- Advertisement -

Автожолдардың сапасы артып келеді

40

- Advertisement -

Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ішкі өңірлік жолдардың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Өткен жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі» деп ерекше атап көрсеткені белгілі. Елімізде, оның ішінде облысымызда да саланы жаңғырту жұмыстары қарқын алу үстінде. Тозып, бүлінген жолдар қалпына келтіріліп, жаңалары салынуда. Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, жергілікті маңыздағы автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 2018 жылы – 78,5, 2019 жылы – 80, 2020 жылы 81,5 пайызға жеткізу жоспарланған.

Былтырғы жылы жол саласына 12,1 миллиард теңге бөлінген еді. «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» міндетін іске асыру аясында 50/50 схемасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен қосымша 7 жобаның іске асырылуына 2,3 миллиард теңге қаржы қаралған-ды. Бұған қоса, облыс әкімінің қолдауымен, жаңа бастама ретінде осы тәжірибе үлгісінде елді мекен көшелерінің жағдайын жақсарту үшін облыс және аудан бюджеттерінен 50/50 схемасы бойынша 14 жобаның іске асырылуына қосымша 379,3 миллион теңге қарастырылды. Осы бөлінген қаражаттар есебінен 18 шақырым шағалды жол салынып, 26,4 шақырымға күрделі жөндеу жүргізіліп, 499,4 шақырым автожол мен көшелер орташа жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ бір көпірдің құрылысы жүргізіліп, екі жол өткелі қайта жаңғыртылды. Мұның өзі өткен жылы облысымызда 533 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ішкі және ауылдар арасындағы қарым-қатынас едәуір жақсара түсті. Осылайша бюджет көздерінен қосымша қарастырылған қаражаттар нәтижесінде жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жоспарды 78,5 пайыздан асырып 80,1 пайызға жеткізу мүмкін болды.
Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласының маңыздылығы ескеріліп, мекемеміздің арнайы басқарма ретінде қайта құрылғаны мәлім. Бұл – салада еңбек өнімділігі мен жол сапалылығының арттырылуына оң септігін тигізбек. Бұған қоса облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бекітілген аудандық маңызы бар автожолдардың тізіміне түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Автожолдардың құрамынан шаруашылық жолдары шығарылып, теңгерімде жоқ иесіз автомобиль жолдары теңгерімге алынуда. Олар «Автомобиль жолдары туралы» Заң талаптарына сәйкестендірілуде. Нәтижесінде кеңестік кезеңдегі колхоз, совхоздар арасындағы көлік қатынасы үшін салынған шаруашылық автожолдары бүгінде бұл бағытта елді мекендер жоқ болуына байланысты бекітілген автожолдар тізбесінен алынып тасталуда.
Автожолдардың жағдайын жақсарту бағытында белгіленген индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізілуі үшін бүгінде жөндеуді талап ететін жол учаскелерінің басымдығына қарай үш жылдық Жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Сапа – басты назарда. Автомобиль жолдарының сапасын, қауіпсіздігін арттыру мақсатында жөндеу жұмыстарын жобаға сәйкес жүргізуді авторлық және техникалық қадағалау қызметтері қатаң бақылауда ұстайды. «Жамбылжолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесі және басқа да аккредиттелген зертханалық мекемелерінен қолданылып жатқан барлық құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстар сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алып, салынған жол қабаттарының қалыңдығы мен еніне өлшеу жүргізуді жүйелі жолға қойып та отыр. Сапаны арттырудың бір жолы – жол құрылысына әлемдік үлгідегі жаңа материалдарды пайдалану болып табылады. Сондықтан да бұл саладағы құрылысқа озық технология мен жаңа материалдарды батыл енгізуге ерекше назар аударылуда. Соңғы жылдары бұл бағытта облысымызда реджувасил, миркосюрфейсинг, суық ресайклер және қиыршық тасты мастикалық асфальт-бетон технологиялары кеңінен қолданылып, олар өз нәтижесін беруде.
Жергілікті маңызы бар автожолдарды одан әрі жақсарту мақсатында 2019 жылға республикалық және жергілікті бюджеттерден бірлесіп қаржыландыру тәжірибесін жалғастыру арқылы 11,3 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаржы есебінен 16,2 шақырым жаңа жол құрылысы, 6,2 шақырым қайта жаңғырту, 30 шақырым күрделі және 348,4 шақырымда орта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Осының есебінен ағымдағы жылы индикаторлық көрсеткішті 80,1 пайыздан 85 пайызға дейін көтеру межеленіп отыр. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы – жергілікті тұрғындардың көлікпен қатынауын жақсартумен қатар, өңірдің көліктік логистикасы инфрақұрылымының дамуына да орасан зор үлес қосады.
Қазіргі таңда Тараз қаласының көшелері мен елді мекендерінің жолдарына түгендеу жүргізілуде. Қорытындысымен жөндеуді талап ететін көшелердің басымдығына қарай үш жылдық Жол картасын әзірлеп, бекіту көзделуде.
Өңіріміздегі автожолдар сапалылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жаңашылдықпен, жасампаздықпен одан әрі де жалғастырыла беретін болады.

Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
облыс әкімдігі
жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support