- Advertisement -

Жаңа «Сенім» пунктінің жұмысына сенім мол

50

- Advertisement -

Есірткіге елітіп, «инеге» тәуелді болып, тағдыры тас-талқан болған қаншама адам бар. Соның уыты тарқаған соң, жынын алған бақсыдай күйге түсетіндер ертеңін ойлап, еш бас қатырмайды. Олар сол бір сәттік «ләззаттың» қызығын ештеңеге айырбастағысы келмейді. Бірақ осы «қызықтың» соңы ауыр азапқа ұласатынын қаперге де алмайды. Мамандар мұндай әдетке әуестердің көпшілігі адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыратынын айтады. Өз өміріңе «үкімді» өзің шығардың деген осы. Бұл аурудың емделмейтінін әрі тәуелділіктен арылудың қиынға соғатынын ескерсеңіз, пенде үшін бұдан асқан қорлық жоқ.

Облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Айбек Исаевтың сөзіне сүйенсек, бүгінде өңірімізде АИТВ індеті анықталған науқастардың 53 пайызы есірткі қолдану кезінде жұқтырған екен. Тараз қаласы мен аудандар арасында сенім пунктін ашуға түрткі болған жайт та осы көрінеді. Есірткі тұтынушылар арасында ғана емес тұрғындар арасында да аурудың алдын алу шаралары мен ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін бұл өте маңызды шешім.
Дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда ресми түрде инъекциялық есірткі тұтынушылар саны Тараз қаласы бойынша 3400-ге, ал облыс көлемінде 5400-ге жеткен. Сондықтан Тараз қаласындағы сенім пункті қайта жабдықталып ашылып отыр. Бұл – есірткіге елітіп, басқа нәрсенің бәрін ұмытқандар арасында ақпараттық жұмыстар жүргізіп, аса қауіпті жұқпалы дерттің таралуының алдын алу үшін маңызды қадам екені сөзсіз. Облыстық ЖИТС орталығының қолдауымен шаһардағы Қант зауыты төңірегінде орналасқан №7 қалалық емхана жанынан ашылған «Сенім» пунктінің жұмысы құпиялы. Барлығы жасырын және ерікті түрде жүргізіледі.
Негізгі міндеті нақтыланып, жұмыс ауқымы кеңейіп, қайта жаңғыртылып ашылған сенім пунктінде дәрігер-психолог және мейірбике жұмыс істейді. Мейірбике Алена Никулинаның айтуынша, мұнда «тәуелділердің» жиі қолданатын заттарын жаңартып алуына мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар психоәлеуметтік кеңестер беріліп, АИТВ-ға анықтау үшін жедел тестілеуден өтуіне болады. Қан талдамасын сифилис, хламидия, гепатит В, С ауруларын анықтауда иммунды ферментті талдамасын жасау жолдары және ақпараттық насихаттау материалдары кеңінен таратылады.
Облыстық ЖИТС орталығының эпидемиологиялық жағдайды қадағалау бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Қалметова инъекциялық есірткі тұтынушылар үшін облыс көлемінде 11 сенім пункті жұмыс істейтінін айтады. Ал Таразда орналасқаны Қант зауыты төңірегіндегі елді мекендер мен Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғындарына қызмет көрсетеді екен.

 

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support