- Advertisement -

«Агросаланың әлеуетін арттыруға жағдай да, мүмкіндік те мол»

69

- Advertisement -

Берік НЫҒМАШЕВ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

«Оқырманнан 10 сауал» айдарының бүгінгі қонағы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы экономиканың басты қозғаушы күшінің бірі екені баршаға мәлім. табысы да мол, Түйіні мен түйткілі де көп. Осыған байланысты жер-жердегі оқырмандарымыз тарапынан түскен сауалдарды жүйелеп, жинақтап аталған басқарма басшысы атына ұсынған болатынбыз.

1. Өзіңізге белгілі, 2018 жылы Қордай ауданынан Меркі қант зауытына өткізілген қызылша өнімдерінің қаражаты бүгінгі күнге дейін берілмей отыр. Бұл шаруалардың көктемгі егістік жұмыстарын бастауына қиындық туғызуда. Осы мәселе бойынша қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Евгений ТРУБНИКОВ,
«Самғау» шаруа қожалығының басшысы
(Қордай ауданы).

Қордай ауданындағы «Самғау» шаруа қожалығы «Меркі қант зауыты» ЖШС-на 2018 жылы барлығы таза салмақта 5315,695 тонна тәтті түбір өткізіп, бұл үшін зауыт тарапынан 42 миллион 525,56 мың теңге қаражат төленуі тиіс болған. Зауыт басшылығының берген мәліметі бойынша, бүгінгі күнге дейін «Самғау» шаруа қожалығына 9 миллион теңге қаражат аударылған. Қалған қаражатты олар ақпан айының соңына дейін аударып береміз деп уәде берген.
2019 жылдың 8 ақпанында облыс әкімінің орынбасары Мұратқали Шүкеевтің төрағалығымен «Меркі қант зауыты» және «Тараз қант зауыты» ЖШС-ларының директорларымен кеңес өткізілген-ді. Аталған қант зауыттарының басшылары көктемгі егіс-дала жұмыстары жаппай басталғанға дейін қант қызылшасы дақылының өткізілген өніміне деген қарыздарды толық төлеуге келісті.

2. Өңіріміздегі Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында мыңдаған гектар алқапта қарқынды бақтар өсірілуде. Алғашқы өнімдер де жиналып алынды. Алайда қырғыз ағайындарымыздың жабайы бақтан жинап әкелген сапасыз өнімдерін біздегідей бағамен базарларға өткеру тыйылар емес. Өзіміздің бағбандарымыздың өсірген алмаларын кедергісіз өткізуіне, бақ өсіруге жұмсалған қыруар қаражаттың қайтарымы болуына қолайлы жағдайлар, жеңілдіктер жасала ма? Сондай-ақ қарқынды бақтарда тиісті агротехникалық шаралардың жүзеге асырылуы, жеміс ағаштарының дәріленуі ұдайы назарда ұсталып, бақыланып отыр ма? Осы шараларды «ұмытқан» әлдебіреудің жалқаулығынан бір бақта өсімдік ауруы пайда болса, ол өршіп келесісіне ауысып, нәтижесінде өңірімізге түгел таралуы мүмкін ғой.

Көшкінбей ҚҰЛМАНБЕТОВ,
кәсіпкер (Тараз қаласы).

2018 жылы облысымызда барлығы 3246 гектар алқапқа жеміс-жидек дақылдары орналастырылған, оның ішінде 2567 гектары – алма бақтары. Аудандардың берген мәліметтері бойынша 2018 жылы жалпы жеміс-жидек дақылдарынан 29,5 мың тонна өнім алынған, оның ішінде 23 мың тоннасы – алма өнімдері.
2015-2018 жылдар аралығында 625 гектар алқапта үдемелі бақтар отырғызылған. Қазір 2015-2017 жылдар аралығында отырғызылған үдемелі алма бақтардан өнім алып отырмыз. Жиналған өнім облыс және республика тұтынушыларына өткерілуде. Былтыр аталған баулардан 6,5 мың тоннадай өнім алу жоспарланған. Жалпы үдемелі бақ деген ұғым – бір гектардағы 2000 түп көшеттен көп аласа бойлы телітушілерде өсірілетін бақтар. Бұл бақтарда негізінен тамшылатып суару технологиясын қолданды. Шаруалар бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, соның ішінде Сербия, Түркия, Польша және Қытай мемлекеттерінің тәжірибелерін пайдалануда.
Мемлекет тарапынан инвестициялық жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша, алғашқы жылы әрбір гектарына кеткен шығынның 40 пайызына дейін қайтарып берсе, 12 пайыздық үстеме ақымен алынған қарыздың 7 пайызын «ҚазагроҚаржы» АҚ төлеп береді. Үдемелі алма бақтарының басты артықшылықтары ретінде алғашқы өнім алу мерзімінің қысқа болуы – 3 жылдан соң жоғары өнім алуға болады. Жоғары агрошараларды жүргізе отырып, бұл алма бақтардан екі-үш жыл көлемінде, ал дәстүрлі көпжылдық алма бақтардан кем дегенде бесінші жылы өнім алудың мүмкіндіктері бар. Әлбетте, бұл жоғары және сапалы өнім алу мен агротехникалық шараларды жүргізуге мейлінше қолайлы мерзім екені айтпаса да түсінікті.
Сонымен қатар облыс әкімдігі бекіткен аймақтарды дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2022 жылы үдемелі алма бақтарының көлемін 1600 гектарға жеткізу жоспарланған.
Қарқынды бақтардағы жеміс ағаштарының дәріленуі мәселесін, әлбетте, шаруашылықтардың өздері қадағалап, бақылауға тиіс. Мысалы, Жамбыл ауданы Шайқорық ауылындағы «Сады Востока» ЖШС Польшадан білікті маманды арнайы алдыртып, агротехникалық шараларды жүргізуді сол агрономның мойнына жүктеп отыр. Жалпы алқапты химиялық өңдеу, арам шөптен, зиянды жәндіктерден қорғау жұмыстарының барлығын да шаруашылықтар өздері жүзеге асырады. Бұл істі агрономдары бақылап отырады. Ал мемлекет тарапынан бұл бағытта селитра, аммофос секілді минералды тыңайтқыштар, құрамында дәрумендері бар препараттар беру секілді субсидия түріндегі қолдаулар көрсетіледі.

3. Қазіргі уақытта өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларының сапасы мен әлеуеті қандай деңгейде? Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехникаларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттігі атап көрсетілгені белгілі. Бұл жұмыстар бізде қалай жүзеге асырылуда?

Талғат МАХАНОВ,
«Елдос» шаруа қожалығының басшысы (Сарысу ауданы).

2018 жылдың 12 айында облыс бойынша 4 162,2 теңгеге барлығы 467 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жаңару көрсеткіші 5,6 пайызды құрады.
2019 жылы ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару көрсеткішін 7, ал 2021 жылға дейін 10 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

4. Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округі – Қырғыз Республикасымен шекаралас шеткері аумақтардың бірі. Жері құнарлы. Әсіресе қызылша өсіруге қолайлы-ақ. Бірақ шаруалар су тапшылығынан бұл дақылдың егіс көлемін арттыра алмай отыр. Әрі олар Қырғыз елі тарапынан босатылатын ағын суға тәуелді. Округке «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төменгі Тамға» каналдарынан су келеді. Бірақ қырғыз ағайындар бұл каналдардың арнасына жаз айларында бір тамшы да су жібермей, бекітіп алады. Осы мәселенің халықаралық деңгейде болсын шешу жағы қарастырылса екен.

Жарылқасын ТӘЖІХАН,
«Жаңаталап» шаруа қожалығының басшысы
(Жуалы ауданы).
Қырғыз Республикасынан келетін, Күркіреусу өзенінен бастауын алатын Жуалы ауданындағы «Ақмолда» каналының мемлекеттік актісі мен техникалық құжаттары әзірленіп, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының теңгеріміне өткізілді. Ал «Қаратақы» мен «Төменгі Тамға» каналдары – Ақтөбе ауылдық округінің теңгерімінде. Аталған екі канал арқылы Қазақстанды сумен қамтамасыз етуге Қырғыз елі аумағында орналасқан бас құрылымдарды су құбырымен қоса Қазақстан шекарасына дейін күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастыру үшін алдымен екі каналды республикалық меншікке өткізу қажет.
Жуалы ауданындағы «Ақмолда» каналы республикалық меншікке өткен. Енді «Қаратақы» мен «Төменгі Тамға» каналдарының құқықтық құжаттары дайындалып, республикалық меншікке өткізілсе, Қазақстан мен Қырғыз Республикалары арасындағы Шу-Талас комиссиясы Келісімінің 4 және 6-баптарына сәйкес жөндеу, пайдалану және оны ұстау жұмыстарына қаржы бөлінеді.

5. Мойынқұм ауданы ежелден малға жайлы құтты мекен екені белгілі. Соңғы жылдары облыс орталығынан шалғайда орналасқан біздің ауданда мал өсірушілердің қатары артып келеді. Осыған байланысты, шаруалар мемлекеттік субсидияға қалай қол жеткізе алады? Асыл тұқымды ірі қара мен бордақы малы басына берілетін қаржы көлемі қанша? Субсидияны ресімдеуде мал басы санының көптігіне басымдық беріле ме?

Қайрат ӘДЕК
(Мойынқұм ауданы).

Мал шаруашылығын қолдау бойынша субсидиялау бағдарламасы бүгінгі күнгі қолданыстағы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы №256 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағидаларына сәйкес жүргізілуде. Аталған субсидиялау бағдарламасы 2 бағыт бойынша жүзеге асырылады:
1) Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;
2) Мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру;
Тауар өндірушілер осы бағыттар бойынша қағидада бекітілген өлшемшарттарға сай келген жағдайда, өтінімдер беру арқылы субсидиялауға қол жеткізе алады.
Субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялар нормативтері аталған қағидамен айқындалған.
– отандық етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын сатып алу бір басқа – 150 000 теңге;
– импорттық асыл тұқымды немесе таза тұқымды сиырды сатып алу бір басқа – 225 000 теңге;
– сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1000 бас болатын бордақылау алаңдары үшін бұқашықтарды бордақылауда қосқан салмағының бір келісі үшін – 200 теңге;
– Сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1000 бас болатын бордақылау алаңдарына бордақылау үшін өткізілген бұқашықтардың тiрiдей салмағының бір келісі үшін – 200 теңге.
Қолданыстағы қағида бойынша мал санының көптігіне басымдық берілмеген. Өңірде жаңадан құрылған тауарлы шаруашылықтарға алдымен, малдың аналық басын тұқымдық түрлендірумен қамтып, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізгені үшін және алынған төлді бордақылау алаңдары (бұқашықтар) мен ет комбинаттарына (қозы) өткізгені үшін субсидия алу қарастырылған.

6. Былтыр өңіріміздегі егістік алқаптарына геопортал (ғарыштан бақылау) жүйесі енгізіле бастаған еді. Ол нақты қанша ауданда жүзеге асырылуда және қаншалықты нәтиже беруде?

Сапар СЕРІКҰЛЫ,
(Жамбыл ауданы).

Ағымдағы жылдың 23 қаңтарындағы мәлімет бойынша 2018 жылы жоспарланған 613 682 гектар жердің 623 102,6 гектарлық көлемі электрондық картаға енгізіліп, жоспар 101,5 пайызға орындалды.
Егістік алқабын электрондық картаға енгізу бойынша берілген тапсырмаларды Қордай ауданы – 112,5, Жамбыл ауданы – 109,8, Т.Рысқұлов ауданы – 107,8, Сарысу ауданы – 104,2, Меркі ауданы 103,6 пайызға орындаса, ал Жуалы ауданы – 99,7, Мойынқұм ауданы – 93,5, Талас ауданы – 91,8, Шу ауданы – 89,0, Тараз қаласы – 83,4 және Байзақ ауданы 81,5 пайыздық көрсеткішпен шектеліп, белгіленген жоспар үдесінен шыға алмады.
Биыл облыс бойынша 158 724,4 гектар егістік жерлердің электрондық картасын қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға барлық аудан әкімдіктеріне 2019 жылдың 24 қаңтарында басқарма тарапынан №254 хат жолданған, жұмыстар жалғасуда.

7. Бүгінгі таңда, жылыжай шаруашылығы әсіресе қыс айларында өңірлердегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруда үлкен маңызға ие екені белгілі. Осы ретте, жаңадан құрылған жылыжайларға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба? Қарастырылған болса, оның шарттары қандай?

Темірлан НАШАРБАЕВ
(Шу ауданы).

2018 жылы облыс бойынша жұмыс істеген аумағы 18,7 гектарды құрайтын 49 жылыжайдан 693,8 тонна қызанақ,1128,1 тонна қияр және 44,3 тонна басқа дақылдар жиналып алынды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №540 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының» №17 «Жылыжай кешенін салу және кеңейту» жоба паспортының талаптары сақталған кезде ғана инвестициялық салымдардың 25 пайызы субсидияланады.
Жылыжай кешенінде мына төмендегідей шарттар сақталуға тиіс:
– жылу энергиясының автономды көздері (қажет болған жағдайда),
– термоаккумулятор,
– жылыту және климаттық бақылау жүйесі,
– ауаны автоматты ылғалдандыру, жарық беру,
– көмір қышқыл газын өндіру,
– перделеу жүйесі, жасанды субстратта топырақсыз өсіру технологиясы,
– дақылдарды аз көлемде өсірудің автоматты жүйесі (тамшылатып суару, қоректік ерітінділерді дайындау тораптары, су дайындау).
Инвестициялық жобаның құны жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес айқындалады.

8. а) Соңғы жылдары қант қызылшасын еккен шаруаларға берілетін субсидия тоқтап қалды. Осы субсидия беру мәселесін қайта қарастыруға бола ма?
Уджур КЕРИ,
«Шенхо» шаруа қожалығының басшысы
(Қордай ауданы).

б) Жуалы ауданы – картоп өсіруге қолайлы аймақ. Әрі бұл дақыл халық көп тұтынатын азық-түлік қатарына жатады. Оның көлемін екі есеге арттыруға болады. Ол үшін қант қызылшасына қаралғандай картоп өсірушілерге де субсидия берілсе.

Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
«Зылиха» шаруа қожалығының басшысы
(Жуалы ауданы).

а) «Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау арқылы өсiмдiк шаруашылығының және өнімнің сапасын арттыруды, жанар-жағармай материалдарының және көктемгi егiс пен егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшін қажеттi басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын субсидиялау» бағдарламасы аясында қант қызылшасы дақылының өнімін өңдеуші кәсіпорындарға өткізілген әр бір тоннасына 2018 жылы 12 мың теңге төленді, 2019 жылы да осы көлемде ақы төлеу қарастырылған.
б) «Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау арқылы өсiмдiк шаруашылығының және өнімнің сапасын арттыруды, жанар-жағармай материалдарының және көктемгi егiс пен егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшін қажеттi басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша картоп дақылына субсидия қарастырылмаған.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 12 шілдедегі №297 бұйрығына (Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2018 жылғы 15 тамызда №17291 болып тіркелген) сәйкес танаптардың электрондық карталарын тиісті жылға арналған егу жұмыстарының басталуы мен аяқталуының оңтайлы мерзімдерінен кешіктірмей субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде қалыптастыру жайы қарастырылады. Онда, атап айтқанда, жерді қашықтықтан зондтаудың спутниктерінен алынған ақпаратты өңдеудің деректері негізінде субсидиялаудың ақпараттық жүйесімен айқындалған, өтінімде көрсетілген егу жұмыстарының басталуы мен аяқталуының оңтайлы мерзімдері шегінде ауыл шаруашылығы дақылдарын егу күнінен бастап 30 күндік кезеңдегі тиісті Өндірістік танаптардағы вегетацияның орташа оң серпіні (индекс NDVI); қант қызылшасы (фабрикалық) бойынша – қант зауытына қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының 1 тоннасына 100 пайыз деп белгіленген.

9. Бүгінде мал шаруашылығы саласы дамытылуына «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламаларының қосып отырған үлесі мол. Аталған бағдарламалар одан әрі де жүзеге асырыла бере ме? Бұл бағдарламалар аясында несиелендіру бойынша ауылдық тауар өндірушілер үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

Сәбен ҚОЙШЫБАЕВ
(Талас ауданы).

Жамбыл облысында 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімге жоспарланған салалық бағдарлама қабылданып, индикативті көрсеткіштері бекітілді. Жалпы осы бағдарлама аясында 2018-2024 жылдар аралығында облысқа алыс-жақын шетелдерден «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 36 мыңға жуық мүйізді ірі қара малын, 1,2 миллион қой сатып алу жоспарланған. Өткен жылы «ҚазАгро» ҰБХ несиелік қаржы институттары арқылы 8 208 ірі қара МІҚ сатып алуға 34 шаруашылықтан өтінім түскен, осы өтінімдер 7 818 басқа мақұлданып, нақты 1 703-і әкелінді. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында 77 тауар өндірушіге 948,6 миллион теңге несие беріліп, 32,2 мың қой сатып алынды.
«Сыбаға» бағдарламасы биыл да жалғастырылады, қажетті қаржы қорлары жеткілікті. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 4 мың мүйізді ірі қара МІҚ және 40 мың қой сатып алу көзделіп отыр. Бағдарламаның басты жеңілдігі 14 пайыз жылдық үстемемен берілетін несиенің 10 пайыздық үстемелері субсидиялау бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан өтеледі. Сонда тауарөндіруші 4 пайызға жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болады.

10. Ауданымызда қант қызылшасын өңдеумен айналысатын зауыттың құрылысы басталатынын құлағымыз шалып қалды. Бұл кәсіпорын бірнеше мың гектар жерге тәтті түбір екпекші екен. Жергілікті тұрғындар бұрынғыдай қызылша өнімдерін көршілес Меркі ауданына тасымалдап текке әуреге түспейтін болдық деп қуанған еді. Ал жоғарыда аталған кәсіпорын шикізатпен өзін-өзі қамтамасыз ететін болса, тұрғындар еккен балтамырдың жайы қалай болмақ?

Азамат БАЯЛБЕКОВ
(Шу ауданы).

Шу ауданында «Қызылша» ЖШС қуаттылығы жылына 950 мың тонна тәтті түбір өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Бүгінгі күні ауданнан бұл мақсатқа 2 мың гектарға жуық жер телімдері берілді. 2019 жылы 300 гектар алқапқа қант қызылшасы дақылының отырғызылуы ойластырылуда.
Аталған зауыт қажетті өнімінің 60 пайызға жуығын өздері өндіруді, ал қалған жетіспейтін 40 пайызға дейінгі өнімді аудан агроқұрлымдарынан сатып алуды жоспарлап отыр. Яғни осынау 380 мың тонна қант қызылшасы өнімдерін өндіру ауданның агроқұрылымдары үшін аз жұмыс емес.
«Қызылша» ЖШС бүгінгі күні жоғарыда аталған қант зауытының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, құрылыс жұмыстарын биыл бастауды жоспарлауда.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support