- Advertisement -

Ұрлыққа қайтсе тосқауыл қойылады?

115

- Advertisement -

Облыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті штаб отырысы өтті. Штаб отырысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізді. Комиссияның 2018 жылы атқарған жұмысы туралы облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Елдос Бекпатшаев баяндады.

Оның айтуынша, алдыңғы жылмен салыстырғанда жалпы қылмыс деңгейі өңірімізде 21,5 пайызға төмендепті. Есесіне бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша қылмыс саны артқан. Мәселен, ұялы телефон ұрлығы Байзақта – 25, мал ұрлығы Сарысуда – 67, автокөлік ұрлығы Тараз қаласында – 60, Шу ауданында 200 пайызға өскені байқалады. Ал үстіміздегі жылдың екі айында ұялы телефон ұрлығы Тараз қаласында – 38, Шу ауданында 250 пайызға жетсе, Жуалыда 500 пайыздан асып түскен.
Өткен бір жылда облыста 1687 ұялы телефон қолды болыпты. Оның 1430-ы, яғни 85 пайызы Тараз қаласына тиесілі. Қылмыстың ашылуы бар болғаны 37 пайызды құраған. Сондай-ақ өңірде пәтер ұрлығы да өршіп тұрған көрінеді. Былтыр 1352 пәтер ұрлығы тіркелсе, ашылуы 42,5 пайыздан аспаған. Жұрттың алаңдаушылығын тудырып отырған бір мәселе – мал ұрлығы. Өткен жылы өңірде 352 мал ұрлығы тіркеліп, оның 201 дерегі ашылса, 151 істің мерзімі өтуіне байланысты өндірістен қысқартылған. Мал ұрлығына байланысты қылмыстың ашылуы 50,3 пайызды құрап отырса керек.
Өкінішке қарай өңірде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында жасалған құқық бұзушылық 2 есеге өсіп кеткен. Өткен жылы осындай 40 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 35-і жақсы қамтылған отбасыларда орын алыпты. Мұның басты себептері – отбасындағы құндылықтардың төмендеуі, маскүнемдік пен қызғаныштан орын алған көрінеді. Жалпы баяндамашы аймақтағы қылмыстық ахуалға жан-жақты талдау жасай келіп, полиция мен жергілікті билік қылмыстың алдын алу шараларын бірлесе атқару керек деген тұжырымға келді.
Осыдан кейін сөз алған Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұрат Байсеркенов жол қауіпсіздігі, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғалар саны тиісті кезеңмен салыстырғанда – 7,8, қайтыс болғандар – 13,3, түрлі дене жарақатын алғандар 11,8 пайызға төмендепті. Жол-көлік оқиғаларының 25 пайызы республикалық, 14 пайызы облыстық, 61 пайызы қалалық және аудандық мәндегі автожолдарда орын алыпты. Талдау көрсеткендей, автожолдардағы көлік оқиғаларының басты себебі – көлік жүргізушінің жылдамдықты сақтамауынан орын алуда. Жалпы республикалық және облыстық деңгейдегі автожолдарды толық бақылауға алу үшін жол бойына жылдамдықты өлшейтін автоматтық кешендерді көбірек орнату қажет екен. Осындай кешен былтыр Қордай ауданында төрт жол бойына орнатылыпты. Сондай-ақ қыс айларында жол үстін қардан тазартқаннан кейін мұздаққа қарсы құм-тас себу жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі де автожолдағы көлік апатының артуына себеп болатын көрінеді.
Бүгінде Тараз қаласындағы жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары да жиілеп кетіпті. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ол 50 пайызға өскен. Осындай оқиғаның алдын алу үшін жаяу жүргінші өткелдерінде жылдамдықты түсіретін жасанды бөгеттер мен жаяу жүргіншіге бағдар беретін жарықтандыру шамдарын көптеп орнату қажеттігі айтылды.
Қоғамды тағы бір алаңдатып отырған мәселе – нашақорлық. Нашақорлармен жасалатын қылмыс алдыңғы жылмен салыстырғанда 23,9 пайызға өскен. Ал үстіміздегі жылдың екі айында Тараз қаласында – 43, Байзақ, Жуалы және Сарысу аудандарында 100-ден 200 пайызға дейін жоғарылаған.
Қос баяндамашыны мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков штаб пен полицияның бүгінге дейін атқарған жұмысын сынға алды.
– Облыста алдыңғы жылмен салыстырғанда жалпы қылмыс деңгейі 21,5 пайызға төмендеді деп мақтанып отырмыз. Бірақ талдау көрсеткендей, бөтеннің мүлкін ұрлау оқиғалары жиілеп кеткен. Мәселен, үстіміздегі жылдың екі айында ұялы телефон ұрлығы Тараз қаласында – 38, Шу мен Жуалы аудандарында 200-ден 500 пайызға дейін өскен деп отырсыңдар. Оны табу қиын ба? Бүгінде барлық ұялы байланыс абоненттерін тіркеу шараларын жүргізсек те оны неге ашу мүмкін болмай отыр? – деп Бекболат Серікбекұлы сұрақты полиция өкіліне үстемелей қойды. Баяндамашы «Іздеп жатырмыз. Жұмыс жүргізілуде» дегеннен аса алмады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының назарынан есірткі мәселесі де тыс қалмады. «Жастар арасында жақсы танымал, қаладағы кафелер мен түнгі ойын-сауық мекемелерінің маңайындағы қабырғаларға «СП МУКА КРИС, @SoltanTRZbot, Работа@ work» сынды шифрлеумен таңбаланған жазулар бүгінгі күнге дейін өшірілмеген. Оны Байзақ батыр, Әйтиев және басқа көшелердің қиылыстарынан да кездестіруге болады» дей келіп, жазбаларды өшіруді Тараз қаласы әкімдігі мен облыстық полиция департаментіне тапсырды. Сондай-ақ айыппұл өндіру бойынша да жұмыстың өз деңгейінде атқарылмай отырғанын сөз етті. Айыппұл өндіру болсын, жалпы қылмыстың алдын алуда полиция қызметкерлеріне қырағылықтың жетпей тұрғанын айтқан Бекболат Серікбекұлы ішкі істер департаментінің басшылығына жоғарыда айтылған кемшіліктерді түзеп, жұмыстарды жандандыруды міндеттеді.
Штаб отырысында штаб мүшелері де атқарылған жұмыс барысы туралы өз ой-пікірлерін қосып, ұсыныстарын жеткізді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support