Бәлкім біздің бойымызда осындай ізгіліктің ұшқыны бар болар. Бұл бастамаға қолдау көрсетіп, алайда аты-жөнін атамауды өтінген бірқатар кәсіпкер азаматтар да бар. Көп еңбек солардыкі», – деді ол өз сөзінде.
Дүкендегі сөрелерге су жаңа әрі сапасы жоғары аяқ-киімдер мен түрлі өлшемдегі киім-кешектер қойылыпты. Бұлардың барлығын аудан кәсіпкерлері әкеліп өткізген. Бейсенбі мен жексенбі күндері аралығында жұмыс істейтін дүкеннен көмекке зәру жандар өз керегін тегін ала алады. Бұдан бөлек, аталған дүкенде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ет, ұн, май және қант сынды азық-түлік түрлері де беріледі екен. Тіпті мұнда балаларға арналған ойыншықтар да бар.
Әлеуметтік дүкенге алғашқы тұтынушысы – Шу қаласының тұрғыны Гүлшат Смаилова: «Бұған дейін осындай дүкен ашылады деп естігенбіз. Бұл әсіресе көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау болары сөзсіз. Өзім сегіз баланың анасымын. Бүгінгідей нарықтық заманда барлығының киім-кешегін бүтіндеп, азық-түлігін түгендеу оңайға соқпайтыны белгілі. Ал жаңадан ашылған «Аялы алақан» дүкені аудандағы көптеген отбасыларға зор қуаныш сыйлайтынына сенімдімін. Сол себепті көпбалалы отбасыларға қамқор болып, сауапты іске атсалысып жүрген барлық қайырымды жандарға ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді.
Айта кетуіміз керек, аталмыш дүкенге кез келген тұрғын өзі пайдаланбайтын, алайда киюге жарамды киім-кешектері мен балалар ойыншығын және азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілікке керекті барлық заттарды өткізуіне болады.

Ерғали Қартайған
Шу ауданы.

Суретті түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support